Мәдениет

Ғұн бабаларды күйге қосты

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің ұйымдастыруымен күйші-композитор, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тұрар Әліпбаевтың «Ғұн бабалар» атты шығармашылық кеші өтті.

Тұрар Әліпбаев – елімізге кеңінен танымал күйшілердің бірі. Ол бұл кешті Дина Нұрпейісованың – 165, Ахмет Жұбановтың – 120 және өзінің ұстазы Қаршыға Ахмедияровтың 80 жылдықтарына арнады.

Күйшінің репертуарында қазақтың әртүрлі дәстүрлі мектептерінің күйлерімен қатар, әлем халықтарының музыка туындылары орын алады. Сонымен бірге ол – жеке домбыра мен оркестрге арналған көптеген күйдің авторы.

Концерт кеші күй атасы Құрманғазының «Серпер» күйімен ашылып, кеш иесінің «Күй бата» шығармасымен жалғасын тапты. Бағдарлама барысында Қазанғап, Дина, Өскенбай, Қаршыға Ахме­дияров сынды даңқты күйші­лердің таңдаулы туындылары орындалды. Сондай-ақ Тұрар Әліпбаевтың төл туындылары «Сатай баба», «Болат Ақжелең», «Тасқын», «Әбіш Таған», «Саяқ-ысық Ақжелең», «Өмір дастан», «Атырау асқан» және «Ғұн бабалар» күйлері көрерменді күй әлеміне жетеледі. Оркестрге Қазақстанның халық әртісі Айтқали Жайымов дирижерлік етті. Сонымен қатар Тұрар Әліпбаев Айт­қали Жайымов­тың танымал шығармасы – «Шалқыманы» шәкірттері Әмина Бошымова және Айым Бекбаевамен бірге орындады. Кештің ерекше сәтінің бірі – Тұрар Әліпбаев­тың Ахмет Байтұрсынұлының «Арман» күйін орындап, оның тарихы туралы мазмұнды әңгімелеуі. Кеш қонақтары Светлана Айтбаева мен Ерлан Рысқали өнерін паш етті. Педагог-күйшінің талантты шәкірті, Павлодар қаласының Дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының басшысы Серік Қасымханұлы өзінің ұстазына арнаған «Тұрар Ақжелең» күйін тарту етті. Соңында мемлекет және қоғам қайраткері Ералы Тоғжанов мемлекеттік ұйымдар атынан алғыс хаттар табыстады. Кеш күй атасы Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен ­қорытындыланды.

 Толқын СҰЛТАНОВА   

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button