Құқық

«Соңғы қоңырау» қауіпсіз өтуі тиіс: Астана полициясы түлектердің ата-аналарына үндеу жасады

Астана қаласының Полиция департаменті «Соңғы қоңырау» мерекесі мен мектеп бітіру кештері қарсаңында түлектердің ата-аналары мен заңды өкілдеріне үндеу жасады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Тәртіп сақшылары оқу жылының аяқталуына, «Соңғы қоңырау» мен мектеп бітіру кештеріне арналған іс-шаралар кезінде балалардың қауіпсіздігін күшейтіп, оларды бақылауда ұстау қажеттігін еске салды.

Кей жағдайда түлектер мерекені ауқымды атап өту үшін ойын-сауық кештерін ұйымдастырып, жол қозғалысы ережелерін бұза отырып көлік кортеждерін жасайтыны айтылды.

Мұндай даңғаза форматта тойлау қоғамдық тәртіптің бұзылуына, жолда апатты жағдайлардың туындауына және өзге де құқық бұзушылықтарға алып келуі мүмкін.

Полиция департаменті кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне заңды өкілдері жауапты екенін еске салды.
Оқыс оқиғалар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ата-аналар мынаны ескергені жөн:
• балаларының қайда жүргенін білу;
• кәмелетке толмағандардың ересектердің қарауынсыз түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және үйден тыс жерде жүруіне жол бермеу;
• балалармен қауіпсіздік талаптары мен қоғамдық тәртіпті сақтау жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізу;
• алкоголь ішудің, жолдағы қауіпті әрекеттердің және қауіп-қатері жоғары ойын-сауықтарға қатысудың салдары туралы ерекше түсіндіру жүргізу.

Полицейлер тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, қала тұрғындарының тыныштығын құрметтеуге және ауыр жағдайға жеткізуі мүмкін жағдайларға жол бермеуге шақырды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button