Білім

Инклюзивті білім мен ұлттық тәрбиені тоғыстырды

Елордадағы №61 «Шолпан» балабақшасында ерекше қажеттілігі бар балалар арасында «Сәулелі тастар» атты қалалық жарыс өтті. Сайыс «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығымен бірлесе ұйымдастырылды.

Яғни мектеп жасына дейінгі ерекше білім беруді қажет ететін балалардың логикалық ойлау қабілетін дамыту және ұлттық ойынға деген қызығушылығын арттыру мақсатында өтті. Барлығы 20-ға жуық бала қатысып, «Бестемше» ұлттық ойыны бойынша сайысқа түсті. №61 «Шолпан» балабақшасында «Бестемше» ұлттық ойыны авторлық бағдарлама ретінде ұсынылып, балалардың қызығушылығын тудырған еді. Кейін «Сәулелі тастар» атауымен ойынның бейімделген формасы енгізілді. «Сәулелі тастар» ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы екі қазан, он отау және елу тастан тұрады. Тас­тар әр отауға бес-бестен салынады. Ойын барысында балалар сәулелі тастарды санау, түстеріне қарай ажырату және рет-ретімен орналас­тыру тапсырмаларын орындайды. Бұл әрекеттер баланың зейінін шоғырландырып, моторикасын дамытуға бағытталады.

Ұлттық жарысқа арнайы қатысқан Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина мен «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының басшысы Жанар Бейсенбаева аталмыш ойынның маңызына тоқталды.

– Ерекше қажеттіліктері бар балалар өз құрбы-құрдастарымен тең деңгейде білім алуға құқылы. Әр балаға қоғамға пайда келтіруге және оның толыққанды мү­шесі болуына мүмкіндік беру – инклюзивті білім берудің негізгі мақсаты. Осы ретте бас қала балабақшаларының бағдарламасына «Бестемше» ойыны енгізілді. Бүгінде аталмыш бағ­дарламаның жүзеге асып жатқанына бір жылдан асты. Бұл – ұлттық тәрбие мен инклюзивті білім беруді үйлестіретін тиімді тәжірибе, – деді өз сөзінде Ә.Бимендина.

Қорытынды кезеңде топ жарған балалар жүлделі орындармен марапатталып, бүлдіршіндерге арнайы дипломдар табысталды.

Индира БЕРЖАНОВА

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button