Ұлы дала жыршысы

Елорданың Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №3 балалар кітапханасында өлең сөздің дүлдүлі, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Ұлы дала жыршысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Іс-шарада ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптар мен әдеби материалдар оқырмандар назарына ұсынылды. Жамбылдың «ХХ ғасырдың Гомері» атанғаны, қазақ әдебиетіндегі орны туралы айтылды. Өлеңдері туған жерге сүйіспеншілік пен патриотизмге толы екені сөз болды.
№2 «Дарын» мектеп-лицей-интернатының оқушылары домбырамен күй орындап, көрмеге ерекше рухани әсер сыйлады.
Жалпы қалалық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ақпараттық библиографиялық қызмет бөлімі «Әдебиеттің асқаралы алыптары мерейтойлық кітаптар шеруі» атты кітап көрмесін ұсынды.
Көрменің мақсаты – оқырмандарды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерімен таныстыру, олардың шығармашылығын насихаттау және рухани құндылықтарды дәріптеу. Материалдарының арасында Жамбыл Жабаевтың да мерейтойы қамтылған. Бұл көрме қала кітапханаларында жыл бойы қызмет көрсетеді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



