«Жадыраған жаз» маусымдық би кеші өтті

Астана қаласы әкімдігінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Сарыарқа ауданы бойынша әлеуметтік қызметтер көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен «Арбат» алаңында «Жадыраған жаз» атты жазғы маусымдық би кеші өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – зейнеткерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, белсенді өмір салтын насихаттау, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және көтеріңкі көңіл-күй сыйлау болды.
Кештің шымылдығы жүргізушілердің жүрекжарды құттықтауымен ашылып, қатысушыларды достық пен шаттыққа толы мерекелік атмосфераға жетеледі. Бағдарлама барысында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды.

Көрермендер «Сарыарқа» би тобының орындауындағы заманауи «Хип-хоп» биін тамашалап, ерекше әсер алды. Сонымен қатар, Салиха Мулдаеваның орындауындағы «Аппақ ниет» және «Айналайын қыздар-ай» әндері кеш қонақтарының көңілінен шығып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Іс-шара барысында «Гаухартас» би тобы «Жалын» биін, «Сарыарқа» би тобы «Марджанджа» биін, республикалық байқаулардың лауреаты «Әдемі дәуір» би тобы «Мария Магдалена» биін және «Шабыт» би тобы «Куканелла» биін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Концерттік бағдарлама барысында қатысушылар әнге қосылып, бишілермен бірге би билеп, жаздың жайдары кешін ерекше әсермен өткізді. Кеш соңында барлық қонақтар ортаға шығып, еркін форматтағы дискотекаға қатысып, жастық шақтың жарқын естеліктерін жаңғыртты. Осындай игі шаралар зейнеткерлердің қоғамдық өмірге белсенді араласуына, жаңа достар тауып, өзара қарым-қатынасты нығайтуына мүмкіндік береді. «Жадыраған жаз» би кеші де қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұмытылмас әсер қалдырды.
Кеш барысында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров, Сарыарқа ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Кенжеболат Бапишев пен ардагерлер кеңесінің өкілі Уляш Кусаинова жиналған қонақтарды демалыс кешінің ашылуымен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ұйымдастырушылар жазғы би кештері Арбаттағы демалу орнында әр айдың екінші және төртінші бейсенбісінде өткізілетін атап өтіп, барлық қала зейнеткерлерін келесі кездесулерге қатысуға шақырды.



