Астана қаласы Спортты дамыту дирекциясында еліміздегі конституциялық реформаларды түсіндіруге бағытталған жиын өтті. «ҚР жаңа Конституциясы жобасы: құқық, міндеттер және спорт инфрақұрылымын дамыту» тақырыбында өткен ашық пікірталас жиынына «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының Астана қалалық штабының мүшелері қатысып, жаңа заң жобасындағы білім, спорт, медицина саласына қатысты жаңашылдықтар туралы баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Дирекцияның 50 шақты спорт жаттықтырушыларымен кездесуге Астана қалалық мәслихатының депутаты Давид Лория, Республикалық жас кәсіпкерлер лигасының төрағасы, Жалпыұлттық Коалицияның Есіл ауданы бойынша филиалының мүшесі Мерхат Жылқыбаев келді.

-Бүгінде қазақстандық спортшылар халықаралық аренада ел намысын қорғап, көк Туымызды биікке көтеріп жүр. Мұндай нәтижелердің артында жеке еңбекпен қатар кадр даярлау, ғылым, әдістеме және жүйелі институционалдық жұмыс тұрғанын ұмытпау маңызды. Осы тұрғыда спорт саласындағы білім беру мен кәсіби дайындыққа ерекше мән берілуі тиіс. Осындай ашық диалогтар алдағы қадамдарды нақтылап, жүйелі жұмыстың негізін қалыптастырады. Сол жұмыстарға бастау болатын жаңа Конституция жобасы бойынша өтетін референдум – тек саяси рәсім емес. Бұл – қоғамдық келісімді құқықтық негізде бекіту тетігі. Саяси жүйенің тұрақтылығы декларациямен емес, рәсімнің заңдылығымен қамтамасыз етіледі. Референдум осы қағидатты нығайтады. Қоғам сенімі – ең маңызды саяси капитал. Оны сақтау мен нығайтудың жалғыз жолы – ашық рәсім, заң үстемдігі және нәтижеге бағытталған саясат. Алдағы референдум – жауапкершілікті қайта құрылымдау кезеңінің жалғасы. Бұл – мемлекеттің институционалдық беріктігін арттыруға бағытталған саналы таңдау, — деді М. Жылқыбаев.

Ал Д. Лория спорт саласының өкілі ретінде бұқаралық және кәсіби спортты жүйелі қолдау, спорттық инфрақұрылымды нығайту, болашақ чемпиондарды тәрбиелеу үшін тұрақты жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды.
— Бұл салада әлеуметтік кепілдіктерге, балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға, спорт нысандарына тең қолжетімділікке және қаржыландырудың ашықтығына ерекше назар аударылады. Аталған мәселелер саланың ұзақ мерзімді дамуына тікелей әсер етеді. Спортшылардың белсенді азаматтық ұстанымы, елдің беделін нығайтуға қосқан үлесі және өз ісіне адалдығы үшін шын жүректен алғыс айтамын. Күшті спорт — ареналардағы жеңістер ғана емес, бұл мықты және болашаққа сенімді мемлекеттің іргетасы, -деді мәслихат депутаты.

Оның айтуынша, жаңа Конституция басқару принциптерін анықтайды, азаматтардың құқықтарын бекітеді және билік әрекет етуі керек нақты ережелерді белгілейді.
-Бүгінгі таңда мұндай өзгерістер тек саясатқа ғана емес, сонымен қатар адамдардың әлеуметтік қолдау мен отбасын қорғаудан бастап қоғамдағы әділеттілік пен қауіпсіздікке дейінгі күнделікті өміріне де қатысты екенін әркімнің түсінуі маңызды. Елдің болашағы азаматтардың белсенді ұстанымы арқылы қалыптасады. Қоғамның қатысуы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым сенім, тәртіп және жауапкершілік артады. Осы ретте бүгінгідей кездесулерде жаңа Конституция жобасын талқылауға азаматтардың белсенді атсалысуы қуантады, олар өздеріне қатысты өткір сұрақтар қойып, ұсыныс, пікірін еркін білдіруде, — деді депутат.
Райхан Рахметова



