Басты ақпаратҚұқық

Жол қауіпсіздігіне жүйелі бақылау керек

Астана қаласында жыл басынан бері 878 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның салдарынан 1031 адам түрлі дене жарақатын алып, 9 адам қаза болды. Апаттылықты талдау нәтижесіне сәйкес жол-көлік оқиғаларының ең көп болатын түрлері – жаяу жүргіншіні қағып кету және қарсы бағытта соқтығысу. Елордадағы жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты өзге де мәселелер бойынша Астана қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Махамбет Маратұлы Төлешовпен аз-кем сұхбат құрған едік.

– Махамбет Маратұлы, қалада жыл өткен сайын жеке көлік саны көбейіп, ол кептелістің күшеюіне ғана емес, жол-көлік оқиғаларының да көбеюіне әсер етуде. Жалпы жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері неде?

– Көбіне жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтамауы, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуы, қауіпсіз арақашықтықты сақтамауы, маневр жасау талаптарын орындамауы, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуі сияқты жайттар түрлі апаттарға себеп болады. Сондай-ақ жол белгілері мен бағдаршам талаптарын елемеу, көлік құралдарын рұқсат етілмеген орындарға қою, қоғамдық көлік жолақтарына шығу, қарсы бағытқа шығу және жаяу жүргіншілерге жол бермеу де кездеседі. Сонымен қатар ауа райының қолайсыздығы мен көлік ағынының артуы да жол-көлік оқиғаларының орын алуына әсер етуде. Мысалы, жыл басынан бері жол белгілері мен таңбаларының талаптарын, сондай-ақ қиылыстардан өту ережелерін сақтамаудың 120 мың фактісі тіркелді. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережелерін бұзудың 20 мыңнан астам фактісі анықталды.

– Ал жаяу жүргіншілер тарапынан болатын қандай заң бұзу фактілері жиі кездеседі? Оларға қандай ескертулер беріледі?

– Жаяу жүргіншілер тарапынан жиі кездесетін құқық бұзушылықтарға жолды белгіленбеген жерден кесіп өту, бағдаршамның тыйым салатын белгісі тұрса да жүру, құлаққап немесе телефон қолдана отырып жол қозғалысына назар аудармау фактілері жатады. Жыл басынан бері осындай 14 мыңнан астам факті тіркелді. Жол жүру ережесінде жаяу жүргіншілер үшін де қатаң талаптар бар екенін атап өткім келеді. Атап айтқанда, олар жаяу жүргіншілер өткелінен өтпес бұрын автокөліктердің тоқтағанына және өздеріне жол беріп тұрғанына көз жеткізуге міндетті. Өкінішке қарай, көптеген жаяу жүргіншілер қауіпті сезінбейді және «бұл – жаяу жүргіншілер өткелі, сондықтан мұнда мен басты адаммын» деп ойлап, аталған талаптарды дөрекі түрде елемейді. Біз бұл тақырыпта «Жаяу жүргінші» деп аталатын бөлек жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізіп жатырмыз. Соның аясында кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бейнероликтер әзірленуде. Бұл роликтер WhatsApp мессенджеріндегі үй чаттарына таратылады, сондай-ақ жол бойындағы медиабордтардың, сауда-ойын-сауық орталықтары мен кинотеатрлардың экрандарында көрсетіледі.

– Жеке көлік иелеріне қатысты қандай цифрлық шешімдер енгізілуде, яғни олардың ереже бұзғанын анықтау жеңілдеді ме?

– Қазіргі таңда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында цифрлық бақылау жүйелері кеңінен енгізілуде. Атап айтқанда, «Жасанды интеллект негізіндегі қалалық инфрақұрылымды басқару шешімі» жобасы аясында («Presight AI Ltd» компаниясы) жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіп саласындағы 15-тен астам әкімшілік құқық бұзушылық түрін анықтап, тіркейтін аппараттық-бағдарламалық кешен енгізу көзделген.

Көше-жол желісінің өсуіне, жаңа автожол учаскелерінің пайдалануға берілуіне және азаматтардан келіп түсетін өтініштердің артуына байланысты «Сергек» камералары көбірек орнатылуда. Бұл жүйе­лер жүргізушілердің ереже бұзу деректерін жедел анықтап, әкімшілік шара қолдануды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Биыл жыл басынан бері фото-­бейне тіркеу жүйелері арқылы 271 065 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды.

– Астанада ең жиі ЖКО болатын қауіпті көшелер қай жер?

– Қазіргі таңда нақты бір апатты учаске бар деп айтуға болмайды. Дегенмен, «102» телефонымен жол-көлік оқиғалары бойынша хабарламалар жиі түсетін көшелер бар, олар – елорданың негізгі магистральдық көшелері.

– Қалада қанша жеке көлік бар? Қаншасы транзитпен келеді?

– Қала аумағында тіркелген жеке көлік құралдарының саны жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар елордаға күн сайын өңірлерден және транзиттік бағыттар арқылы едәуір көлемде автокөлік кіреді. Бұл жағдай жол қозғалысының тығыздығына әсер етіп, жол-көлік оқиғаларының тәуекелін арттырады. Бүгінгі таңда Астанада барлығы 459 543 автокөлік құралы тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 36,4 мыңға артық. Сонымен қатар қалаға күн сайын 80 мыңнан астам транзиттік автокөлік кіреді.

– Жол-көлік оқиғаларын болдырмау үшін департамент тарапынан қандай шаралар қолданылады?

– Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Полиция департаментінің тарапынан «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Жаяу жүргінші» «Внимание – Пешеход» секілді жедел-профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Сонымен қатар жол қозғалысына талдау жүргізіліп, қауіпті учаскелерде патрульдік бақылау күшейтіледі, білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады, цифрлық бақылау жүйелері мен бейнекамералар саны арттырылады.

 – Полиция департаментінің саптық бөлімшелерінің жеке құрамы қызмет атқарудың күшейтілген режиміне қандай жағдайда ауыстырылады?

– Полиция департаментінің саптық бөліністерінің жеке құрамы күн сайын жол қозғалысын бақылайды және қоғамдық тәртіпті сақтау мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мереке күндері, бұқаралық іс-шаралар өткізу кезінде, төтенше жағдайлар туындағанда, ауа райы күрт нашарласа және жедел жағдайдың күрделенуіне байланысты қызмет атқарудың күшейтілген режиміне ауыстырылады. Бұдан бөлек жол қозғалысын қадағалауды күшейту аясында мақсатты жедел-профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде өткізіледі. Апаттылықты талдау негізінде патрульдеу бағыттары түзетіліп, апат қаупі ең жоғары учаскелер қамтылады.

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button