Мәдениет

Көшпенділер ойындарының қызықтары

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Астанада 5 этно­ауыл ашылған болатын. «Қазанат» ипподромы, «Қазақ елі» монументі, «Ататүрік» паркі, «Бәйтерек» монументі және Орталық саябақ аумақ­тарында орналасқан осы этноауылдарға  100 мыңнан астам елорда тұрғыны мен қонағы кірген

Қазақстан қоржынында қанша жүлде бар?

Алты күнгі аламанда Ұлттық құрама спортшылары 43 алтын, 32 күміс, 37 қола (жалпы 112 медаль) жүлде алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Ойындарда жалпы саны 33 елдің спортшысы медаль иеленді. Жүлде алған мемлекеттер қатарында мұхиттың арғы бетінен келген Канада мен Мексика өкілдері де бар.

Қазақ күресіне қанша спортшы қатысты?

Жалпы 90-ға жуық елден 2500-ге жуық спортшы қатысты. Оның ішінде қазақ күресінен өткен жарыста әлемнің 44 елінен 294 палуан бақ сынады. Бұл – қазақ күресінің дүние жүзі бойынша қарқынды дамып келе жатқанының айқын көрінісі.

Жанкүйері ерекше көп болған спорт түрі

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ең көп көрермен көкпар мен көкбөрі жарыстарына келді. «Қазанат» ипподромында өткен екі сайыстың да финалдық бәсекесін 20 мың (әр финалға 10 000 көрермен келді) жанкүйер тамашалады.

Ең көп спортшы алып келген елдер

Қазақстан құрамасының спортшыларын есепке алмағанда, биылғы ойындарға ең көп спортшыны Қырғыз­стан құрамасы қосты – 172 спортшы.

Ең жас және егде жастағы спортшы кім?

Ойындарға қатысқан ең жас спортшы – Хамза Амангелді. Аламан бәйгеде бақ сынаған Хамза небәрі 10 жаста. Ең егде спортшы – 80 жастағы испаниялық Соледад Хименес Каррион. Ол дәстүрлі садақ ату сайысында өнер көрсетті.

Ойындарға қанша ерікті жұмылдырылды?

Спортшылар мен делегация өкілдеріне 1600 волонтер көмек көрсетті. Оның ішінде 20 шетелдік ерікті бар.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қанша ат қатыс­тырылды?

Көшпенділер ойындарында көп спорт түрі жылқылардың көмегімен ойналатын болған соң, биылғы додаға 499 ат қатысты. Оның ішінде 100 ат Ұлттық құраманың аты, Ойындарды ұйымдастыру дирекциясы атсыз келген өзге елдердің қатысушылары үшін 300 ат жалға алған. Сондай-ақ Қырғыз Республикасы – 91, Өзбекстан Республикасы 8 ат әкелді.

Қанша құс бар?

Сонымен қатар жарыстарға 41 құс қатысты. Оның ішінде 9-ы ұлттық құрамға, 8-і Қырғызстан Республикасына тиесілі. 24 құсты өзге елдер үшін Құсбегілік федерациясы ұсынды.

Кім немен келді?

Астанада өткен мәдени және спорттық іс-шараға 100 мыңнан аса саяхатшы, сыйлы қонақтар келді. Солардың бірі – биыл 66 жасқа келген Хорсен Шеров. Ол – Ташкент қаласының тұрғыны. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арнайы велосипедпен келді. Ол өзінің осы темір атымен әлемнің көп жерін аралаған. Әрі бұл – оның жетінші үлкен сапары.

Ал көшпенділер ойындарын көруге тағы бір саяхатшы Түркия мемлекетінің азаматы Идил мен Бурак атты ерлі-зайыптылар 2 жасар балаларын алып, 1982 жылғы автобуспен Қазақстанға келді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button