Басты ақпаратРуханият

Журналист жемісі

6.06.2026. Алтылықтар тоғысқан осы күні қолдарыңызға газетіміздің 66-нөмірі тиіп отыр. Бұл – бірінші сәйкестік. Екіншіден, дәл осы сенбіде 66 жылы дүниеге келген елге танымал бір азамат асқаралы алпыс жасқа толды. Әңгіме – белгілі журналист, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығы мен ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп туралы.

Жалпы «6» саны Ғабит Іскендерұлының өмірінде ерекше орын алады. Алтыншы айдың алтысы күні, қос алтыны біріктірген Жылқы жылы туғанымен қатар, осы сан жақсылықтарға жетелеп келе жатыр. «Өзіне құт көріп, ырысы мол ырымға балайтынындай-ақ, Ғабиттің өмірінде «алтылықтың» құны алтынмен бағаланатыны рас» дейді кейіпкеріміздің барлық сырын білетін курстасы Серікқали Мұқашев.

Қаламгер курстасының сөзін әрі қарай тарқататын болсақ, Ғабит Мүсіреп – «атадан – алтау», яғни алты ағайынды. «Алты жасында таңдайы тақылдап тақпақ тұрмақ, тарихи дастанды жатқа айтып, жазудың «жанын жарқылдатқан» оның КазГУ-дің журфагына да алуан түрлі себептің арандатуымен алтыншы айналымнан ғана бағы жанып, оқудың жілігін, «подкурсты» қосқанда, алты жыл бойы кемірген. Басқаны былай қойғанда, Ғабаңның ақылына көркі сай болашақ жарының да Гоголь көшесіндегі Сұлулар институты жатақханасының №6 бөлмесінен кездескенін қараңыз… Бұл аз десеңіз, Астанада алғаш қоныс тойын тойлаған үйінің де, одан бұйырған алтын ұясы – пәтерінің де, онда қойдырған телефонның да нөмірлері «алтыдан» басталып, «алтымен» аяқталатындығы тағы бар» деп жазған еді Серікқали Мұқашев «Біздің                           Ғабит Мүсіреп» атты                                                     мақаласында.

Біздің бұған қосарымыз, «6» саны математикалық тұрғыдан алғанда толық (бүтін) сан болып саналады. Сонымен қатар, өзінің бөлгіштерінің (1, 2 және 3) қосындысына тең болғандықтан, «кемел (толық) сан» деп те аталады. Қазір трендке айналған ЖИ-ден бұл сан туралы сұрағанымызда осылай деп жауап берді. Иә, Ғабит Іскендерұлы қазір нағыз кемел шағында тұр. Жастайынан таудай талап танытып, осы күндерге жетті. Екінші курста оқығанында-ақ «Өркен» республикалық студент-жастар газетінде өндірістік практикадан өтіп, басылым басшысы Алтынбек Сәрсенбайұлы талантын тап басып, қызметке қабылдады. Ал оқуды бітірер бесінші курста «Егемен Қазақстан» газетіне келді. Арада басқа басылымдарға барғанмен, ақырында бас газетке қайтып оралып, тізгінін қолына алды.

Айтпай кетпеске болмайтын бір жайт, «Егемен» редакциясы елордаға қарай бет бұрғанда көштің алғашқы легімен Астанаға Ғабит Мүсіреп те келді. Осында дүниеге келген екінші перзентіне журналистикадағы ұстаздары Ержұман Смайыл мен Рысбек Сәрсенбайұлының ұсынысымен Астанай есімін берді. Осы мысалдан-ақ оны бас қаланың патриоты деп атауға болады. Жақсы шәкірт болып қалмай, елордада қазір біраз танылып қалған жас журналистерді тәрбиеледі. Біз танығанда Ғабит Іскендерұлы «Нұр Астана» газетінің бас редакторы еді. Осы басылымнан Арнұр Асқар, Ғанибет Ғалымбекұлы, Айбек Тасқали, т.б. жігіттер өсіп шықты. Қазір де жас журналистер «Егемен» қабырғасында Ғабит Мүсірептің мектебінен өтіп, шыңдалып жатыр.

Кейіпкеріміздің өмір жолына үңілгенде, «Айқара» газетінің бас редакторы, «Рауан» баспа үйі» ЖШС-нің бас директоры әрі бас редакторы болғанын да айта кеткен жөн. Осы күндерге дейін «Рухыңды түсірме, ұлым», «Тарихты тұлғалар жасайды», «Тоғызыншы территория» атты публицистикалық жинақтары жарық көрді. Қай тақырыпты, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени, әдеби салаларды алсаңыздар да, Ғабит Іскендерұлының қаламы жорғалай кетеді. Мәселен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдарламасымен соңғы шыққан «Тоғызыншы территория» кітабында танымдық, сараптамалық мақалалары топтастырылды. Мұндағы туындылар тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің рухани және саяси қалыптасу кезеңін, ұлттық құндылық ерекшелігін, тарихи тұлғалар болмысын, тарихи тамырлар сабақтас­тығын қамтиды. «Талап пен таным», «Ел мен ер», «Желтоқсан жаңғырығы», «Тоғыздыққа тиген тоқсан жол» атты төрт бөлімді еңбек ұлт тағдырына, ел мәселесіне қызығушылық танытатын оқырманды бейжай қалдырмайды.

Бұл кітапты талдамай-ақ қояйық, кезінде бұл кітап туралы белгілі журналист Кәрібай Мұсыр­ман жақсы пікір жазды. «Тоғызыншы территория» кітабы оқырманды ойға қалдырмай, толғандырмай қоймайды. Әсіресе қазіргі алмағайып заманда оң мен солын айыра алмай, ғаламтордағы арандатушылардың ауыздарына келгенін айт­қан сұрқия сөздеріне еріп, адасып жүрген албырт жастар мен аңғал ағайынның көзін ашарлықтай дүниелер кеңінен қамтылған. Сондай-ақ жинақ – журналистиканың шеберлік шыңын бағындыруды мақсат тұтқан кейінгі толқын үшін маңызды оқулық боларлықтай құнды еңбек» деп түйіндейді бұл кітап туралы пікірін қаламгер.

Бірақ Ғабит Мүсіреп екеумізге ортақ кейіпкер жайында аз-кем айта кетейік. Бұл – ұлты басқа болса да, мемлекетқұрау­шы қазақ ұлтының мүддесіне қызмет еткен Александр Княгинин. Ол Жоғарғы кеңес депутаты болған еді.

«Тіл туралы» заң елі­мізде алғаш рет 1989 жылдың 22 қыркүйегінде қабылданды. Ол уақытта Кеңес Одағы тарамаған. Қазақстан да КСРО құрамында болды. Заңда қазақ тілі мәртебесі мемлекеттік тіл ретінде айқындалды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданған тұңғыш Конституцияда да «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп анық жазылды. Сол кезде Жоғарғы Кеңес депутаттарының арасында орыс тілін алдыға, жетекші орынға шығарғысы келгендер болды. Бірақ бұларға Александр Княгинин қосылмады. Ол керісінше, қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қабылдануын жан-тәнімен құптап, соған дауыс берді. «Қазақ тілі тек қана осы жерде, Қазақстанда өмір сүріп, гүлденеді. Қазақтарға ана тілдерін қайтару керек. Олай болмаған жағдайда одан айырыламыз» деді Княгинин сол кездегі жиындардың бірінде сөйлеген сөзінде.

Осындай азаматтың ел үшін сіңірген еңбегі жайлы Ғабит Іскендерұлы жеріне жеткізіп жазды. Елорданың «Шұбар» тұрғын алабында Александр Княгинин көшесі бар. Бірақ осымен тоқтамау керек деп есептейді қаламгер. «Әйтсе де, тәуелсіз елдің қалыптасуына айрықша үлес қосқан Княгининді жан-жақты насихаттау артықтық етпейтіні сөзсіз. Болашақ ұрпақтың бойына княгининдік қасиетті сіңіре білген абзал. Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілді, отаншылдықты, мемлекеттілікті насихаттау барысында Александр Княгинин атындағы арнайы сыйлық тағайындаса, керемет болар еді» деп жазды Ғабит Мүсіреп өзінің мақаласында. Жөн сөз, ескерілуге тиіс ұсыныс.

Княгинин демекші, Ғабит Іскендерұлымен бір күні әдебиетте үлкен із қалдырған тұлғалар дүниеге келді. Әлем әдебиетін айтқанда, Александр Пушкин мен Томасс Манн туған. Көрнекті ақын Кеңшілік Мырзабековтің туғанына дәл осы күні 80 жыл толды. Сол Кеңшілікті жанына ертіп, еркелеткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев кейіпкерімізбен аттас классик жазушыға арнаған өлеңінде «Ғабеке, Анда-санда сізді көрем, Сізді көрсем жомарт бір күзді көрем» дейді. Осыдан он жыл бұрын Ғабит Мүсіреп ердің жасы елуге толғанда жазған мақаламызда соны келтіргенбіз. Сонда «Кең пішілген тұлғасы ғана емес, публицистің осы күндерге дейін жазғаны бізге жемісін үйіп-төккен жыл мезгілінен елес береді» деп жаздық. Соған қосарымыз, журналистикадағы жемісіңіз азамайсын, Ғабит аға! Мерейлі жасыңыз құтты болсын!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button