Сарайшықтың сан қырлы тіршілігі

Мегаполисіміздің ең жаңа ауданы – Сарайшықтың құрылғанына биыл 2 жыл толады. Астана қаласы мәслихатына осы ауданның №4 сайлау округінен депутат болып сайланған Мәдина Берікболқызынан жас ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен өзекті мәселелері қалай шешімін тауып жатқанын сұрап білдік.
Депутаттың айтуынша, аталған округке Р.Қошқарбаев даңғылынан бастап «Гранд Астана», «Higvill» тұрғын үй кешендері, Бейбітшілік және келісім сарайы, Қаллеки театры, «Әзірет Сұлтан» мешітін қоса алғанда, Binom мектебіне дейінгі аралық жатады. Округтегі тұрғындарды жиі мазалайтын мәселенің бірі – құрылыс қарқынды жүріп жатқан жаңа ауданда мердігер мекемелердің үйді өз уақытында тапсырмауы. Көбіне олар үйдің құжатын беріп болмайды, инженерлік желілерін коммуналдық мекемелер балансына өткізбей, созып алады.

Мәслихаттағы басқа да депутат әріптестерімен бірге Сарайшық ауданы әкімдігіне барып, көшпелі отырыс өткенде де көпті толғандырған өзекті мәселелер талқыға түседі. Сондай жиындарда тұрғындарды алаңдатқан негізгі мәселелер – жолдарды жөндеу және салу, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, аулаларды абаттандыру және көгалдандыру, көшелерді жарықтандыру және бейнебақылау камераларын орнату, апатты және ескі үйлерді ысыру.
– Жеке қабылдауға келетін тұрғындар «Халық қатысатын бюджет» жобасына өте алмай жүргенін айтып, бірқатар мәселені көтереді. Тұрғындарды ауланы абаттандыру, көліктердің ретсіз қойылуы, қыс мезгілінде қардың уақытылы тазаланбауы алаңдатады. Осы мәселелерді қағаз жүзінде емес, нақты шешу үшін жауапты мамандармен бірге барып қараймыз. Тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз. Ең бастысы, ештеңе назардан тыс қалмайды, – дейді М.Әжікенова.
Жаңа аудан болғандықтан, тұрғындар паркингтің коммерция мақсатында пайдаланылуын, инженерлік желілердің жылдар бойы балансқа берілмеуін, абаттандыру жайын жиі көтереді. Белсенді тұрғындардың көтерген мәселелері үй жанындағы дүкендердің жұмысына, көршілес жердегі құрылысқа да қатысты. Көше иттерінің қауіпсіздігі, құрылысқа қатысты сұрақтар және жақын маңдағы алкоголь сататын дүкендер жайы да көтеріледі. Әр бағытқа жауапты әкімдік мамандары түсініктеме беріп, алдағы шешу жолдары бойынша ақпарат береді.
– Қала мен аудан әкімдігімен бірлесе отырып, оң шешімін тауып жатқан мәселелер де жетерлік. Атап айтқанда, аудандағы Ұлы дала даңғылы мен Ш.Қалдаяқов көшесі қиылысында бағдаршам орнатуға септік еттік. Тағы бір өзекті мәселе – «Жол картасын» жүзеге асыру аясында Тәуелсіздік көпірін жоспардағы мерзімнен ертерек пайдалануға беруге ықпалымызды тигіздік. Бұл осы маңдағы көлік кептелісін шешуге едәуір ықпал етті. Сондай-ақ менің округімде 4 мектептің, яғни №72, 73, 83, 86 мектептер жанына 600 орындық қосымша ғимарат салдыруға өз үлесімді қостым. Себебі аталған мектептер қазіргі жүктемеден аз оқушыны қабылдауға шақталып жобаланған, ал балалар санының артуы қосымша құрылысты қажет етуде. №74 мектеп-гимназия бойынша да 600 орындық қосымша құрылыстың жоба жұмысына қаражат бөлінді. Соңғы жылдары осы округте №102, 113 «Келешек мектептері» іске қосылды, тұрғындарды жылы аялдамалар салу мәселесі де толғандырып, ол да шешімін табуда. «Отан» тұрғын үй кешенінің кәріз суына қатысты мәселе әкімдікпен бірге шешімін тапты. №113 мектептің қасынан өтетін LRT астын жарықтандыру мәселесі шешілді. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қала халқы үшін қолайлы жағдай жасау. Жүйелі шешімді қажет ететін мәселелер депутаттардың 24/7 бақылауында. Осы бағыттағы жұмысымыз үздіксіз жалғаса береді, – дейді депутат.
Тұрғындар тілегі және қала әкімінің қолдауымен «Bravo Family» тұрғын үй кешенінің маңында көптен күткен жаңа сквер пайдалануға берілді. Осы ретте депутат сквердің қысқа мерзімде дайын болуын Сарайшық ауданы әкімдігінің үйлесімді жұмысының нәтижесі деп бағалады. Мұнда балалар мен жастарға арналған спорт және ойын алаңдары, тренажерлер, демалуға арналған орындар мен жасыл аймақтар бар. Ең қуаныштысы, аумақты көркейту мақсатында 400-ге жуық жасыл желек отырғызылды. Бұл – тұрғындардың жайлылығы мен салауатты өмір салтына бағытталған нақты қадам.
Райхан РАХМЕТОВА



