Әлеумет

Елорда балабақшаларында «Тыңдаймыз және естиміз» іс-шарасы өтуде

Астана қаласы әкімдігі Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында елорданың барлық мектепке дейінгі ұйымдарында «Тыңдаймыз және естиміз» атты ауқымды іс-шара өтуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

 №98 «Мирас» балабақшасында өткен іс-шара барысында балалардың мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған арнайы көрнекіліктер әзірленді.

Іс-шараның негізгі мақсаты — балалардың бойында кішкентай кезінен бастап әлеуметтік дағдыларды қалыптастыру, өзара сыйластық пен ұқыптылықты арттыру.

Орталық әдіскері А. Әмірханованың айтуынша, қазіргі заман баласына тек ақпарат беру жеткіліксіз, оны түйсіну мен қабылдау әлдеқайда маңызды.

«Біз үшін баланың ақпаратты түйсінуі, айналасындағыларға құрметпен қарауы және топ ішінде өзін-өзі ұстай алуы өте маңызды. «Тыңдаймыз және естиміз» іс-шарасы – бұл жай ғана есту емес, бұл эмпатия, зейін және өзара түсіністі қалыптастыруға бағытталған алаң. Біз көрнекіліктер арқылы балалардың көру жадын дамытып, дұрыс әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруды көздедік», — дейді әдіскер.

Іс-шараның тағы бір маңызды тұсы — бала бойында «Адал азаматқа» тән қасиеттерді ерте жастан сіңіру. Егер бүлдіршін кезек күтуді, досына көмектесуді және өзгені тыңдауды үйренсе, болашақта қоғамда заң мен тәртіпті сыйлайтын тұлға болып қалыптасады.

Балабақшадағы тәрбиеленушілер үшін мынадай ерекше ережелер енгізілген:

«Алтын құлақ» — мұқият тыңдау дағдысы;

«Жұмсақ дауыс» — топ ішіндегі шуды азайтып, мәдениетті сөйлеу;

«Көмекші қолдар» — досына жәрдемдесу және жанашырлық;

«Жүрек жылуы» — әр адамның ерекше екенін түсіну және қабылдау;

«Кезек күту» — сабырлылық пен тәртіпке бағыну.

Әзірленген көрнекі құралдар балалардың жас ерекшелігіне сай, ашық түсті және мағынасы түсінікті етіп дайындалған. Әрбір ереже нақты іс-әрекетті көрсететін суреттермен сүйемелденген. Бұл әдістемелік тәсіл топ ішіндегі жайлы ахуалды қалыптастырып, балалардың өзін қауіпсіз әрі сыйлы ортада өсіп жатқанын сезінуге мүмкіндік береді.

Мұндай іс-шаралар болашақ саналы қоғамның іргетасын қалауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button