Мәдениет

Жыр Жұбанын еске алды

Астана қаласындағы «Қаламгерлер аллеясында» көрнекті ақын, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығына арналған «Жыр алаңындағы Жұбан» атты поэзиялық кеш өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Шараны «Астана қаласы Мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесі мен «Астана қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлесіп ұйымдастырды.

Кеш барысында Жұбан Молдағалиевтің шығармашылығы мен өмір жолы кеңінен насихатталып, ақынның рухани мұрасы еске алынып, ақынның отты жырларынан үзінділер оқылып, оның азаматтық болмысы мен әдеби мұрасы туралы тағылымды ойлар айтылды.

«Астана қаласы Мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесінің директоры Жангелді Бимолдин архивтің поэ­зиямен байланысына тоқтала келе, ақын шығармашылығына қатыс­ты сақталған құжаттар мен қолжазбалардың көпшілікке ұсынылуының маңыздылығын атап өтті.

Ал ашық аспан астындағы сахнада ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері Жұбан Молдағалиевтің кеңестік кезеңдегі ерлікке пара-пар шығармашылық батылдығын атап өтті. Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай мен белгілі ақын Сұраған Рахметұлы Жұбан шығармаларының ұлт руханиятындағы орнына тоқталып, жылы лебіздерін білдірді. Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы Жұбан Молдағалиевтің заманауи көзқарас тұрғысынан маңызын сөз етіп, оның шығармаларындағы партиялық тақырыптардың цензура мен заман талабынан туғанын архивтік материалдар арқылы дәлелдеді.

Кеш барысында ақынның әйгілі «Мен – қазақпын» поэмасынан үзінділер оқылып, көрнекті композитор Ілия Жақановтың әніне жазылған өлеңдер шырқалды. Сонымен қатар, көрмеге ақынның жиырмадан астам кітабы, өлеңдерінің бірнеше нұсқалары және цензураға байланысты өзгертілген жолдары қойылды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button