Татулықты ту еткен елміз
– Түп тарихымыздың түбін түркіге барып тірелетін дәуірлерден тартпай-ақ, өз алдымызға ел болып, Қазақ хандығы құрылған 1465 жылдардан кейінгі өмірімізден іздесек те кезінде біздің кім болғанымызды тану қиын емес.
Әр күнін аттың жалы, түйенің қомында өткізген қазақтың ғұмыры жаугершілікпен, дархан даламызға көз тіккен жауын іргеден аулақ қуумен өткен ата-бабамыз азаттық үшін басын қатерге тіккен алмағайып замандарда ұлт тағдыры жолайрыққа тірелген сындарлы сәттер аз болмаған. Бірақ халқымыз одан жасымады. Сөнбеген үміт, мұқалмаған жігер, жоғалмаған сенім ата-бабаларымызды үнемі алға жетелеп, ұрпақтары бүгінгі бейбіт өмірмен қауышты. Соның бір дәлелі – бүгінгі Республика күні деп айтуымызға әбден болады. Шын мәнінде Республика күні ол – біздің ұлттық намысымыздың ұясы.
Алайда бұл мерекенің де атап өтіліп жатқанына көп болған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда 25 қазанды еліміздің басты мерекесі ретінде атап өту жөнінде бастама көтеріп, тиісті заңға қол қойған болатын. Міне, содан бері бұл мереке біздің елімізде қайта жанданды. Өйткені бұған дейін 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні елімізде ұлттық мереке ретінде тойланып келген еді. Сол жиында Мемлекет басшысы: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның 25-ін жыл сайын еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын» деп, Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтарудың мән-маңызын ашып көрсетті. Осылайша Президенттің бастамасымен Республика күні ұлттық мерекесі бірнеше жылдан кейін елімізде алғаш рет қайта аталып өтті. Міне, енді тағы да аталып өтіп жатыр. Бұл шын мәнінде тарихи санамыздың жаңғыруы, ұлттық мерекемізді ұлықтаудың ең озық үлгісі деп тануымыз керек. Тіпті мұны еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы деп түсінсек те артық болмайды.
Марат МҰСТАФИН, Астана қалалық
Қоғамдық кеңесінің мүшесі,
Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы