Театрлар бірлік күніне арнап концерт қойды

Астана қаласы әкімдігінің алаңында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналып «Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені» атты мерекелік концертті өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шараға елорданың жетекші театрлары, оның ішінде Әзірбайжан
Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Музыкалық жас
көрермен театры, Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, «Қанаттылар» инклюзивті театры және «Жастар» театры
қатысып қойылымдар көрсетті.

Іс шара барысында«Жас Абай» және «Қажымұқан» спектакльдерінен әсерлі үзінділер ұсынылды.
Бұдан бөлек ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Мұқағали XXI» музыкалық драмасынан әндер шырқалып, «Steppe Awards 2025» сыйлығының «Үздік спектакль» номинациясы бойынша жеңімпазы атанған «Сәйгүлік» музыкалық драмасынан үзінділер сахналанды.
Кеш аясында цирк элементтері мен «Ромео мен Джульетта» қойылымынан музыкалық нөмірлер де көрсетілді.
Іс-шараның ерекше бөлігі – көрермендермен интерактивті байланыс болды. Қатысушыларға Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ел бірлігі тақырыбында сұрақтар қойылып, белсенді көрермендерге сыйлықтар табысталды.
«Концерт барысында Қазақстандағы 130-дан астам этнос өкілдерінің татулығы мен бірлігі, қоғамдық келісім мен бейбіт өмір құндылықтары кеңінен насихатталды. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңыздылығы атап өтіліп, табиғатты аялау мен азаматтық жауапкершілік мәселелері де қозғалды.Мерекелік концерт ел бірлігі мен мәдени әртүрлілікті дәріптеген мазмұнды әрі әсерлі мәдени іс-шара ретінде жоғары деңгейде өтті», деді Ә. Мәмбетов театрының директоры Александр Майер.
Шара соңында барлық қатысушылардың орындауындағы «Атамекен» әні шырқалып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Театр ұжымы қала тұрғындары мен қонақтарын алдағы қойылымдарға шақырды.
Шапағат Әбдір



