Ақтаңдақтар ақиқатыБасты ақпаратЕл тынысы

Қуғын-сүргін құрбандарының саны қанша?

30 жылда 650 мың адам ақталды

Мұндай сұрақ әр адамды мазалауы мүмкін. Біз жыл сайын 31 мамыр жақындаған кезде ғана қуғын-сүргін, аштық пен соғыс құрбандары туралы айтып, жаза бастаймыз. Белгілі тарихшы Бүркітбай Аяғанның дерегіне сүйенсек, Қазақстан бо­йынша 7-10 млн аралығында адамдар қуғын-сүргінге ұшыраған. Саяси ғылымдар докторы, ғалым Әбдіжәлел Бәкір қуғын-сүргін жылдары қазақ халқының 40 пайызы қырылды деген мәліметті алға тартады. Ал белгілі заңгер, құқық қорғаушы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесінің жетекшісі Сабыр Қасымовтың айтуынша, әр жылдары еліміздің аумағындағы қуғын-сүргіннен 5 млн-нан астам адам құрбан болған және зардап шеккен. Алайда арада қаншама жылдар өтсе де, ақталмаған адамдардың нақты саны белгісіз болып келгенін білеміз. 1993 жылғы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданып, 2020 жылға дейін ресми түрде 340 мың адам ақталды.

6 жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы Жарлық шыққаннан кейін құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия 3 жыл ішінде 311 мың адамның ақталуына себепкер болды. Осылайша, ел тәуелсіздігінің 30 жылында ақталған азаматтардың саны 650 мыңнан асты. 2,5 миллионнан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталды. Құзырлы комиссия зерттеген құжаттар негізінде 72 томдық жинақ да­йындалды. Қуғын-сүргін кезінде Алашорда қайраткерлеріне қатысты қозғалған істер 12 том болып жарыққа шықты. Бұл еңбекті әзірлеу барысында бұрын еш жерде жария етілмеген құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді. Атап айтарлығы, еліміздің барлық аймағында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жергілікті комиссиялар құрылды. Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым, зерттеуші мен сарапшы еңбек етті, оның 260-тан астамы аймақтық комиссияның құрамында болды. Елдің барлық аймағындағы 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивтегі материалдар зерттелді. Мұндай жұмыс бұрын-соңды атқарылмағанын ескерсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт жадын қалпына келтіруге оң өзгерістер әкелген салиқалы саясаты қаншама тарихи ақтаңдақтар ақиқатын аршып алуға жол ашты.

Әр қазақ білуге тиіс дерек

Осы жерде әр қазақ біле жү­ретін, жадында сақтайтын бір ғана дерекпен бөлісейін. Мысалы, сол нәубет жылдары бір адам не бір отбасы үш және одан да көп рет репрессияға ұшырап, контрреволюционер, халық көтерілісінің қатысушысы деп атылып отырған. 1928-1933 жылдардағы күштеп ұжымдас­тыру кезеңінде 25558 адам ешқандай тергеусіз, сотсыз атылған. 1920-1950 жылдары еліміздің аумағында саяси тұтқындарды, жергілікті жердегі қазақтарды соттап, жер аударған 70-тен астам лагерлер мен лагерь бөлімшелері болған. Мұндай деректі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесінің жетекшісі Сабыр Қасымовпен әңгімеде жазып алдым.

«Қазақстандағы Кіші Қазан» қалай жантүршігерлік жауыз­дықпен жүзеге асырылды? Ашаршылық трагедиясының ақиқатын танып-біліп жүрміз бе? Біз ашаршылық, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу дегенді тек 31 мамыр жақындағанда ғана есімізге түсіріп, газеттерге бір-екі мақала жариялап, қанатбелгі үшін осынау ұлт жадынан мәңгі өшпейтін трагедияның түп тамырын түсіне алмай жүрміз. Орыс тілінде жазылған қос ғалымның (Құлғазира Балтабаева, Қайрат Әлімғазинов, «Ұлт жады» ғылыми журналы, №4, 2025 ж.) мақаласынан сталиндік саясаттың барлық озбырлығын, қатыгездігін айқын аңғарасыз. Төменде мақаланың орыс тіліндегі нұсқасынан алынған үзіндіні сол қалпында жариялауды жөн көрдім: «Во многих архивных документах отражены как днем и ночью, в мороз и стужу хлебозаготовки сопровождались многочисленными издевательствами и пытками над людьми разных национальностей, возрастов, пола, веры. Так, 22-м хозяйствам села Чемолган Калининского района Алма-Атинского округа были забиты окна и разрешалось выходить только ночью за дровами и водой. В Петропавловском округе объяв­лялся черный бойкот, заколачивались окна, не разрешалось топить печать и зажигать огонь. Целые деревни подвергались бойкоту, под нажимом уполномоченных крестьяне сами себе объявляли бойкот. В Илекском районе Актюбинского округа было арестовано около 200 казахов-скотоводов за несдачу хлеба. Беднякам одевали на шею веревку, инсценируя повешение. Обливали холодной водой и по несколько дней держали арестованных в холодных сараях. Жителей, не сдавших хлеб, сажали в заброшенные крестьянские дома, называвшиеся «Домом смерти», куда запрещалось передавать пищу. Некоторые из «Дома смерти» выходили с физическим увечьем, глухими. Женщин обливали холодной водой при морозе в 15 градусов». 1932 жылдың тамызынан 1933 жылдың тамызына дейін жұмысына кешіккені, жұмыс орнынан рұқсатсыз шығып кеткені үшін, бидайдың бірнеше масағын қалтасына тыққаны үшін және өзге де болымсыз айыбы үшін 33345 (!) қазақстандық сотталған. Сол боздақтар әлі ақталмаған! Көзі тірілері бар ма екен? Ал марқұмдардың жаны жұмақта болсын! Бұл мәлімет Мемлекеттік кеңесшінің тапсырмасымен құрылған жұмыс (сарапшылар) тобы дайындаған «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық заңдық және саяси ақтау» туралы тұжырымдамадан алынды.

Адамдарды қалай азаптады?

Қазіргі тарихи деректерде қуғын-сүргін жылдарындағы еліміздегі жазалаушы органдардың қызметі мен жасаған қылмысы туралы ашық ақпарат аз. Сол себептен Қазақстандағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссияның жобалау кеңсесінің сарапшысы, заң ғылымдарының докторы, профессор Сарқытбек Молдабайдың «Большевиктік-коммунистік режимнің жазалау органдарында (1918-1953 жж., КСРО және Қазақстан) азаптау­ларды қолдану тарихы мен мәні» атты мақаласынан («Ұлт жады» республикалық ғылыми журналы, 2025 ж., №1 (11) үзінділер келтіргенді жөн көрдім.

«Азаптауларды іс жүзінде қолдануда 1920-1930 жылдары күштеп кеңестендірудің аренасына айналған Қазақстан ерекше орын алады. Аса қатаң тергеу тәсілдерімен ерекшеленген саяси қуғын-сүргін ұлт зиялыларына, қарапайым шаруаларға, өзге де әлеуметтік топ өкілдеріне қарсы жүргізілді. Сталиндік репрессия кезеңінде қазақ интеллигенциясының екі бірдей буыны тұтас жойылды. Бірінші буын – төңкеріске дейінгі интеллигенция, олар орыс социал-демократиясы дәстүрлерімен тәрбиеленгені мәлім. Екінші буын – кеңес заманында өсіп-жетілген жаңа техникалық интеллигенция. Олардың бәрі нағыз патриот­тар болатын. Жаппай кең таралған террор әрбір «басқаша ойлайтын» адамды өлтірді. Осы террордың алғашқы толқыны соққан 1928-1931 жылдары Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхамеджан Тынышпайұлы, Халел Досмұхамедұлы сияқты буржуазиялық ұлтшылдар және өзге де көрнекті қайраткерлер тұтқындалды. Тұтқынға алынғандардың барлығы дерлік 1937-1938 жылдары атылды. Сол кездері Санжар Асфен­дияров, Құдайберген Жұбанов, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов және өзгелер ұсталып, атылды. Сондай-ақ Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың әке-шешесі, Бибігүл Төлегенованың, Олжас Сүлейменовтің, Болат Аюхановтың әкелері де атылды. Билік ең алдымен саналы зиялылардың көзін жойып, халықты бассыз қалдыруға ұмтылды. Шындықты айтқан адамдардың барлығы Сталиннің және оның айналасындағылардың қас жауы болып саналды. «Алашорда ісі» бойынша 4297 адам қуғын-сүргінге ұшырап, соның ішінде 2062 адам атылды. Толық емес деректерге сүйенсек, 1920-1953 жылдар аралығында Қазақстанда 110 мың адам саяси террордың құрбаны болған. Кейінірек 96 мың адам ақталды.

Репрессия тәсілдеріне келсек, олардың қатарына күштеп мойындату, азаптау, жалған куәгерлер арқылы қылмыстық іс қозғау және т. б. жатқызуға болады. Жазалаушы органдар төңкеріске қарсы қызмет туралы қандай да бір ақпарат алу үшін қатаң азаптау тәсілдерін қолданған. Большевиктік-коммунистік режимнің жазалау­­­шы органдары құрылған күннен бастап халықтың түрлі әлеуметтік тобына қарсы мақсатты түрде қуғын-сүргін саясаты жүргізілді, тіпті «репрессия» деген сөз олардың ресми құжаттарына енгізілді. Сол себептен тұтқындалған адамға бірден: «Кеңес билігі органдары тарапынан репрессия­ға бұрын-соңды ұшырадың ба?» деген сұрақ қойған. Яғни репрессиялардың мақсатты түрде жүзеге асырылуы қалыпты жағдай ретінде саналған. 1928-1931 жылдардағы жаппай тұтқындаулар мен 1937-1938 жылдардағы «Үлкен террордың» нәтижесінде жүздеген, мыңдаған адамға физикалық және психологиялық азаптау жүргізіліп, олардың істемеген қылмысын мойнына алуға мәжбүрлеген. Азаптаулардың негізгі тәсілдері мыналар болған: физикалық тұрғыдан азаптау (ұрып-соғу, жарақат салу, ұйқыдан айыру, стрестік жағдайда ұстау, карцерге қамау), психологиялық жағынан азаптау (атылған адамның өлімін көрсету, туысқандарына қоқан-лоқы жасау, сенсорлық депривация), ұзақ уақыт оқ­шау­лауда ұстау (бокс, карцерге қамау, тамақ бермей және ұйықтатпай ұстау). Әсіресе, ұсталғандарды бірнеше күн бойы аштықта ұстап, ұйықтатпай «конвейерлік тергеуге» алу кеңінен қолданылды. Мұндай тәжірибе ұсталғандарға қылмысын мойындату үшін ғана емес, сондай-ақ тұтқындардың арасындағы жаппай психикалық және физикалық ауытқулардың орын алуына септігін тигізді» деп жазады мақала авторы.

Ауылда бай-кулак  қалмағаны үшін де атқан

Саяси қуғын-сүргін зобалаңы – кеңестік тоталитарлық жүйенің ата тарихтағы өшірілмейтін қылмысы. Зұлмат заманда қанқұйлы қылмыс­тардың асқан жантүршігерлікпен, аяу­сыздықпен жасалғанын мұрағаттарда сақталған нақты құжаттар дәлелдейді. Тарих ғылымдарының кандидаты Құралай Сарсембина «1920-1950 жж. саяси қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдер» («Ұлт жады» ғылыми журналы, №2 (8), 2024 ж.) атты мақаласында 1930-1950 жылдары Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ­әйелдердің тағдырын деректер негізінде зерделейді.

«1930 жылдардың ортасында саяси қуғын-сүргін жүргізудің өзіндік жолы қалыптасты. Жалған айыптау, бір адамға жала жабу арқылы бірнеше адамды ұстау арқылы репрессия жаппай әрі жалпылама бағыт алды. Астық, мал, ет дайындау, бай-кулакты тап ретінде жою, социалистік меншікті қорғау науқандарында халыққа қарсы репрессия шаралары қарқынды қолданылды. Жо­ғарыдан үсті-үстіне келіп жатқан бұйрықтар қуғын-сүргінді жеделдетті. Мәселен, ЮХК сот-тергеу органдары астық дайындау науқаны барысындағы «жұмыстары» туралы мәліметті екі апта сайын жинаған. Көптеген адамдардың үстінен қозғалған қылмыстық істер заңсыз болған. Оны мұрағат құжаттары дәлелдейді. Деректерде: «…1928 жылы сотталған шаруалар өз өнімдерін сатпаған және алыпсатарлықпен айналыспаған. Олардың көпшілігінде астықты сату үшін ауылдық кеңестен алынған рұқсат қағаз болған. Астықты мұқтаждығы бойынша сатқан. Бірақ олардың үстінен заңсыз негізде қылмыстық іс қозғалған» деп жазылған. Жоспарды орындай алмағандарды да, орындата алмағандарды да тұтқындау жоғарыдан қатаң бұйырылды. РСФСР ҚК-нің баптары бұрмаланғандықтан, жаппай жазаланғандар саны күрт артқан. 188 РСФСР ҚК 61-3-бабы науқан жоспарын орындамау мақсатында алдын ала келісіліп, ұйымдасқан топты жазалау­ға арналғанмен, осы баппен жалғыз адамды да соттаған. Айыпқа тартылған тұлғаны «қылмыскер» атандыру үшін бірін-бірі танымайтын, әр ауылдан шыққан айыпкерлерді топтап, байланысы жоқ бірнеше істер біріктірілгені, астық тапсырмағандардың мүлкін тәркілеу кезінде мал-мүлкінен айырылғысы келмей, кеңес өкіметіне қарсы сөз айтқандардың іс-әрекеті «террористік акт» ретінде бағаланғаны, РСФСР ҚК-нің 58-8-бабымен ату жазасына кесілген. Тіпті ауылдарында бай-кулак қалмағанын айтқан ауылдық кеңес төрағалары да осы баппен атылып кете барған. «Науқан жоспарын орындауға шамамыз келмейді» деген сөзді айтқандарды «кеңестерге қарсы үгіт-насихаты» үшін РСФСР ҚК-нің 58-10-бабымен соттау үрдіс алған. Науқандар барысында өткен жиналыстарда білім деңгейінің төмен дәрежесі сал­дарынан сөз сөйлей алмаған кеңес қызметкерлері РСФСР ҚК-нің 111-бабымен жазаланған. Нәтижесінде түрмелерге адам сыймай, сотталғандар адам төзгісіз жағдайда «жазасын» өтеген. Кейбір түрмелерде қылмыстық іс қозғалмай қамалған азаматтар да болған. Дәлел келтірсек, 1931 жылы 112 орындық Қызылорда түрмесіндегі 325 адамның ­203-інің ешқандай айыптаусыз қамалғаны анықталған. Ақмолада 300 адамның түрме қабырғасының жанында көшеде «қамауда» жатқаны белгілі болады. Кеңестік тоталитарлық қоғамның заңсыздықтарын осылайша шексіз тізіп айта беруге болады» деп жазады тарихшы-ғалым.

Заңгер-ғалымдардың зерт­теулеріне сүйенсек, Қазақ­станның бостандығы мен азаттығы жолында құрбан болған 20-дан астам санат бойынша («ЕСЕП» партиясының мүшелері, қазақ ұлтшылдығының құрбандары, халық көтерілістеріне қатысушылар мен ұйымдастырушылар, кәмпескеленген бай-кулактар, соғыс тұтқындары және тағы басқалар) әлі күнге дейін толық заңдық тұрғыдан ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары бар. Ерлігіне басымызды иетін, рухына тағзым ететін ұлт қаһармандары – солар. Мемлекеттік комиссияның аясында 72 том құжат жинағы жарық көрді. Оның ішінде Алаш зиялыларын, дін басыларын қудалауға, босқыншылыққа, байларды тәркілеуге, әскери тұт­қындарға байланысты бұған дейін жарық көрмеген материалдар жетерлік. Десек те құпиясыздандырылмаған материалдар әді де баршылық. Бұған дейін 125 мыңға жуық қазақстандықтың репрессияға ұшырағаны айтылып келсе, қазір олардың саны 400 мыңнан асқаны анықталған. Өйткені комиссия мүшелері зерделеген бір ғана қылмыстық істе ондаған адамның құрбан болғаны жазылған.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button