Қазақ халқының мақтанышы

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы оқу залында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен көрнекті композитор, дирижёр, музыка зерттеушісі, Қазақстанның халық әртісі, академик Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына арналған «Ахмет Жұбанов – қазақ халқының мақтанышы» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.
Іс-шараға мәдениет және өнер қайраткерлері, күй зерттеушілері, кітапхана қызметкерлері мен студенттер қатысты. Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының басшысы Бауыржан Бабажанұлы мен Ахмет Жұбановтың шөбересі, пианист әрі ұстаз Карина Измаилова арнайы қонақ болды. Офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылған кешті Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Жоламан Тұрсынбаев жүргізді. Еліміздің өзге өңірлеріндегі өнерсүйер қауым Zoom платформасы арқылы қосылып, белсенді қатысты.
Кеш барысында Ахмет Жұбановтың өнегелі өмір жолы мен өнердегі мұрасы жан-жақты таныстырылып, оның шығармашылық еңбектері арнайы экран арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Ұлттық музыка өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның еңбектері кеңінен насихатталды.
– Қазақ музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі Ахмет Жұбановтың жетекшілігімен жүргізілген ғылыми экспедициялар барысында мыңдаған халық әндері мен күйлері жиналып, зерттелді. Осы арқылы ол қазақтың дәстүрлі музыкасын сақтап қана қоймай, оны ғылыми жүйеге түсіріп, келер ұрпаққа аманат етті. Оның бастамасымен құрылған Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрі ұлттық музыка өнерін жаңа деңгейге көтерді, – деді кітапхана директоры Күміс Сейітова.
Кітапхана қорында Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары», «Музыка әліппесі», «Құрманғазы» атты еңбектері, күйтабақтары сақталғаны айтылды. Ерекше құнды мұралардың бірі – кітапханадағы Хамит Ерғалиев қорында сақталған Ахмет Жұбановтың 1960 жылы жарық көрген «Құрманғазы» кітабының автор қолтаңбасы қойылған нұсқасы. Қазақстандық ұлттық электронды кітапхана қорында Ахмет Жұбановтың өмірі мен шығармашылығына арналған мақалалар, ғылыми конференция материалдары, әндер, романстар, хорлар мен ноталардың электронды нұсқалары жинақталған. Олар – ұлттық музыка мұрасын терең зерттеуге мүмкіндік беретін құнды дереккөз.



