Ұлттың ұпайын түгендейік

Қазақстанда 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталып келеді. Бұл сонау ХХ ғасырдың басындағы зобалаң аштық нәубеті, репрессияға ұшыраған ұлт қайраткерлерін еске алу, дәріптеуге бағытталған. Әлі күнге дейін қоғам арасында қазақ халқының тарихында орын алатын зұлматты кезеңдер, ақтаңдақтар түбегейлі, егжей- тегжейлі зерделеніп бітпегені ұдайы айтылып жүр. Осыған орай Түркі дүниесі әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Смағұл ЕЛУБАЙДЫ сұхбатқа тартқан едік.
– Біз Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары күнінің түпкі мән-мағынасын ұғына алдық па?
– Бұл күн тарихи тұрғыда белгіленгені дұрыс болды. Ашаршылық, репрессия құрбандарына арналған атаулы күн күнтізбемізде тұруы керек қой. Біз мұның түпкі мән-маңызын толық ұғынып үлгерген жоқпыз. Оның бір ғана тетігін айтайын.
Қазақстан 1918-1919 жылы, 1921-1922 жылы, 1931-1932 жылдары аштық нәубетін тартты ғой. Сол зұлматты шақтарда жер жастанған 4 миллиондай адамның тағдырын ұдайы айтып, мәселе етіп көтеріп келеміз. Бірақ бір айтылмай келе жатқан дүние бар. Егер ашаршылық болмағанда әлгі 4-4,5 млн қазақ бүгінде қанша болар еді. Қазір 14,5 млн қазақпыз. Әгәрда 120 жылдың ішінде ашаршылық болмағанда, қанша адам өмірге келер еді? Сондай-ақ олардан бүгінге дейін қанша ұрпақ тарайтын еді?! Бұл жағын біздер ешуақытта есепке алмай келеміз. Мұны арнайы санамалауға болады. Бәлкім, ешқандай ашаршылық, зобалаң, ешбір азаматымыз қуғындалып, зәбір көрмегенде тым құрығанда қазіргі таңда 100 млннан асып жығылады екенбіз. Яғни, біз өмірге келмеген, дүние есігін ашпаған, нәубет көріп, жер жастанған осыншама тұтас халықты есепке алмай тұрмыз. Қасіретті үш ашаршылық болмағанда санымыз да, сапамыз да артар еді. Өйткені біздің кең сахара сондай халыққа сұранып тұр ғой.
1920-1921 жылдары Орта Азияға Түркістан республикасын басқаруға өкіл келді. Ол келіп баяндама жасады. Онда «Марксистік экономикалық тұрғыдан келетін болсақ, қазақ тәрізді экономикадан артта қалған халық, жойылып кетуі тиіс» дейді. Міне, осы жерді көгертуге жіберіліп тұрған басшысының көкіп тұрған, құйтырқы, жымысқы болмағыр сөзі бұл. Сол кездегі орын алып жатқан қасіретті оқиғаларды заңды құбылысқа балайды. Бұл Иосиф Сталин басқарған Коммунистік партия басшылығының ұстанымын жеткізді. Қызыл террор қазақ деген халықтың аман қалуына мүдделі болмады. Тыйым салынған архивтер, құпия құжаттар оқта-текте ашылып жатыр. Сол тұста Қызыл империяның тізгіншілеріне «қазақ қырылып жатыр» деген хаттар, хабарлар барады. Сонда Кеңестер Одағының көсемі Сталин «Так и надо желтым заразам» деген сөзді айтып, елемей қойды дегенге сенбеуші едік. Бүгінде көзіміз жетіп, деректері дәйектеле бастады. Оның сөйлеген сөздері хаттамаларға жазылып қалған. Онда да қазақ халқының аман-есен қалуына ынталы еместігі байқалады. Қылышынан қан тамған Қызыл империяның қазақты тықсыртуы, жеккөруінің себебін ешкім айта алмайды.
– Қазіргі қоғамда «Қызыл империямен тіреспегенде, одан да бағынғанда, алым-салығын төлеп отырғанда опатқа ұшырамас едік» деген пікірлер де бар. Сіз қалай ойлайсыз?
– Бұл – өте қате пікір. Оның алдыңғы кезеңін айтпағанның өзінде 1918 жылдан бастап қазақты тонау, бермегенін тартып алу басталды. Өйткені қазақ жұртында мал-мүлік көп еді. 1918-1920 жылдары Азамат соғысы жүріп жатты. Екі тарап та қазаққа қасірет әкелді. 1922 жылдан бастап, Ленин «Соғыс коммунизмі саясаты» дегенді ойлап тапты. Ол уақытта әскер мен қала халқы қырылуға айналды. Сонда Қазақ елінде 40 млн шамасында төрт түлік мал болды. Соны қалайда алу керек болды. Сөйтіп соғыс кезінде «Сенікі менікі деген болмауы керек. Коммунизм орнатамыз» деген желеуді алға тартты. Халықтың малын күштеп, зорлап дүние-мүлкін қинап алды. Содан 1933 жылы небәрі 4 миллионға жуық мал қалды. Осылайша орталыққа вагондап тиеп әкетті. Ал күн көрісін тікелей төрт түлікке бағыттап қойған жұртымыз қолдан әдейі, қасақана жасалған жұтқа ұшырап, аш-жалаңаш босып кетті, жер жастанды, аштықтан қырылды.
1924 жылдан бастан Қазақстанды басқаруға Филипп Голощекин келді. Бұл нағыз сол Сталиннің оң қолы болып, Николай патшаны өз қолымен атып өлтіруге бұйрық берген адам-тұғын. Голощекиннің Сталинге жіберген телеграммасы да жарияланып жатыр. Онда «қазақ деген надан халық, сондықтан бұл жерде Кіші Октябрь революциясын жасауымыз керек» деген қаскөй һәм арам пиғылын жеткізеді. Осылайша қарумен кірісіп, күштеп мал-мүліктерін алып, жергілікті халықтың ту-талақайын шығарады. Коллективизация ұйымдастырып, ауқатты қазақтарды тонап, ел-жұртты босытып, аштықты қолдан жасады. Ата-бабамыздан қалыптасқан жаз жайлау, қыс қыстауға баратын дәстүрді бұзды. Содан кейін мал да қырыла бастайды. Бұл 1931-1933 жылдар аралығын қамтыған үлкен нәубетке айналды. Голощекин де қазаққа жақсылық жасамады.
– БҰҰ деңгейінде халықаралық дәрежеде «ашаршылықты» ресми мойындата алмауымызға не себеп?
– Бұл жерде көптеген себептер бар. Біздің зиялы қауым ашаршылықтың себеп салдарын, мағынасын аша алмады. Геоясатқа әлі де жалтақтап отырмыз. Осындай кілтипандар қолды байлап, аяқты тұсап тұр. Қазақстандағы ашаршылықты әлемге мойындату күрестің бір түрі дер едік. Ол үшін бір қозғалыс туғаны дұрыс. Сөйтіп деректі фильмдер түсіріп, зерттеулер жасап БҰҰ сияқты бүкіләлемдік ұйымдарға, халықаралық қорларға танытайық. Деректерді топтап, құжаттарды хаттап ұсыну керек. Сонда ғана дүние жүзіне мойындата аламыз. Айта кетейік, сол кездің өзінде ашаршылықтың зардабы әлемдік ұйымдарға жеткізілген. Бірақ, ол кезге қарағанда бүгінгі мүмкіндігіміз зор.
– Неге «Ақ боз үй» жалғыз?
– «Ақ боз үй» шығармасы жалғыз деп айта алмас едім. Бұл роман болып жазылып, орыс тіліне аударылды. Сондай-ақ ағылшын тіліне тәржімаланып, АҚШ-та жарық көрді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы кітаптың желісімен көркем фильм түсірілуіне жол ашты.
Өзім ғана ашаршылық, қуғын-сүргін тақырыбын қозғадым десем әбестік болар. Әр жерде жазылып, зерделеніп келеді. Тіптен Қазақстанның Халық жазушы Төлен Әбдік 1980 жылдардың өзінде зобалаң кезеңдерді қолға алып, қалам тербеген. Әрине, әлі де бұл тақырыпты қаузай түсу керек. Әсіресе кейінгі жас қаламгерлер қазақ халқының қасіретті шақтарын, азып-тозып кеткен сәттерін талдап, қоғам назарын аудара білсе деген ізгі ниетіміз бар. Сонда ғана тарихымыз түгенделеді, төл әдебиетіміз құнды жәдігерлермен толыға түседі.
– «Ашаршылық пен қуғын-сүргінді екі атаулы күн ету керек» деген ой-пайымдар білініп қалады. Сіздің көзқарасыңызды білсек…
– Ашаршылық пен репрессия бір атаулы күн болып қала бергені дұрыс. Екеуі бір-бірін көлегейлемейді. Себебі екеуі де – бір саясаттың құрбаны. Бұл – сол кездегі Большевизм жасаған геноциді. 1931-1933 жылдарға дейінгі ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы репрессияны тарихшылар, жылнамашылар, зерттеушілер қойыртпақ қылмайды. Қайта екеуінің де зардабын айта беру қажет. Бұлардың арасы 4-5 жылға созылған тарихи заман ғой.
Біздің әр өңірлерде ашаршылық туралы естеліктер шықты. Сол заманның көрген кәугерлері естелік айтып, деректері қағазға түсті. Бұл да жақсы, тәуір дүние болды. Мұндай қадамдарды тоқтатпаған жөн.
– Жылда естелік айту, ас берумен ғана шектеліп жүрген жоқпыз ба?
– Сөзіңіздің жаны бар. Марқұм, көрнекті тарихшы Талас Омарбекұлы Мәскеуге барды, мұрағаттарда отырды, бұл тақырыптарды зерттеді. Мінеки, осындай әрекеттер әлгінде айтқанымдай тоқтаған жоқ. 31-мамыр жақындаған сайын дүрілдетіп айтуымыз керек. Әйтпесе, бұл тақырып қазіргі жас ұрпақтың санасына жетпей, сұйылып, ұмытылуы мүмкін. Ал ашаршылық құрбандарын еске алмау, оған бей-жай қарау – сұмдық мәңгүрттік. Бұл сол ашаршылықтың өзінен де артық, өте үлкен ұятты іс болар еді. Бейбіт заманда көйлегіміз көк, қарнымыз тоқ кезде миллиондаған жер құшқан халқымызды, тарихты елемеу қылмыспен бара-бар. Мұны ешқашан ұмытуға болмайды. Мұны барған сайын тереңдеп ұға түскеніміз жөн.
Әр аймақ ашаршылық көптеп орын алған, қараусыз қалған жерлерге белгі қойып, еске алғаны абзал деп санаймын. Керек десеңіз, зобалаңда көз жұмған адамдардың аты-жөндерін сол белгі тақтайшаға жазып, мемориалдық кешен ашып қойса да артық болмайды.
– Кезінде аштықтан, қуғын-сүргіннен жан сауғалап талай қазақ әлемге тарыдай шашылды. Атамекенге ораламын деген қандастарға көшті жандандыратын кез келді ме?
– Әлбетте! Бұл көшке жан бітіру керек. Қандастарға байланысты көші-қон процестерін дұрыстап, бүгінгі заман талаптарына лайықтап қолға алатын кез жетті. Қазіргі таңда сыртта Қазақ еліне келгісі келетін ел көп. Үнемі айтып келеміз. Қандастарға құжаттық, тілдік тұрғыда ешқандай кедергі, тосқауыл қойылмауы керек. Бұл жандардың біразы – нәубет замандағы сыртқа кеткен қазақ жұртының ұрпағы. Шетелде қазақ тілін оқыған жоқ. Бар болғаны отбасы-ошақ қасында үйренді. Ол түгілі Қазақстанда жүріп қазақ тілін үйренбей, сөйлемей, білмей жүргендер жетерлік. Сотталмағаны туралы анықтама, анау-мынау құжаттарың қайда деп бас қатырамыз. Олай болмауға тиіс.
Кеңес өкіметі құлағанда немістер Германияға қайтты. Сонда әр неміс келіп жатқанда ұшақтан түсе сала, құжаттарын рәсімдеп берді, кейін жағдай жасады.
Қандастарға байланысты «Көші-қон саясаты министрлігін» құру қажет. Бұл бастаманы әрдайым қозғап жүрміз. Өйткені сыртта әлі де 5 миллиондай қазақ жүр. Мәселен, Таяу Шығыста соғыс өрті тұтанып тұр. Қытайдың да жағдайы белгілі. Бүйте берсе, сырттағы қазақ бауырларымыз ассимиляцияға түсіп, қазақтан айырылып тынатын түріміз бар.
Біздің солтүстіктегі облыстарда халық саны азайып, жұмыс күші тапшы болып барады. Ауылдар босап, кейбір қалалар қаңырап қалуға айналды. Павлодар, Петропавл, Қостанай, Өскемен сияқты қалаларға Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ресей, Түркия сияқты елдерден келетін қандастарды апарып қоныстандырайық. Егін егіп, мал ұстап, тері өңдеп, ет-сүт өңдейтін кәсіпорындар ашып жатса, тегін гранттар, қайтарымсыз көмек көлемі артып, үй-жай, жер бөліп берейік. Қазақ «елге ел қосылса – құт» деп бекер айтпаған.
Сұхбаттасқан
Олжас ЖОЛДЫБАЙ



