Бекзат туралы туынды

Астанада белгілі жазушы Бейбіт Сарыбайдың жиырма жасында қазақ спорты көгінен жарық жұлдыздай ағып түскен Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов туралы «Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмір» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Бұл туынды кәсіпкер Махат Төрәлінің идеясымен және демеушілігімен жарық көрді. Ол өз сөзінде Бекзатты студент кезінен үлгі тұтқанын, оның тұлғасы өскелең ұрпақтың бой түзеуіне әлі талай сеп болатынын, осы кітап сол себептен жазылғанын атап өтті. Таныстырылымға арнайы қатысқан Бекзаттың анасы Сырлыкүл Шойбековаға пәтер кілтін тапсырды. Бекзатпен қатар шаршы алаңда атой салған боксшы Болат Жұмаділов пен Бейбіт Сарыбайдың иықтарына қазақы дәстүрмен шапан жапты.
Бекзат бір әулеттің емес, елдің баласына айналды. «Менің намысым – қазақтың намысы» деп үнемі айтатын спортшы Сиднейдегі жеңісімен қазақ даңқын әлемге асқақтатты. Осыны айтқан Сырлыкүл ана кітап авторы мен демеушілеріне, іс-шараға жиналғандарға алғысын айтты.
Сенат депутаты, белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп «Жас бала туғанда анасы жөргекке орайды. Ол өсіп, азамат болса, елін сүйсе, жұртына адал қызмет етсе халық ондай ұлды жүрегіне орайды» дей келе, Бекзаттың тұлғасына тоқталды. Мәжіліс депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан кітап авторы Бейбіт Сарыбайдың қаламгерлігі, оның туындысының оқырманға берері жөнінде сөз сабақтады. Сондай-ақ белгілі ақын, Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы, Олимпиада ойындарының екі мәрте күміс жүлдегері Болат Жұмаділов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты Баян Хасанова, жазушы Қанат Әбілқайыр сөз сөйлеп, кітапқа қатысты өз ойларын айтты.
Бекзаттың атына елімізде көшелер, спорт нысандары берілді. Елордада да Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені бар. Таныстырылым дәл осы ғимаратта өтті. Іс-шараны түйіндеген кітап авторы Бейбіт Сарыбай туынды жазылуының мақсаты, қысқаша мазмұны туралы әңгімеледі.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ