Еуразия төріндегі дипломатия

Еуразияның жүрегіне баланған Астана соңғы үш күнде ауқымды саяси іс-шаралар ордасына айналды. Елордаға Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келді. Сонымен қатар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшылары қатысуымен Еуразия экономикалық форумы және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті.
ТАБЫСТЫҢ КЕПІЛІ – МӘҢГІ ДОСТЫҚ ПЕН ТАТУ КӨРШІЛІК
27-29 мамыр күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келді. Мемлекеттер басшылары келіссөздер барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қатынастардың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ оны нығайту перспективасын талқылады. Жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіліп, екіжақты құжаттарға қол қойылды. 28 мамырда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Еуразиялық экономикалық форум өтті.
Екі ел жылнамасындағы маңызды оқиға
Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысын өзі күтіп алды. Мәртебелі мейманның құрметіне Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшақтары Ресей туын бейнелейтін ақ, көк және қызыл түсті жолақтардан із тастап ұшты. Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Салтанатты рәсім аяқталған соң президенттер келіссөз жүргізді.

Қазақстан Президенті Ресей басшысына ілтипат білдіріп, елімізге мемлекеттік сапармен келгеніне қуанышты екенін айтты. «Бұл сапардың елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды дамыту тұрғысынан мәні зор. Сонымен қатар Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде де айрықша мәнге ие деп ойлаймын. Өйткені біздің елдеріміз алып Еуразия кеңістігінің өзегі саналады. Осы орайда екі мәселені ерекше атап өткім келеді. Біріншісі, елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме. Жеті – қасиетті сан. Құжат өте мазмұнды. Бұл жөнінде баспасөз конференциясында толығырақ айтамын. Оны өзім қарап, түзетулер енгіздім. Аталған мәлімдеме екі ел жылнамасына маңызды оқиға ретінде енеді деп сенемін. Екіншісі, Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына қатысты келісімге қол қою. Осы жобаға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. АЭС құрылысы туралы келісімнің стратегиялық мәні жөнінде айта беру артық. Бұл бәріне түсінікті. Біз – достас, бауырлас елдерміз. Ортақ бай тарихымыз бар, мәдени дәстүрлеріміз бен халықтарымыздың менталитеті бір-біріне ұқсас. Біз халықтарымыздың түпкілікті мүддесіне сай жұмыс істейміз. Азаматтарымыз мемлекеттеріміздің достығы мен ынтымағы сақталғанын қалайды. Одан әрі өркендеу үшін баршамызға бейбітшілік қажет» деді Мемлекет басшысы.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа сапармен келуге шақырғаны үшін алғыс айтты. «Былтыр бізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуандық. Сол кезде ғасырлар бойы, соның ішінде бір мемлекет аясында қалыптасқан халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді кеңейту бағытында тағы да алға қарай қадам жасадық» деді Владимир Путин.
Ешқандай шешілмеген мәселе жоқ
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздерді ресми делегация мүшелерінің
қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды. Мемлекет басшысы Ресей Президентінің Қазақстанға жасаған сапары жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық рухындағы қарым-қатынастардың ерекше сипатын көрсететінін атап өтті. «Қазақстан үшін ең әуелі Ресеймен жақын әрі достық байланыстар айрықша маңызды десек, артық болмайды. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты ынтымақтастық барлық салада сенімді түрде дамып келеді әрі оны мемлекетаралық байланыстардың нағыз үлгісі деп атауға болады. Елдеріміздің арасында ешқандай шешілмеген мәселе жоқ. Тек оң динамика байқалады. Осы қарқынды сақтап, жаңа жобалар мен бастамалар арқылы ынтымақтастықты дамыта береміз. Бұл орайда бүгін қабылданатын «Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдеменің маңызын ерекше атап өткім келеді. Аталған құжат қарым-қатынасымыздың сипатын танытады және оны ұзақмерзімді негізде тереңдетуге бейіл екенімізді көрсетеді» деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, екіжақты ықпалдастық, әсіресе, экономика саласында табысты өрбіп келеді. Өңіраралық ынтымақтастық форумдарын өткізу дәстүрге айналды. «Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған елдердің арасындағы ең ірі инвестор саналады. Қазақстанның Ресей экономикасына салған қаржысы 9 миллиард доллардан асты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, екі ел президенттерінің әкімшіліктері мен үкіметтерінің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Осы қарқынды ары қарай жалғастыруға уағдаластық. Бүгінде инвестицияның жалпы көлемі 53 миллиард доллар болатын 177 бірлескен жобаның пулы жасақталды, оның ішінде 122-сі іске асырылды, яғни, операциялық кезеңге өтті» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің пікірінше, мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық айрықша назар аударуға лайық. «Жуырда Астанада қала тұрғындары мен қонақтары ерекше ықыласпен қабылдаған Қазақстандағы Ресей күндері өтті. Маңызды оқиғалар қатарында былтыр елордада «Қазақстан мен Ресей мәңгі достығы аллеясы» және Мәскеуде Қазақстан мен Ресей достығы скверінің ашылуын айтуға болады. Астанада өтетін үшінші «Болашақ ойындары» гуманитарлық байланыстардың, ең алдымен, елдеріміздің жастары арасындағы ынтымақтастықтың беки түсуіне ықпал етеді. Қазақстандағы «Сириус» жобасын ерекше атап өткім келеді. Мұны қолдаймын, болашақ мамандарды даярлау үшін пайдасы зор деп санаймын» деді Мемлекет басшысы.
Владимир Путин тең құқылы және өзара құрметке негізделген Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді.
Бірлескен мәлімдеме жасады
Екіжақты келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапарын екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын дамытудағы маңызды оқиға ретінде қарастыратынын атап өтті. «Ең алдымен, кездесуіміздің қарсаңында жарияланған мазмұнды мақаласы үшін Ресей Президентіне алғыс айтамын. Бұл материалды халқымыз ықыласпен оқыды. Өйткені мақалада тату көршілік пен өзара құрметке негізделген ынтымақтастықты табысты ілгерілету үшін маңызы зор нақты деректер мен пайымдар көрініс тапқан. Бүкіл еуразиялық кеңістіктегі тұрақтылық пен өркендеуге ортақ жауапкершілік арқалау – Қазақстан-Ресей ықпалдастығының негізгі мәні деген пікірмен келіспеске болмайды. Қазақстан тарапына айтылған жылы лебіздер мен елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға берілген жоғары баға үшін шынайы ризашылығымды білдіремін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президентінің айтуынша, бүгінгі сапар екіжақты ынтымақтастық аясындағы сапалы өзгерістерді айқын көрсетті. «Мұны мынадай объективті көрсеткіштерден аңғарамыз: сауда-саттық көлемі 30 миллиард долларлық межеге жетеді деп болжанып отыр, ал экономикамызға құйған инвестиция бойынша Ресей басқа елдер арасында бірінші орынға шықты. Экономикалық ынтымақтастық аясындағы бастамалар тізіміне 177 перспективті жоба кірді, оның 122-сі операциялық циклге өтті, яғни, іске асырылды. Қазақстан Ресеймен мәңгі достықты және стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайды. Біз Ресейді әрдайым Еуразиядағы тарихы бай әрі даму әлеуеті зор мемлекет деп санаймыз. Қазірдің өзінде санкциялар салдарынан туындаған қиындыққа қарамастан, Ресей экономикасы сатып алу қабілетінің паритеті бойынша әлемде – төртінші орынға, ал Еуропада бірінші орынға шықты. Мұны ірі халықаралық қаржы институттарының мәліметтері растайды. Былтыр Ресейдің номиналды ішкі жалпы өнімі 2,5 триллион доллардан асты. Бұл – керемет нәтиже. Ресей табиғи ресурстары мол, инженерлік-ғылыми элитасы мен білікті жұмысшылары бар ел ретінде жаһандық экономикадағы жетекші орнын ешқашан жоғалтпайды» деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетуіне Ресей Президенті Владимир Путин зор үлес қосқанын айтты. «Көрнекті мемлекет қайраткері және әлемдік ауқымдағы саясаткер ретінде Сіз ұлы держава саналатын Ресейдің мәртебесін нығайту жолында дәйекті саясат жүргізіп келесіз. Ресей тікелей араласпаса, бірде бір ірі және елеулі халықаралық мәселе шешімін таппайды. Сіз жаһандық тәртіп түбегейлі өзгеріп жатқан қиын кезеңде ел басқарып, орыс халқы мен Ресей мемлекеттілігі үшін тағдыршешті мәнге ие миссияны абыроймен және лайықты деңгейде атқарып келесіз. Қазақстан Ресей экономикасының дамуына және халықаралық аренада табысқа жетуіне шын мәнінде тілектес» деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапары табысты өткенін жеткізіп, екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарының жылнамасына енетініне сенім білдірді. «Бүгінгі қол қойылған құжаттар мен уағдаластықтар Қазақстан-Ресей серіктестігінің сипатына сай. Оның мәні – дәстүрлі достық пен тату көршілік қатынастарды барлық саладағы ортақ прогреске ұмтылыспен ұштастыру. Сіздің сапарыңыздың қорытындысы сан қырлы мемлекетаралық ынтымақтастығымыз айрықша сипатқа ие екенін тағы да растады» деді Қазақстан Президенті.
Ресей Президенті бүгінгі келіссөздердің іскерлік және конструктивті сипаты екі елдің достық және тату көршілік қарым-қатынасына сай келетінін айтты. «Былтыр екі елдің тауар айналымы шамамен 29 миллиард долларды құрады. 30 миллиард долларлық межеге батыл қадам басып келеміз. Таяу арада бұл көрсеткішті те еңсеретінімізге еш күмән жоқ. Бүгінгі сапар мен келіссөздер халықтарымыздың игілігі үшін Ресей-Қазақстан сан қырлы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға серпін береріне сенімдімін» деді Владимир Путин.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Сауда-экономикалық жобалар таныстырылды
Қазақстан мен Ресей президенттеріне өнеркәсіп кооперациясы саласындағы бірлескен жобалар көрсетілді. Бүгінде елімізде 3,5 мың бірлескен кәсіпорын және ресейлік капиталы бар 17 мыңнан аса компания жұмыс істейді. Қазақстан мен Ресей өнеркәсіп кооперациясының портфелі жалпы құны 52,7 миллиард долларды құрайтын 177 бірлескен жобадан тұрады. Осы арқылы 60 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ. Жобалар металлургия, мұнай химиясы және машина жасау салаларында табысты жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Павлодар облысында теміржол саласындағы бағыттама бұрмаларын және тұтас илектелген дөңгелектер өндіруге арналған кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Ең ірі жобалардың бірі – Атырау облысындағы полипропилен өндірісі. Қарағанды облысында бірлескен шина зауыты, Қостанай облысында шойын құймаларынан жүк көліктерінің бөлшектерін шығару жобасы іске қосылды. Қазіргі уақытта химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және шикізат өңдеуді дамыту бағытында жалпы сомасы 10 миллиард долларды құрайтын 24 жоба жүзеге асырылуда. Аталған өндірістерді іске қосу жаңадан 11 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Жүргізушісі жоқ жүк көліктері жүйткиді
Қазақстан мен Ресей басшыларына «Астана – Мәскеу» жүргізушісіз жүк көлігі автобағытының іске қосылуы көрсетілді. Екі елдің көлік министрліктері «КамАЗ» жария акционерлік қоғамымен бірлесіп, жүк автокөліктерінің жүргізушісіз қозғалысын сәтті іске қосты. Көліктер «Жаңа жол» өткізу бекеті арқылы Қазақстан-
Ресей шекарасын бір уақытта кесіп өтіп, межелі пунктке қарай сапарын жалғастырды. Жүргізушісіз жүк автокөлік құралдары әлемде алғаш рет осындай форматта үш мың шақырымға жуық қашықтықты екі тәулікте жүріп өтіп, сапар уақытын екі есе қысқартты. Жаңа технологияларды қолданудың арқасында бұл бағыт екі тәулік ішінде еңсерілді. Әріптестікті тереңдету мақсатында тараптар жобаны одан әрі дамытатын институционалдық база мен қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жұмыстарын жалғастыра береді.



