Бірлік — тұрақтылық пен дамудың негізі

Астанадағы «Радима» беларусь мәдени орталығы 2013 жылы құрылды. Оның мақсаты – беларусь мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтау және дамыту, сондай-ақ Қазақстан халықтары арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту.
Құрылған сәттен бастап орталық елдің қоғамдық және мәдени өміріне белсенді қатысады. Концерттер, шығармашылық кештер, тақырыптық кездесулер өткізеді, Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-шараларына, қалалық және республикалық мерекелерге атсалысады. Жастармен жұмыс істеуге, мәдени байланыстарды нығайтуға және этносаралық диалогты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Орталықтың жарқын шығармашылық ұжымдарының бірі — еліміздің түрлі орындарында Беларусь музыкалық мәдениетін бейнелейтін «Вяселка»ансамблі.
1мамыр Қазақстанда тұратын барлық этностардың татулығын, келісімі мен достығын бейнелейтін ерекше мереке. Бұл жай күнтізбелік күн емес, әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің өкілдері құрметпен өзара түсіністік атмосферасында өмір сүретін қоғамның нақты өмірінің көрінісі.
-Беларусь мәдени орталығы үшін бұл күн ерекше маңызды, өйткені ол Қазақстанның басты құндылығы – алуантүрліліктегі бірлікті білдіреді. Біз өз мәдениетімізді сақтап, бір мезгілде өзімізді Қазақстанның үлкен және біртұтас халқының бөлшегі ретінде сезіну мүмкіндігі үшін елімізге қатты ризамыз. Бірлік — тұрақтылық пен дамудың негізі. Біздің ортақ Отанымыздың болашағы достық, диалог және бір-бірімізге деген құрмет арқылы нығаятынына сенімдіміз. Әр үйде бейбітшілік, амандық және өзара түсіністік орнасын. Қазақстанның барлық этностары арасындағы достық нығая берсін, ал біздің еліміз бүкіл әлем үшін бірліктің, келісім мен жасампаздықтың үлгісі болып қала берсін, — дейді аталған орталық төрағасы, ҚХА төрағасының орынбасары Дмитрий Останькович.



