Шығыс Қазақстандық театр өнері – Астанада
Астана қаласына гастрольдік сапармен келген ШҚО драма және оперетта театры алғаш рет елорда төріндегі ұлттық театрда өнер көрсетті. Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры сахнасында талантты актерлер құрамы көрермен назарына жарқын музыкалық «Mamma Mia!» спектаклін ұсынды.

Театрдың оперетта труппасы небәрі екі жыл бұрын құрылғанына қарамастан аз уақыт ішінде жергілікті көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, өңірдің мәдени өмірінде өзіндік орны бар ұжымға айналған екен. Енді шығармашылық ұжым өз өнерін елорда көрерменіне алғаш рет ұсынды. Қойылымға театрдың жетекші солистері, хор, балет және симфониялық оркестр қатысып, сахнада кең ауқымды әрі әсерлі музыкалық көрініс көрсетті. Олар сахналаған «Mamma Mia!» спектаклінің негізін әлемге әйгілі ABBA тобының хит әндері құрайды. Жанды музыка, шынайы эмоция және ерекше сахналық шешімдер көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Mamma Mia!» — махаббат пен өмір қуанышын дәріптейтін, көрерменді жарқын сезімге бөлейтін әсерлі қойылым. Аталған мюзиклдің авторлары — Берн Ульвеус пен Бенни Андерссон. Либретто авторлары: Ержан Темирбеков пен Анна Гладилина.

Театрдың елордадағы алғашқы қойылымына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және басқа да өнер мен билік өкілдері қатысты. Бұл гастрольдің ерекшелігі — Астана көрерменінің алғаш рет театрдың толық құрамымен, яғни жетекші солистер, хор, балет және симфониялық оркестрімен таныс болуы. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған музыкалық қойылым барысында труппа актерлерінің бәрі жанды дауыста ән салып, би билеп, бірнеше өнердің синтезін жасады. Оларды спектакльдің басынан аяғына дейін симфониялық оркестр сүйемелдеп отырды. Шынайы таза өнердің озық үлгісін көрсеткен театр өнерпаздары елордалық көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, олардың құрметіне жиналған халық ұзақ қол соқты.

Райхан Рахметова



