Кітап – жастықтың ең жақсы жетекшісі
Кеше Астана қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейде 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне арналған жып-жылы жүздесудің куәсі болдық. Оқу ордасының кітапханасының меңгерушісі, қазақ әдебиетінің нағыз жанашыры Салтанат Айтбаева өткізген кездесуге журналист, жазушы, Президент сыйлығының лауреаты Төлен Тілеубай, мектеп оқу ісі жөніндегі орынбасарлары Мұхтар Икранбек пен Дамиля Макимова, кітапханашылар және 7 «ғ» сыныбының оқушылары қатысты. Қаламгер оқырмандарға өз шығармашылық зертханасы туралы аз-кем ақпаратпен бөлісіп, балаларға арналған «Түлкілітаудың аспаны» атты кітабын таныстырды.

Сондай-ақ, автор кітапты жазу барысындағы қызық оқиғалар, көркем шығарманы жазуға себепші болған жандар, өзінің балалық шақтағы арманына қалай қол жеткізгені туралы әсерлі тілмен әңгімелеп берді. Балалық шақта оқитын кітапты таңдай білудің маңызы, қалай оқу керек деген нәрселерге нақты мысалдар келтіріп, оқушылардың кітап оқуға деген ынта-ықыластарын арттырды. Бала кезінен кітапты сүйіп оқығанының арқасында өмірде қандай жетістіктерег жеткенін, балалардың тілімен түсіндіріп берді.

Әуелде келген қонаққа сұрақ қоюға батылы бармай отырған балалар, араларынан бір бала сұрақ қойған соң, сұхбаттасқан адаммен ашылып сөйлесіп, ой-пайымдарын бүкпесіз жеткізді. Сұрақ қоюшылар кездесу біткенше қолдарын көтеріп, көкейдегі сауалдарын қойып, жауап алуға ұмтылды. Кішкентай оқырмандар қаламгерге: «Бала кезіңізде ең ұзақ оқыған кітабыңыз қандай?», «Өмірде қандай әлемге әйгілі адамдармен кездесіп, әңгімелестіңіз?», «Балалық шақта кітапқа деген қызығушылығыңыз неден оянды?», «Бала күнгі арманыңызға қол жеткізгенде қандай сезімде болдыңыз?» деген сұрақтарын жасқанбай қойып, ой-өрістерінің кеңдігін көрсетті.


Әңгіме арасында сөз алған Дамиля Садыққызы балаларды әдеби шығармаларды оқуға құлшындырып, күн сайын сабақ басталғанша 1 сағат бұрын келіп, кітапханада кітап оқиық деген ұсыныс айтып еді, көп балалар қоштай кетті. Жүздесудің соңында Салтанат Аукенқызы қонаққа Бауыржан Момышұлының өмірінен жазылған кітапты сыйға тартты. Ал Төлен Тілеубай ең ұтқыр сұрақ қойған балаға өз кітабын тарту етті.

Бұл жиыннан тамаша әсер алып шыққан балалар кітап балалық шақ пен жастық шақтың ең керемет жетекшісі екеніне көз жеткізіп, қаламгермен естелікке суретке түсіп, шаттанып тарқасты.

Асантемір Қаршығаұлы



