Байқоңыр ауданында жөндеуден өткен үш аула мереке қарсаңында ашылды

Астананың Байқоңыр ауданында Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында кешенді жөндеуден өткен үш аула салтанатты түрде пайдалануға берілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жаңартылған аулалар Республика даңғылы, 16, 18 және Отырар көшесі, 18 мекенжайларында орналасқан.
Аталған аумақтарда балаларға арналған ойын алаңдары жаңартылып, шағын сәулеттік формалар мен жаттығу құрылғылары орнатылды, сондай-ақ асфальт жабыны толық ауыстырылды.
Жөндеу жұмысы жаз мезгілі басталар алдында аяқталып, дәстүрлі Аула күнімен тұспа-тұс келтірілді.
Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманбердінің айтуынша, 2026 жылы ауданда аулаларды жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын іске асыру жоспарланып отыр.
«Биыл біз жаңадан 20 аула ашуды жоспарлап отырмыз. Онда жабын, шағын сәулеттік формалар, спорт алаңдары, орындықтар, қоршаулар мен асфальт толықтай жаңартылады. Бұдан бөлек, тағы 50 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі. Осылайша, аудан бойынша аулаларды жөндеу бойынша қажеттілікті толық жабамыз», – деді аудан әкімі.
Соңғы үш жылда Байқоңыр ауданында барлығы 252 ауланың 200-ден астамы жөндеуден өткен.
Жаңартылған аулаларды ашу дәстүрлі түрде тұрғындардың өздері ұйымдастыратын мерекелік іс-шарамен қатар өтеді.
«Біз жұмыстарды жазғы демалыс басталғанға дейін аяқтауға тырысамыз, сонда балалар, ата-аналар мен қарттар уақытын жайлы өткізе алады. Ал мерекелік іс-шара – тұрғындардың бастамасы: олар аниматорларды шақырып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып отыр, ал біз атқарылған жұмыстың нәтижесін көрсетеміз», – деді Талғат Рахманберді.
Әкімдік мәліметінше, абаттандыру жобалары тұрғындардың тікелей қатысуымен «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы әзірленеді.
Байқоңыр ауданының тұрғындары 1 наурызға дейін өз ұсыныстарын жолдап, онда болашақ ауланың эскизі мен сметасын ұсынған.



