«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде жұмыс кездесуі өтті

«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Есіл ауданының прокуратурасы Әділет департаменті, Полиция басқармасы, Мемлекеттік кірістер басқармасы және жеке сот орындаушыларының қатысуымен жұмыс кездесуін өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Кездесу барысында алименттерді және мемлекет кірісіне өндірілетін ақшалай қаражаттарды өндіру туралы сот актілерін орындау мәселелері, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыру шаралары талқыланды.
Борышкерлердің жүрген жерін анықтау, олардың табыстары мен мүлкін анықтау, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және сот актілерін орындаудан жалтарған тұлғаларға қатысты уақтылы шаралар қабылдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесуге қатысушылар сот актілерінің толық әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және сот актілерінің орындалуының бұлтартпастығы қағидатын сақтау мақсатында уәкілетті органдар мен жеке сот орындаушыларының күш-жігерін біріктіру қажеттігін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша сот актілерінің орындалу тиімділігін арттыруға, проблемалық мәселелерді жедел шешуге және заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.



