Бір уыс бидай
Тып-тыныш, бақуатты өмір сүріп жатқан қазақ елін басқаруға орталық коммунистік партиядан Ф.И.Голощекин тағайындалды. Оның қазақ еліне жасаған Кіші революциясы халықты жаппай ашаршылыққа ұшыратты. Елімізде Лениннің продразверстка бағдарламасын іске асыру жоспары мен халықты күштеп коллективтендіру науқаны басталды. Қазақтың жалғыз тіршілік көзі болып отырған малын жаппай күштеп тартып алды.
Халықтан алынған малды «азық-түлік жоспарын орындау» деп қажетсіз сойып тастады, тау-тау боп үйілген малдың еті босқа рәсуа болып бұзылып жатты. Малдың жем-шөбі болмағандықтан, мал жаппай аштан қырылды. Өз тамағын өзі тауып жейтін жылқы малын «ауру» деп таудың сайына қамап, пулеметпен қырып тастады. Үкіметтің негізгі саясаты – қазақ даласының сахарасындағы қазақты аттан түсіріп, жаяу қалдыру. Жаяу қалған қазақ еріксіз отырықшы қазаққа айналады. Дәстүрлі өмір сүру дағдысын бұзған соң, тіршілік көзінен айырылғаннан кейін қазақтың рухы мен еңсесін түсірді, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кетуіне қауіп төнді.
Малынан айырылған елдің жайы күннен-күнге төмендеп, тоз-тоз боп кетті. Бұған қоса, «апат жалғыз келмейді» дегендей, сүзек ауруы да жайылды. Ақсуат ауданының Көкжыра жерінде тұрған Тәңірбергеннің әкесі мен шешесі қатты ауырып жатты. Сол сұрапыл жылдары кеш келген көктем, баспалдап келген сүзек әке-шешесін фәниден бақиға алып кетті. Тәңірберген бар-жоғы он екі жаста еді, онымен бірге қарындасы Баян тоғыз жаста, Інжу бес жаста, Бақберген үш жаста қалды. Үйдегі тіршілік Тәңірбергеннің мойнына түсті, қаптағы бидайды мөлшерлеп алып, ыстық суға қайнатып, бөрттіріп, кейде қазанға қуырып, талқан жасап, бауырларына талғажау етеді. Ауылдағы үйлерді аралап, кім не береді деп тамақ іздеп келеді, кейде сойылған малдың ішек-қарны, сирақтар бұйырады, соны үйге әкеліп, бауырларына қорек етеді. Туыстары әрі ойлап, бері ойлап, бір жесір келіншекті «осы үйге ие бол» деп Тәңірбергенге атастырады. Біраздан кейін ол келіншек кетіп қалады. Қарындасы Баян ұзаққа созылған жөтелмен ауыратын. Бір күні қарындасы Баян: «бүгін сенің қасыңда ұйықтайыншы» деп сұранды, мен «жарайды» деп келістім. Таңертең оянсам, Баян мені құшақтап жатып о дүниелік болып кетіпті. Қайғы, қасірет, әлімжеттік жайлаған жаман заман туды. Бір күні сандықтың үстіне төсек салып, екі бауырымды екі жағыма алып ұйықтап жатқанбыз. Түн ортасы, бетін жауып алған 5-6 адам есікті бұзып кіріп келді де, аяғымыздан жұлып-жұлып жерге тастай салып, сандықтағы жарты қап бидай мен біраз тарыны алып кетті. Аштық жайлаған жерде әлімжеттік бірге жүреді, сен жетімсің бе, аурусың ба, оған қарамайды. Ертеңінде көршілер жиылып, ақылдасып: «Сен мына екі бауырыңнан да айырылып қаласың. Одан да Көкпекті ауданында балалар үйі бар, сонда бар» деп ақыл айтты. Ертеңінде бір ат арба Көкпектіге баратын болды, жол ақысына шешемнің күміс сырғасы мен білезіктерін бердім. Арбаға екі бауырымды салып, өзім артынан жүріп отырдым, өйткені ат арық, арбаны тарта алмайды. Бес күн дегенде Көкпектіге әрең жеттік, бауырым Бақберген жол бойы іші өтіп, ауырып келді. Көкпектінің балалар үйі қарындасым Інжуді, бауырым Бақбергенді қабылдап алды. Мені де осы балалар үйіне алыңдар деп сұрандым, оған әкімшілік сенің жасың үлкен, өз күніңді өзің көресің деп алмай қойды. Еріксіз Көкжыраға үйіме қайта қайттым. Елде ашаршылық жайлап бара жатқандықтан, халық өлмес күнін ойлап, Қытай ауып кетуге жиналып жатыр екен. Мен де солармен ілесуге сұрандым. Көшбасшысы маған екі шарт қойды: бірі мына қазанды алып жүресің немесе мына 5 жастағы баланы арқалап жүресің. Қазанды алсам арқама батады, одан да баланы арқалап алдым. Ауылдың бала-шағаны қосқанда жетпістен аса адам жаяу Қытайға бет алдық. Әр адамның өз қорегі өзінде, менің дорбамда бидайым бар, ыдыстағы ыстық суға бір уыс бидайды салып бөрттіріп жеп аламын, соны бір күнге жеткіземін. Биік асулардан өтіп келе жатқанда, топтан бір бойжеткен қыз науқастанып жүре алмай қойды. Көш бір ауырған адамды тосып тұрмайды, қыздың ағасы біраз кигізді кесіп алып, соған жатқызып, қасына тамағын қойып кетті. Тастап кеткен қыздың жылап қоштасу айтқан дауысы бүкіл таудың ішін жаңғыртты, осы жылаған қоштасу зар дауыс құлағымнан көпке дейін кетпей қойды. Әлгі дауысты естіген халық қоса жылап кетіп барамыз. Шекарашылар Қытайға босып бара жатқан көшті көріп қалса, «қашқын» деп бәрін атып тастайды. Осы оқиға Күршім тауларындағы Үшбұлақ деген жерде болған. Қытайға аштықтан босып бара жатқан қазақтарды қызыл эскадрон басшысы Голиков деген қоршап алып, пулеметпен талай қазақты бала-шағасымен қырып салды. Осы уақытта сол қырғын болған жерде ескерткіш орнатылған. Содан әрең дегенде Шәуешек қаласына жеттік. Бізді базар жағына әкелді. Сол жерде адам саудасы басталды, біреулер бір-екі қап нанға 10-15 жастағы қызын берді, біреулер 1-2 шелек бидайға шырылдатып кішкене баласын бере салды. Қазақтың басына туған ашаршылық салдары басқа мемлекеттің жат ұлтына балаларын құлдыққа берді. Қытайда неше түрлі ұлт көп екен, соның ішінде ең өкініштісі, бір кезде ата жауымыз болған қалмақ та бидайға айырбастап, қазақтың баласын құлдыққа әкетті. Мені бір қытай таңдап алды. Қытай көкнәр деген гүлді өсірумен айналысады екен, сол көкнәрдің домалақ басын сыза кесіп, қоңыр сығындысын алады екен. Мен бұл жұмысты дұрыс істемей, гүлдің басын кесіп тастаппын, мені жұмыстан қуып шықты. Одан бір татар байдың бұзау, қозыларын бақтым. Кешке шөп қорасында жатамын, тамағым – қазан түбіндегі қалдықтар. Елден естуімізше, Шихо қаласында үлкен жол салу жұмысы басталды. Соған барып жұмысқа орналастым, маған ат арба берді, күні бойы жол құрылысына топырақ тасимыз. Тамағымыз тоқ, киіміміз бүтін. Ғаламат құрылыста 3500 адам жұмыс істейді, мен күнделікті норманы бір жарым есе артығымен орындап жүрдім. Басшылық еңбекқорлығымды бағалап, мені жұмысшылар комитетінің мүшесіне тағайындады. Үйлендім, бала-шағалы болдым. Біраз уақыттан кейін маған саяси партия мектебіне жолдама берді, онда казармалық тәртіп екен, екі жыл оқыдым. Оқуды бітіргеннен кейін Шихо қаласының қытай-қазақ консульствосында қызмет атқардым. Совет-қытай келісімі бойынша 1955 жылы Қазақстанға – туған жерге қайтуға рұқсат берілді. Мен өз еліме қайтуға арыз жаздым, маған туыстарыммен бірге 15 адамға елімізге қайтуға рұқсат қағазын берді. Рұқсатқа әйелім, бала-шағам, немере-бауырым, енемді, балдыздарымды қостым және асырап алған екі ұл бала кірді, оларға өз тегімді бердім. Бізді Қырғызстан шекарасынан өткізді. Қырғызстанда бір жыл тұрып, елімізге – Көкжыраға оралдық. Келе сала Көкпектінің балалар үйіне өткізген бауырларымды іздеуге кірістім. Бауырым Бақбергенді таба алмадым, өліп қалды ғой деймін (өйткені қатты ауырып келген болатын). Ал Інжуді таптым, ол Семейдің педучилищесін бітіріп, Тұғыл деген ауылда мұғалім екен. Екі аяқты мотоциклді жалдап Тұғылға барып, Інжуге жолықтым.
– Мен сенің Тәңірберген деген ағаңмын, – деп едім, Інжу сескеніп, сенбей ойланып, аң-таң болып қалды. Мені бөтенсіп, ойланып көп тұрды.
– Біз сандықтың үстінде ұйықтап жатқанда, бір жаман адамдар аяғымыздан ұстап лақтырып тастап, дорбадағы бидайымызды тартып алып кеткен. Одан кейін мен сені және Бақбергенді арбаға отырғызып, арбаның артынан жүгіріп отырғаным… – деп едім, бір уақытта Інжудің есіне өткеннің бәрі түсіп кетті, беті ағарып, көзден жасы ыршып-ыршып кетті, жүгіре келіп менің мойнымнан қатты қысып құшақтап алып, ұзақ нөсерлете жылады. Мен де көз жасыма ерік бердім. Қазақта мәтел бар «қырық жыл қырғын болса да, ажалы жоқ өлмейді» деген рас екен. Айтайын дегенім, қазағым аман болсын, қазақ елі мықты, ауқатты мемлекет болсын, қазақтың басына зобалаң, азап заман тумасын, аспанымыз ашық, бейбіт өмір болсын. Егемендігіміз мәңгілік жасасын!
Игілік ӘМІРҒАЛИН,
Астана қаласы



