Басты ақпаратЕл тынысыШартарап

Тараптар мүдделі екенін растады

Президент Гонконг Арнаулы әкімшілік ауданы Әкімшілігінің Басшысы Джон Лимен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, ол Қазақстанға алғаш рет келіп отырғандықтан, бұл сапардың маңызы айрықша екенін айтты.

«Бұл уақиға Қазақстан мен Гонконг, кеңінен алып қара­ғанда, мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктестік байланыс­тыратын Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтас­тықты дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Елдеріміздің арасында жоғары деңгейдегі саяси диалог орнаған, сауда-­экономикалық және инвестициялық ықпал­дастық қарқынды дамып келеді. Гонконгпен қарым-қатынасымыз туралы да дәл осылай айтуға болады» деді Қасым-­Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы инвестиция, инновация, технология және халықаралық сауда салаларында әлеуеті зор Гонконг әлемде жетекші қаржы және іскерлік орталықтардың бірі ретінде ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Президент бұл сапар өзара тиімді ынтымақ­тастықты нығайтуға, іскерлік қарым-қатынасты кеңейтуге және инвестиция, қаржы, цифр­ландыру, жасанды интеллект, көлік-логистика бағыттарында бірлескен перспективті жобаларды жүзеге асыруға жол ашатынына сенімді екенін жеткізді. Сондай-ақ Қасым-­Жомарт Тоқаев Қазақстанға салмақты бизнес-делегациямен бірге келгені үшін мәртебелі мейманға ризашылығын білдірді. Бұл Гонконг іскерлік қауымдастығының елімізбен ынтымақтастықты арттыруға үлкен қызығушылық танытып отырғанын байқатады.

Джон Ли қонақжайлық ­көрсеткені үшін Президентке алғыс айтып, Гонконгтың Қазақстанмен кешенді ық­палдастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.

«Аталған сапарға ерекше мән беремін. Менімен шетелге шыққан делегациялардың ең ауқымдысы осы болды. Оның құрамына логистика, «жасыл» энергетика, тау-кен өнеркәсібі, инновация мен технология және білім беру сияқты бас­ты салаларда еңбек ететін 75 ресми тұлға мен кәсіпкер енді» деді Джон Ли.

Гонконг Әкімшілігінің Басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанда ­көтерілген «Бір белдеу, бір жол» бастамасы екі ел арасындағы берік әрі достық байланыс­тардың жарқын көрінісіне айналғанына тоқталды. Оның айтуынша, Қытай Халық Рес­публикасының арнаулы әкімшілік ауданы саналатын Гонконг аталған бастаманы ілгерілетуге белсенді түрде атсалысып келеді. Сонымен қатар өңіраралық байланыс­тардың кеңеюі қалаға елеулі артықшылық береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джон Ли екіжақты күн тәрті­бін­дегі бірқатар нақты мәселені талқылап, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға өзара мүдделі екенін растады.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button