Оқушыларға «Қауіпсіз жол» іс-шарасы өтті
Елорданың №95 мектеп-лицейінде оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қауіпсіз жол – болашақ кепілі» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» ұйымдастырған кездесу барысында оқушыларға жол қозғалысы ережелері, қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдылары және құқықтық жауапкершілік мәселелері түсіндірілді. Мамандар жол-көлік оқиғаларының алдын алу жолдарын айтып, заң талаптарын сақтаудың маңызын атап өтті.

Бағдарлама аясында «Жас сақшылар» тобы өнер көрсетіп, 4-сынып оқушылары «Қауіпсіз жол» тақырыбындағы танымдық байқауға қатысты. Қатысушылар жол белгілерін тану, түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдау және білімдерін тәжірибеде қолдану бойынша бақ сынады.
Іс-шараға Есіл ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Гүлден Ахметжанова мен ювеналды полиция инспекторы Әсем Аринова қатысып, оқушылармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шара соңында белсенді оқушылар мен байқау жеңімпаздары марапатталды.



