Оқырмандар мерекесі

Бейбітшілік және келісім сарайында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен Ұлттық кітап күніне орай салтанатты іс-шара мен кітап көрмесі өтті.
Белгілі қаламгерлер, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, «Атамұра», «Жазушы», «Дәуір», «Фолиант» және басқа да баспалардың басшылары, облыстық кітапханалардың директорлары мен ұстаздар қатысқан іс-шарада «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқауға соңғы екі жылда жарық көрген қазақстандық авторлардың кітаптары қабылданды. Жеңімпаздар 9 номинация және бір гран-при бойынша анықталды. Олардың қатарында «Ең үздік балалар кітабы», «Ең үздік комикс», «Нон-фикшн жанрындағы ең үздік кітап», «Ең үздік детектив», «Сатира жанрындағы ең үздік кітап», «Ең үздік иллюстрацияланған кітап», «Ең үздік аударма кітап», «Фантастика жанрындағы ең үздік кітап» және «Ең үздік баспа» иегерлері бар. Ал байқаудың гран-при жүлдесі «Жыл кітабы» аталымына берілді. Бұл байқауға 120 өтінім қабылданған. Жалпы сыйақы қоры – 41,5 млн теңге. Номинация жеңімпаздары І, ІІ және ІІІ орындарға ақшалай жүлде алса, гран-при иегері 5 млн теңге көлемінде сыйақыға ие болды.
«Биыл біз алғаш рет Ұлттық кітап күнін атап өтіп отырмыз. Бұл Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Сондай-ақ Ұлттық академиялық кітапхананың құрылғанына 21 жыл толып отырғанын ерекше атап өткім келеді. Бұл – тек кітапханалар үшін ғана емес, кітап баспалары үшін де мереке. Халық айтпақшы, кітапхана – автор мен оқырман арасындағы алтын көпір. Бүгінде еліміздің барлық кітапханасында мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр, ал осы күн аясында мыңнан астам түрлі іс-шара ұйымдастырылды» дейді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының орынбасары Әлия Қожабекова.
Іс-шара аясында сирек кітаптар мен қолжазбалар көрмесі, Жеңістің 80 жылдығына арналған әдебиеттер және былтыр ғана мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген 200-ге жуық кітап пен иллюстрациялар қойылған көрме ұйымдастырылды.