Мәслихат

Есірткінің жолын қалай кесеміз?

Астана қаласы мәслихатының заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында нашақорлықтың алдын алу бағытында қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мәселесі қаралды. Осы отырыстың алдында мәслихат депутаттары тиісті нысандарға барып, бұл мәселе бойынша көшпелі кеңес өткізді. Қорытынды жиында Астана қаласы Полиция департаменті есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мақсат Әбікеннің баяндамасын тыңдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидаты үстемдік құруы тиіс екендігін, бұл бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең басты талап екенін, сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстан құрылатынын бірнеше рет айтты. Мұны атап өткен баяндамашы қалалық Полиция департаменті күнделікті қызметінде осыны негізгі бағдар етіп алғанын жеткізді.

Оның айтуынша, қазір есірткі сату көрсеткішінің 90 пайызы сатушы мен тұтынушы көзбе көз кездеспейтін жолмен іске асып жатыр. Сондықтан тәртіп сақшылары есірткімен күрестің жаңа әдістерін қолдануға көшті. Бұл есірткіні онлайн сату жолдарын анықтау мен оны тоқтатуға негізделген. Соның нәтижесінде 2029 есірткі сататын сайт пен күдік тудыратын операцияларды жасаған 2783 карта бұғатталды. Мұнымен қатар, есірткі бизнесімен айналысқан 3 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды, 1 есірткі зертханасының жұмысы тоқтатылды. Жалпы есірткімен байланысты 1106 құқықбұзушылық, соның ішінде оны сатудың 412 жағдайы анықталды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, биыл есірткі заттары көптеу тәркіленді. Есірткі насихаты мен жарнамасымен байланысты 15 қылмыстық іс қозғалды. Есірткіні жарнамалаған 2500-ден астам графикалық жазу жойылды.

«2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап адамдардың денсаулығына қауіп тудыратын, мақсатсыз пайдалану кезінде әсері күшті медициналық препараттардың заңсыз айналымы мен сатылымы үшін тиісті заңмен қылмыстық жауапкершілік қарастырылған» деген Мақсат Әбікен жыл басынан бері көңіл көтеру орындарында жүргізілген рейдтердің нәтижесінде «күлдіретін газды» қолдану бойынша 20 қылмыстық іс қозғалғанын, 70 баллон тәркіленгенін жеткізді.

Баяндамашының мәлімдеуінше, «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасы шеңберінде 2026-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Осы бағдарлама аясында есірткіге қарсы 679 іс-шара өткізілді. Соның ішінде дәрістер, семинарлар, спорттық іс-шаралар, дөңгелек үстел отырыстары, түрлі акциялар, кездесулер, жарыс­тар, т.б. бар. Сонымен қатар Мақсат Әбікен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу бағытында қолға алынған жұмыстарға тоқталды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айнұр Төлеуова, Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев, Әділет министрлігіне қарасты Сот сараптамалары орталығы директорының орынбасары Ербол Рахметоллаұлы баяндама жасады.

Қалалық мәслихат депутаттары сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

«Бүгінде жасөспірімдер арасында нашақорлық мәселесі қоғам үшін аса өзекті болып отыр. Қала әкімдігі, тиісті басқармалардың, қалалық мәслихат депутаттарының тарапынан түрлі іс-шаралар атқарылып жатыр. Осы мәселеге қаржы бөлуге келгенде ешкім ешкімнің қолын қақпады» деген қалалық мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден бұл мәселемен күресті күшейту қажеттігін айтып өтті. Тиісті ақпарат толық және ашық болу керектігіне назар аударды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button