Басты ақпаратҚала мен сала

Туризмді дамытуға мүмкіндік мол

Астанада «Қазақстан-­Қытай туристік диалогы» тақырыбында халықаралық жиналыс өтті.

Қазіргі заман экономикасын дамытудың өрісті жолы саналатын туризм саласының өзекті мәселелерін ортаға салып, өзара тәжірибе алмасу, екі елдің туристік саладағы ынтымақтастығын одан әрі тереңдету мақсатында өткен басқосуға Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов, Қытай туризм академиясының президенті Дай Бин, сондай-ақ ҚХР-ның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері, Астана даму орталығы басқармасының, қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, Ресейдің туризм саласы бойынша халықаралық ынтымақтастық қауымдастығының басшысы қатысты.

Қазақстан Республикасының бастамасымен 2024 жыл «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» деп жарияланғанын айрықша атап өткен Ербол Мырзабосынов Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режимнің енгізілуіне байланысты Қазақстанға саяхаттап келетін Қытай туристерінің саны айтарлықтай артқанын алға тартты.

«Визасыз режим енгізілгеннен кейін Қытайдан келетін туристердің саны 20 пайызға артып, 367 мың адамға жетсе, биыл 10 айда олардың саны жарты миллионнан асты. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 30 пайызға көп. Екі ел арасында әуе рейстері де көбейді. Қазір 42 тұрақты рейс, 7 жанама рейс бар. Туризм жылы аясында екі елде 30-ға жуық іс-шара өтті. Қытайдағы Қазақстан туризм жылын өткізу екі ел арасындағы ынтымақтас­тықты дамытуға тың серпін беретіні анық» деді министр.

Әкімнің орынбасары Евгений Глотов бас қаланың қазіргі туристік әлеуеті мен оның Қытай-Қазақстан ынтымақтас­тығын тереңдетуге қосқан үлесіне тоқталды.

– Қазақстан мен Қытай ұзақ жылдан бері өзара тиімді ынтымақтастықты қарқынды дамытып келеді. Қазақстанның елордасы болған Астана осы ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады. Қазір екі ел «бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында белсенді жұмыс істеп, тамаша нәтижеге қол жеткізді. Астана Қытайдың Бейжің, Үрімжі қалаларымен болған қарым-қатынасты нығайта түсті. Бұл байланыстар екі ел арасындағы достық байланыс­ты тереңдетіп қоймай, өзара түсінікті де тереңдете түсті.

«Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» аясында бірігіп ұйымдастырған сәтті іс-шаралардың арқасында қытайлықтар Қазақстанның мәдениетімен, туристік әлеуетімен жақын танысты. Бұл туризм саласының дамуына берік негіз қалады. Астана қазір Қазақстанның әкімшілік және экономикалық орталығы ғана емес, турис­терді де көбірек баурайтын көркем қалаға айналды. Қазір бас қалада 270 қонақ үй, 60-тан астам көрнекті орын бар, «Астана Балет», «Астана Опера», «Ұлттық мұражай» сынды нысандар Астанаға келген туристердің арнайы ат басын бұратын жарқын түйіндерге айналып отыр. Қазір елорда әуежайы 16 елден 31 бағыт бойынша әуе рейсін жүзеге асыруда, – деді Евгений Глотов.

Алқалы жиында Қытай делегаттары атынан сөз сөйлеген Қытай туризм академиясының президенті Дай Бин биыл Астанаға төртінші мәрте келгенін, әр ретте де бас қаланың үлкен өзгерістерін көріп таңғалғанын айта келіп, қытайлық турис­тердің Қазақстанға саяхаттап келуге деген қызығушылығы күннен-күнге ар­тып келе жатқанын айтып, қытайлық туристерді Қазақстанға көптеп тарту жағындағы ойларымен бөлісті.

– Қытайдың туристік нарығы – әлемдегі ең ірі нарықтың бірі. Биылғы жылды алып айтсақ, өткен үш маусымда шетелдерге саяхаттап барған қытайлық туристердің саны 92 миллионнан асып түсті. Тек Қытайдың Республика күні мезгіліндегі 7 күндік демалыста 2677 миллион қытайлық шетелге туристік сапармен барған. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді деп ойлаймын. Өйткені шекаралас қоныстанған екі ел арасында көліктер іркіліссіз қатынап, әуе рейстерінің саны молайды. Екі ел арасындағы визасыз режим екі ел туризмінің дамуына оң әрі тың серпін беретініне талас жоқ. Шынын айтайын, бұрын біздің елде, әсіресе, ішкі Қытайда Астана, Алматы деген қалаларды қойып, Қазақстанның өзін көп ешкім біле бермейтін. Ал қазір «Алма мекені – Алматыға саяхаттап барсам», «Астанаға барып Димаштың концертін көрсем» деп жүрген қытайлықтар көп. Бұл – Қазақстанның туристік мүмкіндігінің артып келе жатқанының дәлелі. Енді осы мүмкіндікті пайдаланып, туристерді тартудың ұтымды жолдарын қарастыру керек, – деді Дай Бин.

Қытай мен Қазақстан – тарихи, мәдени және экономикалық байланысы терең көршілес ел. Олардың арасындағы гео­графиялық жақындық пен сая­си ынтымақтастық туризм саласының дамуына үлкен әсер етіп отыр. Қазақстан өзінің көркем табиғатын, тарихи және мәдени мұрасын, заманауи инфрақұрылымын көрсету арқылы Қытай туристерін көптеп тарту мүмкіндігіне ие. Ал Қытай туристерінің көптігі мен нарықтың кеңдігі Қазақстан үшін үлкен тиімділік екені айтпаса да түсінікті жайт. Аталған саладағы бірлескен жобалар мен ынтымақтастықтың күшеюі Қазақстан мен Қытай арасындағы туризмнің болашағын айтарлықтай жақсартатыны анық.

Биыл маусым айында ­Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен туризмді дамыту жөніндегі кеңес өткен болатын. Ең алдымен, туризм әлемдік экономиканың қарқынды дамуына ықпал етіп отырған әрі инвесторлар үшін тартымды сала екенін атап өткен Мемлекет басшысы «Қазіргі таңда әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты. Дүние жүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы және салық түсімдерінің 5 пайызы туризм арқылы түседі. Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар. Бірақ экономиканың маңыз­ды саласы саналатын туризм әзірге бізге тиімді болмай тұр. Соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Бұған қоса, аталған көрсеткіш бойынша біз климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдерге де есе жіберіп отырмыз. Туризм саласы қарқынды түрде даму үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет екені анық» деген болатын. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы деп жарияланғанын еске салып, көрші елден туристерді көбірек тарту үшін мәдени әлеуетімізді пайдалану, шекара маңындағы туристік ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беру маңызды екеніне назар аударған еді.

Халықаралық зерттеулерге сәйкес, саяхатшылардың 70 пайыздан астамы ұшақпен 4 сағат айналасында жететін демалыс орындарына барғанды жөн көреді. Демек Қытай, Үндістан, Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдерінен келетін туристер үшін Қазақстан өте тартымды туристік аймақ саналады.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button