Астанада Кеңшілік Мырзабековтің шығармашылық мұрасына арналған кітаптардың таныстырылымы өтті

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ақын, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Кеңшілік Мырзабековтің 80 жылдығына арналған әдеби кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жиынға ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар мен оқырман қауым қатысты. Кеш аясында Кеңшілік Мырзабековтің шығармашылық мұрасына арналған үш кітаптың таныстырылымы өтті. «Менің мұңым – махаббат» атты жыр жинаққа ақынның әр жылдары жарық көрген және бұрын жарияланбаған өлеңдері енген. «Дәуір – дастан» жинағында автордың Отан, уақыт, өмір мен адамзат туралы толғамдары топтастырылған. Ал «Қайран Кеңшілік!» атты жинаққа ақын туралы мақалалар, естеліктер, эсселер мен арнау өлеңдер жинақталған.
Іс-шараға қатысушылар Кеңшілік Мырзабековтің шығармашылық мұрасы қазақ әдебиетінде айрықша орын алатынын атап өтіп, ақын туындылары бүгінгі оқырманның жүрегінен де орын тауып келе жатқаны айтылды.



