«АЛЖИР» жәдігерлері толықты

Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының зайыбы Гүлсім Жәмиқызының тұтынған заттары «АЛЖИР» музейіне тапсырылды. Бұл жәдігерлер осы күнге дейін Алматы қаласында тұратын қайраткердің ұрпақтары Гүлнар мен Қаршыға Нарманбетқыздарында сақталды.
Алаш арысының шөбересі Қайырбек Кемеңгердің айтуынша, Гүлсім Жәмиқызы 1942-1946 жылдары НКВД-ның Сібірдегі бір нүктесі – Свердлов облысындағы «Волчанстрой» еңбек лагерінде
4 жыл отырды. Соғыстың аяқталуына байланысты рақымшылыққа ілігіп, мерзімінен ерте босады. 1982 жылға дейін Алматыда қызы Зайра мен немере-жиендерінің қолында тұрды. Өмірінің соңғы жылдарында Омбы облысының Шарбақкөл ауданындағы Жанан ауылына, ұлы Нарманбеттің қолына келді. Немереден шөбере сүйіп, 1988 жылдың 4 маусымында 84 жасында дүниеден озды. Оның қырық күндік асы берілген күні «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қаламгер Кемеңгеров» атты Рәзия Рүстембекованың мақаласы жарық көрді. Бұл мақала Қошкенің шығармашылығын таныстырып, мұрасын зерттеуге жол ашты.
Бір айта кетерлігі, жуырда «АЛЖИР» музейінде Қошке Кемеңгерұлының туғанына 130 жыл толуына арналған «Алаш мұрасының зияткер ұлт қалыптастырудағы маңызы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Онда қайраткер тұлғасы мен қызметі, шығармашылығы жан-жақты сөз болды. Атап айтқанда, журналистігі, ауылшаруашылық саласындағы ғылыми-танымдық еңбегі, тарихты зерттеуі, Мағжан мен Қошке арасындағы үндестік, т.б. мәселелер әңгіме өзегіне айналды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



