Жүректерді тербеген «Жүрек сыры»

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында қазақ өнерінің нәзік жаны, мульти-аспапшы, жетігенші, өнертану магистрі, «Қорқыт» этноансамблінің мүшесі Мәдина Османованың «Жүрек сыры» атты шығармашылық кеші өтті.
Сыр мен сазға толы бұл кеш – жай ғана концерт емес, ғасырлар қойнауынан жеткен көне сарын мен бүгінгі заманның тынысы тоғысқан тұңғиық кеңістік. Осылайша, 100-ден астам күй мен әнді жетігеннің үніне икемдеп, қасиетті аспапқа жан бітірген шебер орындаушы Мәдина Османова сахнада өзіндік қолтаңбасын тағы бір мәрте дәлелдеді. Музыка кеші барысында қазақ күй өнерінің інжу-маржандары – Сүгірдің «Аққуы» мен Тәттімбеттің «Бес төресі» мүлдем жаңаша бояумен шертіліп, көрерменді тәнті етті. Сонымен қатар кештің ерекше тартуы ретінде әлемдік музыка жауһарлары қазақы нақышпен үндесті. Архиповский мен Альбенистің күрделі шығармалары жетіген тілінде жаңғырса, Пьяццолланың жалынды «Либертангосы» мен Ш.Қорғанбектің жүрек қылын тербейтін туындылары залдағы көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп, зор қошеметке ие болды. Сахна төрінде қазақ өнерінің саңлағы Арайлым Рахымқызы және «Қорқыт», «Қоңыр» ансамбльдері мен «Гәкку» жетігеншілер тобы өнер көрсетті. Жетігеннің күмбірі, сазсырнайдың сыры, сыбызғының мұңы мен шаңқобыздың тылсым үні бір арнаға тоғысқан сәтте, залда отырған әрбір көрермен рухани сапарды бастан кешкендей әсерде қалды.
– «Жүрек сыры» шығармашылық кеші ұлттық рухтың жаңғырығы, көне мен жаңаның ерекше үндестігі, жан мен жүректің шынайы тілдесуі ретінде елорданың мәдени өмірінде өзіндік өшпес із қалдырды. Кешке жиналған қауым өнердің шынайы құдіретіне куә болып, ерекше әсермен тарқасты. Солардың қатарында өзім де бармын, – дейді көрермен Олжас Мәнкей.
Шапағат ӘБДІР



