Астанада Құрбан айт кезінде санитарлық талаптарды сақтау мәселесі ескертілді
Астанада Құрбан айт мерекесі қарсаңында санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Биыл Құрбан айт 27-29 мамыр аралығында өтеді. Мереке кезеңінде санитарлық нормаларды сақтау, жұқпалы аурулардың алдын алу және құрбан шалу рәсімін қауіпсіз өткізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, мал сою тек арнайы белгіленген және жабдықталған орындарда ғана рұқсат етіледі. Тұрғын үйлердің ауласында, көшеде, подъездерде және басқа да қоғамдық орындарда мал союға тыйым салынады.
Осы мақсатта елордада бес арнайы алаң белгіленген:
Байқоңыр ауданы: • «Шанхай» базары – Алаш тасжолы, 34/6; • «Баракат» базары – А 369 көшесі, 10; • «Жайлау» базары – Алаш тасжолы, Ц 313 көшесі; • «Шәушен» шаруа қожалығы – Алаш тасжолы, 136Б.
Алматы ауданы: • «Ет-Хан» ет цехы – Теміржолшылар елді мекені, Ақжар көшесі, 20.
Мал сойылған орындарда қалған қалдықтар белгіленген тәртіппен жойылуы қажет. Оларды тұрмыстық қалдық контейнерлеріне тастауға болмайды.
Тұрғындар санитарлық талаптарды сақтауы, қоғамдық тәртіпті бұзбауы және Құрбан айт кезінде қауіпсіздік ережелеріне жауапкершілікпен қарауы қажет.



