Басты ақпаратРуханият

«Ақшамның» ажар-көркі

Адам баласының жаратылысы әртүрлі болады ғой. Абай айтпақшы, бірі «ішсем, жесем» деп туса, енді бірі «көрсем, білсем» деп өмір кешеді. Сөйтіп жүріп тағдырдың тарам-тарам жолына түскен жандар әртүрлі мамандық иесі атанып, қоғамда өзіндік орнын табады. Солардың ішінде шыр айналған оттың ішінен шырпыдай арманын аман алып шығатын санаулы адамдар болады. Олар өз кәсібіне адалдықпен, жанкештілікпен қызмет етеді.

Қазақ журналисти­касын зәулім бір қара шаңырақ деп алсақ, елорданың «Астана ақшамы» газеті – үлкен үйден еншісін алып, бөлек отау құрып, жан-жағын ақ жайлауға айналдырған құтты мекен. Бас қаламыздың жасампаз өмір тынысын оқырмандарына сүйіншілеп отырған ұжымға өткен жылы 35 жыл толды. Алғашында «Ақмола ақиқаты» деп ашылған басылым бүгінде «Elorda Aqparat» атты іргелі ұйымға ұйысып отыр. «Ақшамда» әр жылдары еліміздің белгілі тұлғалары, мықты журналистер қызмет етті. Солардың ішінде атына да, затына да кір келтірмей, жасынан алған қаламына адал болып, ақ қағазды жайнамаз, қара сөзді Қағба қылып, бойын да, ойын да осы салаға қарай түзеп келе жатқан әріптес әпкеміз, «Астана ақшамы» газетінің ажарын ашып отырған Айгүл апайымыз мерейлі 60 жасқа толды.

Ол кісі – елордалық журналистиканың дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан тәжірибелі қаламгерлердің бірі. Оның шығармашылық жолында ерекше орын алатын ұжым да «Астана ақшамы» газеті. Бұл орта оның кәсіби тынысын тарылтпай, керісінше, шығармашылығын шыңдап, жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашты. Мерейтой иесі бұл басылымда 15 жылдан астам уақыт табысты еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында газет бетінде өзекті әлеуметтік мәселелерді көтеріп қана қоймай, оқырман көкейіндегі талай түйткілдің шешілуіне ықпал етті.

Қаламгер апайымыздың ұжымдағы орны айрықша екенін оның әріптестері де үнемі жоғары бағалап келеді. Бірге қызмет атқарған қалам­дастар оның кәсіби шеберлігімен қатар, адами болмысына, ұжымдағы сыйластығы мен жанашырлығына ерекше құрметпен қарайды. Соның бір айғағы ретінде белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырханның кезінде айтқан сөзі көпшілік арасында кеңінен тарап, афоризмге айналып кеткен. Ол: «Мен «Астана ақшамы» газетінің ақыл-көркімін, ал Айгүл – осы басылымның ажар-көркі» деп бағалаған. Бұл сөздің астарында тек әзіл немесе теңеу ғана емес, Айгүл Мұхамедияр­қызының ұжымдағы ерекше орнына берілген шынайы баға жатыр. Мақаламыздың тақырыбын дәл осылай атауымыздың өзіндік мәні бар. Бұл – қарымды қалам иесіне деген әріптестерінің ықыласы мен құрметінің көрінісі, оның «Астана ақшамы» ұжымындағы шынайы бейнесін айқындайтын символдық сипаттама. Бұдан бөлек, журналисттің қаламынан туған еңбектер де бір төбе. Оның «Дәнекер», «Айқожа ишан: әулеттің асыл мұрасы», «Ойтұмар», «Ізгілік жолы» сынды кітаптары – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тарихи-рухани мұраны жаң­ғыртуға бағытталған маңызды туындылар. Бұл еңбектерінде автор қоғам мен адам, руха­ният пен дәстүр сабақтастығын тереңнен қозғайды. Ол кісінің еңбегі мен терінің өтеуі де тегін болған жоқ. Ел ішінде кәсіби жетістіктері жоғары бағаланған. Сөзімізге ол кісінің этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» шығармашылық байқауының лауреаты атанып, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне ие болғаны дәлел. Сонымен қатар Қазақстан халқы ассамблеясының 20 және 25 жылдық мерекелік медальдарымен, бұдан бөлек, Астана қаласы әкімінің, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының және Қазақстан халқы ассамблеясының алғыс хаттарына ие болған. Журналисттің еңбегі медицина тақырыбындағы жарияланымдары арқылы да ерекше танылды. Ол «Altyn shipager» медицина сыйлығы аясында «БАҚ-та үздік жариялау» номинациясының жүлдегері атанды. Бұл марапат – оның денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде көтеріп, халыққа пайдалы ақпарат ұсынудағы еңбегінің жемісі.

Айгүл Уайс бұған дейін де түрлі ақпарат құралдарында жемісті қызмет атқарған. Атап айтқанда, Қазақстан халқы ассамблеясы жүйесіндегі «Дос­тық-Дружба» журналының редакторы, «Жалын» рес­публикалық журналының, сондай-ақ «Сақшы» мен «Өмір» басылымдарының белсенді авторы болды. Бұл кезеңдерде ол елдік мүдде, ұлттық бірлік, рухани құндылықтар тақырыптарын тұрақты түрде көтеріп, оқырманға ой салатын мақалалар жариялады. Сонымен қатар ол «Хабар» агенттігінің дубляж бөлімінде қазақ тілі бойынша аудармашы қызметін атқарып, тіл мәдениеті мен сапалы аударма ісіне өз үлесін қосты. Түркиядағы «Ахыска» газетінің қазақ тіліндегі нұсқасының редакторы ретінде де халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтады. Бір сөзбен айтқанда, КазГУ-де білім алып, дүние төңкерілген 90-жылдары қаламын ұштаған, ескінің жақсысын іліп алып, жаңа қоғамға олжасын салып, жақсылардың сарқытын ішкен Айгүл Уайс – классикалық журналистиканың өкілі.

Әрине, 60 жасқа әркім келеді. Бірақ ол кісінің бұл белеске жетуі – жай ғана жас межесі емес, адал еңбектің, журналистикаға деген шексіз махаббаттың көрінісі. Өйткені жазған әр мақаласы әлеуметтің ахуалын айтып, руханият­тың жоқшысы бола білді. Ұлтымыздың дәстүрлі рухани әлемін, дін мен тарихтың өзара сабақтастығын жан-жақты талдау – Айгүл Уайстың өзіне ғана тән басты ерекшелік. Ол «Құтты білік» сынды көне мұраларға сүйене отырып, діни ағартушылардың қазақ қоғамындағы орны мен мәртебесін ашты. Дәстүрлі ислам мен қазақ дүниетанымының тұтастығын көрсетуге еңбек сіңірді. Осы жолда ізденді, еңбектенді. Сондықтан да шығар оның еңбектерінде дін сырттан енген құбылыс емес, қазақтың болмысымен біте қайнасқан рухани жүйе ретінде сипатталады.

Жалпы мерейтой иесінің барлық еңбегін біріктіретін ортақ өзек – ұлттық һәм рухани жадты жаңғырту. Кеңес кезеңінде үзіліп қалған діни-­танымдық сабақтастықты қайта жалғау, халық санасында сақталған құндылықтарды ғылыми публицистика тұрғысынан жүйелеу – оның шығармашылығының басты миссиясы. Жаһандану ғасырында, ұлттық құндылықтар кері шегінген кезде, қазығына қайта байлап, қазақ баласының аш өзегіне нәр беретін мақалалары бір төбе. Қазақы болмысымыз, отбасы құндылығы мәселелері Айгүл апайымызды ешқашан бей-жай қалдырған емес. Қай жерде адам тағдыры мен оның айтары болса өзі барып көріп, сөйлесу – журналистік міндеті. Сол тілшілік қызметпен түрме аралап, хоспистегі соңғы демін күтіп отырғандардан да ізгілік сәулесін іздеді. Бұдан бөлек, мерейтой иесінің: «Жалпы әр журналисттің өз жолы болады. Мен әу бастан телеарна мен радионы таңдаған жоқпын. Менің жүрегім жазуға жақын болды. Жазу – өмірімнің өрімі. Осы арқылы танымдық дүниелер жаздым, зерттедім, іздендім. Газеттің күнделікті хат-хабарын жаза жүріп, өз зерттеулерімді тоқтатпадым. Көңілімде жүрген дүниелерді қағазға түсіріп, белгілі бір деңгейде өз биігіме жеттім деп ойлаймын» дейді.

Ізденісінің бір шоқтығы – Шортанбай ақынның мұрасы. Зар заман ақынының мұрасын жинақтап жүрген жазушы Кәмел Жүністегімен байланыс орната жүріп, ізденісті жал­ғастырды. Расында, ол журналист болып жүріп талай істі үнсіз атқарды. Шортанбайдың тұлғалық болмысын тереңірек тануға, оның өміріндегі кө­мескі тұстарды ашуға саналы түрде ұмтылды. Ақынның тек шығармашылығын емес, оның шын есімі, тарихи тұлғасы туралы нақты деректерді өз заманымен байланыстыра анықтауға ерекше мән берді. Осы жолда ол – түрлі ғалымдармен сұхбаттасып, ел ішіндегі көнекөз қариялардың әңгімесін тыңдап, дерек көздерін са­лыстырып, бір жүйеге келтіру­ге тырысқан тұлға. Осы ізденіс­терінің бір нәтижесі ретінде қоғам қайраткері Қабылсаят Әбішевпен болған «Шортанбайдың шын аты кім?» атты сұхбатын айта аламыз. Сұхбат барысында бұрын көпшілікке беймәлім болып келген тың деректердің беті ашылып, ең бастысы, қымбат мұрадағы мәтін ішінде жазылған: «Мұны жазушы Ғали қожа… Шын атым Молла Ғали Мұхаммед» деген жолдар арқылы ақынның шын аты анықталды. Міне, дәл осы тұс зерттеудің жаңа бағытын ашып береді.

«Руханиятқа қызмет ету – кез келген қалам иесіне бұйыра бермейтін бақ. Өзімді осы жолға алып келген тағдырыма әрдайым шүкір етемін. Өйткені бұл – мен үшін мамандық қана емес, ұлтқа қызмет етудің бір жолы. Кезінде студент атанбай тұрып, «Қазақстан пионері» газетіне шыққан әңгімем газеттің жас авторларының жинағына еніпті. Оқуға түскелі келгенімде жас талапкерлер сол жинақтың авторын түгендеп, «Айгүл Уайс деген кім?» деп іздей бастағанын естігенде, таңдаған жолым менікі екеніне көзім жете түсті. Біздің толқынның өмір жолы тақтайдай тегіс бола қойған жоқ. 90-жылдардың өтпелі кезеңі ел үшін де ауыр уақыт еді. Желтоқсан оқиғасы, Кеңес Одағының ыдырауы – бәрі біздің көз алдымызда өтті. Бір жағынан бұрынғы жүйе күйреп жатты, келешекке көзіміз жетпеді, болашаққа деген сенім бұлыңғыр-тын. Біз бір бағыт-бағдарсыз қалған құс сияқты күй кештік. Соған қарамастан, мен қаламымды тастамадым. Ақыры өз жолымды таптым».

Әрқашан қоғамның ақтаң­дақтарын толтыруға асығатын Айгүл апайымыз «Kozhalar.kz – тарих, таным, тағылым» атты сайт ашты.

«Бұл – менің жүрегіме жақын тақырып. Өйткені біз жетпіс жыл бойы өз тарихымыз­дан ажырап қалдық. Қожалар институты туралы да көп нәрсе көмескі күйде қалған еді. Сол олқылықтың орнын толтырғым келді. Ғалымдардың еңбектерін жинақтадым, ел аузындағы әңгімелерді хатқа түсірдім. Мен үшін бұл – бір рудың емес, тұтас қазақ халқының руханиятын түгендеу» дейді кейіпкеріміз.

Шынында, журналист ретінде өзі бастап ашқан «Kozhalar.kz – тарих, таным, тағылым» бағытын ұстанған сайт Айгүл апайдың шығармашылық ізденісінің бір биік белесі деуге болады. Бұл – бір рудың немесе жекелеген әулеттің шежіресі ғана емес, тұтас қазақ халқының руханиятын түгендеуге бағытталған еңбек. Жетпіс жыл бодандықтың салдарынан өз тарихи тамырымыздан ажырап қалғанымыз белгілі. Осындай кезеңде рухани мұраны қайта жаңғырту – аса маңызды міндет. Апай – осы жауапкершілікті терең сезініп, бұл іске бар ынтасымен кіріскен журналист. Бұл туралы оның өзі де:

«Орта ғасыр жәдігерлерін айтпағанның өзінде, қожалар институтын зерттеу жұмыс­тары XVIII ғасырдан бастап, әсіресе орыс отарлауы кезінде жүйелі түрде қолға алынған. Орыс ғалымы Бартольдтан бастап, бүгінгі Сергей Абашин, америкалық исламтанушы Девин Ди Уис, өзбек ғалымы Бахтияр Бабаджанов, өзіміздің шығыстанушы ғалым Әшірбек Момынов, тарихшылар Жамбыл Артықбаев сынды зерттеушілер осы тақырыпты жан-жақты қарастырған. Сондықтан бұл еңбектерді рушылдықтың шеңберінде емес, сәл биіктен қарап бағалауымыз керек» дейді. Автордың өзі атап өткендей, оның көтеріп отырған мәселесі – белгілі бір топтың емес, жалпыұлттық рухани мұраның тағдыры.

– Жалпы мен журналистикада жүріп көптеген жақсы адамдармен кездестім. Ұлтжанды азаматтармен бірге қызмет істедім. Солардан көп нәрсе үйрендім. Солардың бірі – Мұхтар Шаханов ағамыз. Бір кезде «Жалын» журналында бірге жұмыс істедік. Ал менің ең көп еңбек еткен, өзімді толық ашқан кезеңім – Қазақстан халқы ассамблеясы аясындағы «Достық-Дружба» журналында қызмет еткен жылдарым. Сол жерде жүріп тек журналист болып қана қойған жоқпын, түрлі ұлт өкілдерінің арасын жақындастыратын дәнекер болдым деп айта аламын. Өйткені мен сонда әртүрлі ұлт өкілдерімен араластым, олардың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін зерттедім. Бір сөзбен айтқанда, халық пен халықтың арасындағы рухани байланысты сезіндім. Кейін сол еңбектерімді жинақтап, «Дәнекер» деген кітап шығардым. Бұл атау да бекер қойыл­ған жоқ – өзімді әрдайым адамдардың арасын жалғай­тын көпір ретінде сезіндім, – дейді кейіпкеріміз.

Жалпы айтқанда, осы салада жүріп қара шашын ағартқан Айгүл Уайстың бұл еңбектері – жай ғана журналистік ізденістің жемісі емес, қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтуға бағытталған шынайы қызметтің көрінісі. Оның жұмысы тек журналистік қызмет аясында ғана емес, ұлт руханиятына қосылған сүбелі үлес ретінде бағалануға лайық.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button