Қазақ-Неміс ынтымақтастығы нығая түсті
Шағын құрамда келіссөз жүргізді
Ақорда резиденциясында Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қазақстан Президенті мен Германия Федералдық канцлері бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц шағын құрамда келіссөз өткізді. Мемлекет басшысы шақыруын қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін Олаф Шольцке ризашылығын білдірді.
«Германия Үкіметінің басшысы соңғы 14 жылда елімізге алғаш рет сапармен келіп отыр. Сондықтан бұл қадамыңыздың тарихи мәні зор. Екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және тауар айналымының көлемін ұлғайтуға тың серпін береміз деп сенемін. Германия – біздің Еуропадағы, тіпті жаһандағы негізгі серіктесіміз. Бұл өте маңызды. Біз қарқынды дамып келе жатқан көпқырлы ықпалдастығымызға баса мән береміз. Өзара байланыстарымызды одан әрі тереңдетуге және нығайтуға барлық жағдайды жасаймыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Германия Канцлері Олаф Шольц қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, қазақ-герман қарым-қатынастарын өркендетудің маңызды екенін жеткізді.
«Еліңізге сапармен келуге шақырғаныңызға, екіжақты байланыстарды талқылауға және ынтымақтастығымызды ілгерілетуге мүмкіндік жасағаныңызға ризашылығымды білдіремін. Менімен бірге іскер топтардың белді өкілдері келді» деді Федералдық канцлер.
Әңгімелесу барысында екі елдің саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайту мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, энергетика, «жасыл» трансформация, өнеркәсіп, тау-кен өндірісі, көлік-логистика, климаттың өзгеруі, экология, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларындағы ықпалдастыққа айрықша мән берілді.
БейбітшілІк орнатуға мүмкіндік бар
Кездесуде Олаф Шольцтің өтінішімен Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайды реттеуге байланысты пікірін жеткізді.
«Әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық. Соғыс бұдан әрі өрши берсе, барша адамзатқа, ең алдымен, Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді. Өкінішке қарай, Ыстанбұл келісімін бекітуден бас тартып, татуласуға қол жеткізетін оңтайлы мүмкіндікті уыстан шығарып алды. Дегенмен бейбітшілік орнатуға әлі де мүмкіндік бар. Түрлі мемлекеттердің барлық бейбіт бастамаларын мұқият қарап, әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісімге келу керек. Содан кейін территориялық мәселелерді талқылаған жөн. Біздіңше, Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспары қолдауға тұрарлық. Мемлекеттер басшылары келеді, кетеді. Ал халық, әсіресе көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек. Қазақстанның Ресеймен дүние жүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын шегенделген шекарасы бар. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік пен одақтастық аясында дамып келеді. Қазақстандықтар украин халқы мен оның төл мәдениетіне шынайы құрметпен қарайды. Қазақстан мен Украина арасында ешқандай келіспеушілік болған емес. Киевте Елшілігіміз әлі де жұмыс істеп жатыр» деді Мемлекет басшысы.
Қазақстанның негізгі серіктесі – Германия
Мемлекет басшысы Германия Федералдық канцлері Олаф Шольцпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Президент Канцлердің елімізге жасаған алғашқы ресми сапарының мәні зор екенін атап өтіп, кездесу Қазақстан мен Германияның көпқырлы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
«Біз жаңа ғана шағын құрамда екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту мәселесін талқыладық. Сауда-экономика, инвестиция салаларындағы ықпалдастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, өзекті халықаралық мәселелер туралы сөз қозғадық. Атап айтқанда, қазіргі геосаяси ахуалға, жаһандық қауіпсіздікке және аймақтық дамуға, климаттың өзгеруіне қатысты пікір алмастық. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық мәселесін қарастырдық. Екіжақты қарым-қатынастар стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді. Бүгінгі келіссөздер оның аясын кеңейте түсуге ықпал ететініне сенімдімін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Германия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі және экономикамызға инвестиция салған жетекші елдердің санатына кіреді.
«Былтыр екіжақты тауар айналымы 1,5 еседей өсіп, 4 миллиард долларға жуықтады. Биыл да оң динамика байқалып отыр. Соңғы жеті айда өзара сауда-саттық көлемі 2,3 миллиард доллардан асты. 2005 жылдан бері Германиядан шамамен 6,7 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Бұл қаржының 90 пайызы шикізаттық емес секторға тиесілі екені қуантады. Бүгінде Қазақстанда неміс капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді» деді Президент.
Өз кезегінде Германияның Федералдық канцлері қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екіжақты байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
«Сіздің еліңізге тікелей инвестиция салу және сауда айналымының көлемін арттыру үшін экономикалық байланыстарымызды жақсартуға барлық жағдайды жасаймыз. Әрине, экономикалық ынтымақтастықты барлық салада дамытқымыз келеді. Энергетика саласындағы серіктестігіміз дәйекті түрде алға жылжып келе жатқанына дән ризамыз. Екі ел арасында сенімді әрі жүйелі ынтымақтастық орнаған. Бұл – бүкіл әлемге жақсы үлгі. Сондай-ақ біздің алдымызда тұрған халықаралық сын-қатерлер төңірегінде жан-жақты пікір алмасқанымызға қуаныштымыз» деді Олаф Шольц.
Тараптар өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға, әсіресе, энергетика, «жасыл» трансформация, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика, климатты қорғау, экология және ауыл шаруашылығы салаларындағы ықпалдастықты күшейтуге мүдделі екенін растады. Сондай-ақ қазақ-герман мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайту перспективасы қарастырылды. Келіссөздер қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Федералдық канцлер Олаф Шольц Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы ынтымақтастық туралы Бірлескен декларация қабылдады. Сонымен қатар ресми делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:
- Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен Дойче Бундесбанк арасындағы Орталық банктер ынтымақтастығының техникалық мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Сыртқы істер министрлігі арасындағы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті жанынан Қазақстан-Неміс ғылым және технологиялар институтын құру жөніндегі ниет туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі» қоғамдық қоры және Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Сыртқы істер министрлігі арасындағы қазақ-неміс мектебін құру ниеті туралы меморандум.