Ақтаңдақтар ақиқатыӘлеуметБасты ақпарат

Зұлмат жылдардағы атаулардың мәні қандай?

ХХ ғасырдың 20-30-жылдары қазақ халқының арғы-бергі тарихындағы ең бір қасіретті кезең болды. Большевиктер құрған советтік қызыл империя халықты ата кәсібі, ұлттық экономикасының өзегі, тіршілігінің негізгі көзі болған төрт түлік малынан айырып, мәжбүрлі түрде «Қазақстандағы Кіші Қазан» бағдарламасын орындау арқылы қазақ даласына бұрын-соңды болмаған алапат ашаршылық әкелді.

Халықтың жартысынан астамын жалмаған аштық елді есеңгіретіп, санасын сансыратып кетті. Біртұтас жұртты бай-кедей табына бөліп, бір-біріне қарсы қойды. Бай, жартылай феодал, орта шаруа деп танығандарын тап жаулары деген айыппен абақтыға қамап, атып-асып, жер аударды. Сталиндік-большевиктік биліктің солақай саясаты мен шектен шыққан озбырлығына қарсы шығып, халқының азаттығы мен тәуелсіздігі, жерінің тұтастығы үшін күрескен ұлттың ең көрнекті қайраткерлерін, маңдайалды көшбастар зиялыларын, көзі ашық, көкірегі ояу бас көтерер оқыған азаматтарын «контрреволюционер», «буржуазиялық ұлтшылдар», «шетелдің шпиондары», «халық жаулары» деген жалған айып тағып, жаппай-қуғын-сүргін құрбаны қылды. Мәселен, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Сұлтанбек Қожанұлы сияқты халқымыздың ең қалаулы ұлдарына, Алаштың ардақты азаматтарына осындай жалған айыптар тағылды, ату жазасына кесілді. Олардың атын атау­ға тыйым салынып, халық жадынан біржола өшірмек болды. Тәуелсіздік қарсаңында бірқатар белгілі тұлғалар ақталып, олардың мұрасы жан-жақты зерттеле бастады. Алайда жазықсыз жапа шегіп, әлі ақталмаған азаматтар мен зұлмат жылдар құпиясын сақтап, мұрағаттарда жабулы жатқан құжаттар көп еді.

Қазақ тарихының осы бір қилы заман, қаралы кезеңін жан-жақты зерттеу аса маңызды елдік іс болғандықтан, 2020 жылы Мемлекет басшысының сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы жарлығы шығып, Мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссия аясында түрлі сала ғалымдарынан құрылған жұмыс топтары мұрағаттарда (архивтерде) сақталған құжаттарды зерделеп, көп жұмыс атқарды. Ол жұмыстар негізінде саяси қуғын-сүргін мен заңсыз қудалаудың құрбаны болған жүздеген, мыңдаған қазақстандықтар ақталып, олардың құқығы қалпына келтірілді. Осы жоба аясында біз жетекшілік еткен жұмыс тобы большевиктік-сталиндік саясатты жүзеге асыру үшін идеология құралы ретінде, мақсатты түрде қолданылған советтік ұғымдар мен терминдерді ғылыми тұрғыдан саралап, олардың шынайы мәнін ашумен айналысты. Атқарылған жұмыс нәтижесі ретінде «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін барысында қолданылған терминдер мен түсініктер жинағы (глоссарий)» дайындалып, басылып шықты. Мұндай еңбекті дайындауға лингвистермен бірге белгілі тарихшы, саясаттанушы, заңгер ғалымдар да қатысты.

Мемлекеттік комиссияның ғалымдары мен сарапшылары кең көлемді архив материалдарын жан-жақты талдау, оның ішінде жаңадан құпиясыздандырылған өңірлік, аудандық архивтерден табылған тың деректерді зерделеу, сондай-ақ бес жүзден аса «партия­лық-кеңестік» деп аталатын орталық билік органдарына, облыстық және аудандық кеңестерге дейінгі актілер, жарлықтар, қаулыларды қабылдау процедурасы мен мазмұнына жасалған ғылыми-құқықтық сараптама қорытындыларының нәтижелері, тиісті партиялық комитеттердің басшылығы тарапынан «халық пен еңбекшілер» атынан қабылдаған саяси шешімдерді өкілді және атқарушы органдардың көшірме жасағаны, ал оның шын мәнінде халықты алдау мен саяси бүркеме (камуфляж) екені туралы қорытындыға келді.

Мемлекеттік комиссияның ғалымдары мен сарапшылары жаппай саяси қуғын-сүргінді бағалауға келгенде, жазалау актілерін қабылдаудың және оларды іске асырудың шынайы авторларын – большевиктік билікті: большевиктік-лениндік, большевиктік-сталиндік және т. б. атау объективті дұрыс және негізделген деп санайды. Сондықтан Мемлекеттік комиссия коммунистік насихат мақсатында арнайы әзірленген «кеңес үкіметі», «пролетариат диктатурасы», «еңбекшілер билігі» және т. б. терминдердің орнына «большевиктік-лениндік билік», «большевиктік-сталиндік билік», «большевиктік-сталиндік режим», «большевиктік-коммунистік билік» терминдерін қолданды, яғни Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін бойынша сая­си шешімдер мен заңнамалық-нормативтік актілерді қабылдаған жауапты органдар өз атымен аталды.

Бұрмаланған тарих пен саяси жүк артылып, айыптау тетігіне айналған терминдерге бұғаудан босаған сана, халықаралық ғылыми пайым тұрғысынан баға берілді. Советизмдер мен қуғын-сүргін кезеңін бейнелейтін атаулар мағынасындағы, сөз астарындағы тұтас ұлтты, оның мәдениеті мен дәстүрін кемсітетін, елдің азаттыққа ұмтылған еркін ойын кінәлайтын, халықтың озық ойлы азаматтарын айыптайтын, мақсатты саяси бұрмалаушылықтар анықталды.

Көпшілікке ұсынылып отыр­ған осы глоссарий (сөздік) 1920-1950-жылдардағы ашаршылық пен қуғын-сүргінге қатысты 500-ден астам термин мен ұғымды қамтиды. Бұл сөздікке енген «халық жауы», «тап жауы», «бай-кулактар», «жартылай феодалдар», «бандылар», «буржуазияшыл ұлтшылдар», «ұлтшыл-фашистер, «пантюркистер», «панисламис­тер», «бүлікшілер», «көтерілісшілер», «саботажшылар», «диверсанттар», «тыңшылар», «шпиондық жалдаушылар», «ұлтшылдар», «әлеуметтік жат элементтер», «антисоветшілдер», «бүлдіруші топтар» және т. б. советтік терминдер арқылы айып таңбасын таққан әкімшіл-әміршіл жүйе жүздеген мың қазақстандықтарды саяси қуғын-сүргінге ұшыратты, жазықсыз соттады және жер аударды, елден еріксіз қоныс аударып, көрші елдерге көшуге, Қазақстаннан қашуға мәжбүр етіп, жаппай босқынға ұшыратты. «Байтұрсыновшылдық», «шоқаевшылдық», «қожановшылдық», «мыңбаевшылдық», «тоғжановшылдық», «сәдуа­қасовшылдық», «сейфуллиншілдік», «төреғожиншілдік», «пантүркизм», «панисламизм», «паназиатизм» деген жалған айыптаулар арқылы ұлт элитасын жасанды түрде жікке бөліп, қазақты қаймағынан, ұлттық санасынан, беткеұстар азаматтарынан айырды. Ал «Кіші Қазан», «үлкен террор», «көзін жою», «жасырын қуғын-сүргін», «қасапшылар», «азаптау саяжайы», «алып тастау», «ату тізімдері», «жертөлеге түсіру», «қандалалы қапас», «іріген тұтқын», «шұңқырда тергеу», «керу», «қақшиту», «шоңқиту», «мәңгірту», «құпия таңбалау» сияқты терминдер, арго-жаргондар қырып-жоюдың ауқымы мен сталиндік-большевиктік биліктің қандықол жендеттері қолданған, азаптау тәсілдерін білдіреді.

Түйіндеп айтқанда, бұл терминдер сталиндік-большевиктік биліктің бет-бейнесін, әкімшіл-әміршіл жүйенің айуан­дық, озбыр әрекеттерін, адамдықтан жұрдай кескін-келбетін айқын көрсетеді. Бұл терминдер – қуғын-сүргін, ашаршылық құрбаны болған миллиондардың көрген азабы мен тозағын, шеккен жапасы мен қамаудағы қапасын, ұлттың жан жарасын айғақтап тұрған тілдегі таңба, тарих бетіндегі дерек.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,

ҚР ҰҒА академигі

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button