Елорда филармониясы Семейде «Туған жерге тағзым» шығармашылық кешіне қатысты

Семейдегі Абай атындағы театр сахнасында Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі композитор Төлеген Мұхамеджановтың «Туған жерге тағзым» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазақ музыка өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан сазгердің шығармашылығы көпшілікке кеңінен танымал. Оның әндері мен симфониялық туындылары бірнеше буын тыңдарманының жүрегінен орын алып, ұлттық өнердің алтын қорына енген. Композитордың «Балалық шақ», «Махаббат бекеті», «Дала», «Астана» секілді шығармалары қазақ музыка мәдениетінің көрнекті туындылары саналады.

Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, өнер иелеріне құрмет көрсетті. Аймақ басшысы Төлеген Мұхамеджановтың қазақ мәдениетіндегі орнына тоқталып, сазгердің ұлттық өнерді насихаттаудағы еңбегін ерекше атап өтті.
Музыкалық кеш барысында Астана қаласы әкімдігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі мен камералық хоры өнер көрсетті. Сондай-ақ сахна төрінде Қазақстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сәкен Майғазиев, Сүндет Байғожин, Нұрлан Өнербаев, сондай-ақ әншілер Ақбота Құснадин, Әкімхан Маженов, Рухия Байдукенова және өңір өнерпаздары ән шырқады.

Көрермен қауым композитор шығармашылығынан сыр шертетін концерттік бағдарламаны жылы қабылдап, өнер кешін зор ықыласпен тамашалады.



