Ел тынысыРуханият

Өлең мен ғылымға қатар құлаш сермеген

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі ақын, әдебиеттанушы-ғалым, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Жанат Әскербекқызы Аймұхамбеттің 60 жылдық мерейтойына арналған «Заманауи әдебиеттанудың теориялық мәселелері және структуралистік-феноменологиялық зерттеулер» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференция ғалымның ғылыми-шығармашылық еңбектеріне арналған көрмеден басталды. Заманауи әдебиеттанудың өзекті теориялық мәселелерін талқылау, структуралистік және феноменологиялық зерттеулерді жүйелеу, сондай-ақ ғалымның мұрасын жан-жақты зерделеу мақсатында өткен жиынға қазақстандық, шетелдік ғалымдар, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, жас зерттеушілер мен әдебиет саласының мамандары қатысты.

Алқалы жиынды ақын, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай жүргізді. «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба…» деген ұстанымды өміріне темірқазық еткен ғалымның басты қырларының бірі – ғылым саласы. Ол ұзақ жылдар бойы әдебиеттану ғылымының өрінде еңбек етіп, өзіндік орны бар ірі зерттеушіге айналды. Ғалымның қаламынан туған монографиялар, оқу құралдары, оқулықтар мен ондаған жылдар бойы үздіксіз жарияланып келе жатқан ғылыми мақалалар оның ғылымдағы биік беделін айқындайды. Ғалымның келесі бір қыры – ұстаздық. Ол мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, бүгінде олардың еліміздің түрлі саласында табысты еңбек етіп жүрген білікті мамандарға айналуына жол ашты. Ал үшінші қыры – ақындық болмысы. Ол қазақ әдебиетінде Фариза Оңғарсынова сынды ірі тұлғалардың ізін жалғап, поэзия әлемінде биік деңгейге көтерілді» деп атап өтті ол конференцияның беташар сөзінде.

Мерейтой иесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты табысталып, «Алтын барыс» төсбелгісімен марапатталды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек және өзге де мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындары басшыларының құттықтау хаттары оқылды. Сондай-ақ ғалым еңбек етіп жүрген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарапынан арнайы «Гумилев» медалімен марапатталды.

Конференция аясында мерейтой иесінің өмірінен сыр шертетін бейнебаян ұсынылып, ғылыми еңбектерінің библиографиясы мен конференция материалдары жинағы таныстырылды. Осыдан кейін отандық және шетелдік ғалымдар баяндама жасап, Жанат Әскербекқызының еңбектері әдебиеттану, поэтика және ұлттық әдеби үдеріс тұрғысынан кеңінен талқыланды. Сонымен қатар ғалымның үш жаңа кітабының тұсауы кесілді.

Конференция жұмысы түстен кейін секциялық отырыстармен жалғасып, кешкі бағдарлама Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында өткен Жанат Әскербекқызының шығармашылығына арналған поэтикалық-музыкалық қойылыммен қорытындыланды.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button