ӘлеуметБасты ақпарат

Каникулда қызық көп

Балалар үшін жаз мезгілі – демалыс пен қызыққа толы ерекше кезең. Үш айлық демалыс оқушыларға күш жинап, шығармашылығын шыңдап, түрлі іспен айналысуға мүмкіндік береді. Биыл Астанадағы жазғы демалыс маусымы бұрынғыдан да ауқымды болмақ.

Астана қаласы Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, жазғы кезеңде 1-10-сынып аралығындағы 242 мыңнан астам оқушыны түрлі сауықтыру, білім беру және демалыс бағдарламаларымен қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде 11 мыңға жуық әлеуметтік осал топтағы бала бар.

Жазғы демалыстың басты мақсаты – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, танымдық көкжиегін кеңейту және шығармашылық әлеуетін дамыту.

«Биылғы жазғы демалыс бағ­дарламалары әр баланың қызығушылығына сай бағыттарды қамтиды. Біз оқушылардың демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз өткізуге ерекше көңіл бөліп отыр­мыз. Балалардың спортпен айналысуына, кітап оқуына, ғылыми жобаларға қатысуына және ұлттық құндылықтарды тануына мүмкіндік жасалады. Ең бастысы, әр бала жазғы демалысты қызықты әрі пайдалы өткізуі тиіс» дейді Астана қаласы Білім басқармасының өкілі Аяжан Амантайқызы.

Жазғы кезеңде бастауыш сыныптың 75 мыңнан астам оқушысы мектеп жанындағы лагерлерде демалады. Ал жоғары сынып оқушылары арнайы бейіндік жобаларға қатысады. Атап айтқанда, «Оқитын ұлт: ozyq ult», «Болашақ LAB», «Green city: балалар таңдауы», «Әділет camp», «Smart bala», «Саяхат&спорт» жобалары балалардың білімге деген қызы­ғушылығын арттырып, жаңа дағдыларды меңгеруіне жол ашады.

Ұлттық тәрбие мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Осы мақсатта 32 мектеп базасында «Атамекен» этнолагері ұйымдас­тырылады. Мұнда оқушылар қазақ халқының салт-дәстүрімен танысып, ұлттық ойындарды ойнап, мәдени мұраның құндылығын тереңірек түсінуге мүмкіндік алады.

Сонымен қатар жекеменшік мектептер базасында 35 мыңнан астам баланың жазғы демалысын ұйымдастыру жос­парланған. Ал қала сыртындағы сауықтыру лагерлеріне 2681 оқушы жолдама алады. Бұл бағытқа жергілікті бюджеттен қажетті қаржы қарастырылған.

Балалардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін 14 қосымша білім беру ұйымында қысқа мерзімді клубтар мен тақырыптық лагерлер жұмыс істейді. Бұл бағдарламаларға 8 мыңға жуық бала қатысады.

Әл-Фараби және Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайларында, сондай-ақ «Таным» кешенінде «Kids Hub Tanym», «Жұлдыздар академиясы», «Sport Mix», «Eco Life» секілді жобалар жүзеге асырылады. Мұнда балалар ғылым, өнер, спорт және экология бағыттарында білімін толықтыра алады.

Жазғы демалыстың тағы бір ерекшелігі – бұқаралық спортты дамытуға бағытталған «Дидарлы жаз-2026» жобасы. Оған 8360 оқушы қатысады деп жоспарланған. Жоба аясында мектеп командалары өзара бақ сынасып, маусым айында қозғалмалы ойындардан, шілдеде футбол мен волейболдан, ал тамызда тоғызқұмалақ, асық ату және бес асықтан жарыстар өтеді.

Балалардың сүйікті демалыс орындарының бірі саналатын қала сыртындағы «Барап» лагері де биыл 1600 баланы ­қабылдайды.

Әрине, демалыстың қызық­ты өтуімен қатар қауіпсіздігі де маңызды. Осыған байланысты білім беру ұйымдарының басшылары, полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар мамандары, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері бірлесіп түсіндіру жұмысын жүргізді. Барлық ұйымға қауіпсіздік техникасы бойынша арнайы жадынамалар таратылып, жауапты қызмет­керлерге нұсқамалар берілді.

Жаз – балалық шақтың ең жарқын естеліктері қалыптасатын мезгіл. Сондықтан елордада қолға алынған ауқымды жобалар мыңдаған баланың демалысын қызықты әрі пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button