Астана театрлары «Таза Қазақстан» акциясына белсенді атсалысты
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Астана қаласының Мәдениет басқармасына қарасты театр ұжымдары «Таза қала» акциясына қатысып, тазалық жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сенбілік барысында театр қызметкерлері өз мекемелерінің аумақтарында тазалық жұмыстарын жүргізіп, ғимарат маңы мен оған іргелес аумақтарды ретке келтірді. Аумақтар қоқыстан тазартылып, абаттандыру шаралары жүзеге асырылды.

«Мұндай сенбіліктер ұжымдық жауапкершілікті күшейтіп, ортақ іске деген көзқарасты қалыптастырады. Тазалық – тек қоршаған ортаны күтіп ұстау емес, ол – ой мен іс мәдениетінің көрінісі. Осындай қарапайым әрекеттер арқылы қоғамда дұрыс құндылықтар орнығады», – деді Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актрисасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Жакилина.

Елорда театрларының аталған бағыттағы жұмысы тазалық мәдениетін нығайтуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған. Қоғамдық тәртіпті сақтау мен ортақ мүлікке ұқыпты қарау мәдениетті қоғамның негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады.

Айта кетейік, елордада экологиялық акциялар аясында қала тұрғындарының, мәдениет қайраткерлерінің, қоғам белсенділерінің, кәсіпорын қызметкерлерінің, МИБ/ПИК өкілдерінің, шағын және орта бизнес субъектілерінің, еріктілер мен студенттердің белсенді қатысуымен ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge #ТазаАула @TazaQazaqstan



