Басты ақпаратЕл тынысы

Парламент сайлауы: не өзгереді?

20 мамырда Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар екінші оқылымда 6 Конституциялық заңды қабылдады. Олар: «Қазақстан Республикасының Президенті туралы»; «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы»; «Қазақстан Халық Кеңесі туралы»; «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы»; «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы»; «Бірқатар конституциялық заңдарды Конституцияға сәйкестендіру туралы» (сайлау туралы, республикалық референдум туралы, Үкімет туралы, сот жүйесі туралы, Конституциялық Сот туралы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы, Прокуратура туралы және басқа да заңдар).

«Аталған конституциялық заңдар пакетінің қабылдануы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамалық бастамалардан нақты құқықтық тетіктерге дейінгі жүйелі әрі дәйекті сипатын бекітеді. Бұл – жаңартылған мемлекеттік-саяси модельдің құқықтық негіздерін нығайтатын 2026 жылғы Конс­титуциялық реформаны жүзеге асырудағы аса маңызды кезең» деп жазды бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.

Бұл құрылтай қай Құрылтай?

Заңнамалық құжатқа сәйкес, елімізде қазіргі екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылады. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым парламенттік реформадағы осы өзгерістің тарихи маңызын түсіндіріп берді. «Мемлекетіміздің тарихи мәнін ескере отырып, бүгін біз мемлекеттік билік жүйесіне «Парламент» сөзінің орнына «Құрылтай» ұғымын қайтарамыз. Дегенмен қазіргі Құрылтай тарихи Құрылтайды бұрынғы қалпында қайта жаңғырту емес» деді ол. Заңнамаға сәйкес, жаңа Құрылтай заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді орган болады. Ол бір палаталы жүйемен жұмыс істейді және бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан құралады. Депутаттар пропорционалды жүйе арқылы сайланады. Айдос Сарым бір палаталы жүйеге көшу заң шығару процесінің ашықтығын арттыруға және саяси жауапкершілікті күшейтуге бағытталғанын айтады. «Тарихи тұрғыда жоғарғы палаталар өңірлердің өкілдігі үшін немесе терең әлеуметтік дағдарыстар кезеңінде қосымша сүзгі ретінде құрылған» деді ол.

«Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңда Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-қимыл тәртібі, депутаттардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері де нақты көрсетілген. Сонымен қатар парламенттік көпшілік пен оппозицияны қалыптастыру, депутаттық әдеп нормалары және депутаттық бірлестіктердің жұмысы реттеледі. Құжатта Құрылтайдың қазіргі Парламенттің құқықтық мирасқоры болатыны да көрсетілген. Ал заң күшіне енгеннен кейін Мәжіліске енгізілген барлық заң жобасы жаңа регламент бойынша Құрылтайда қаралады. Заң жобасы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Осыған орай қазіргі «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» және «Парламент комитеттері мен комиссиялары туралы» заңдардың күші жойылады.

Вице-президенттің міндеті не?

Бірлескен отырыста депутаттарға «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конс­титуциялық заң жобасын таныстырған Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев вице-президент институтының маңызын түсіндірді. Конституциялық заңның 3-тарауында вице-президентті президенттің Құрылтай келісімімен тағайындау тәртібі, үміткерге қойылатын нақты біліктілік талаптары белгіленген. Министр түсіндіргендей, вице-президенттің негізгі функциясы – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Президенттің атынан өкілдік ету. Сондай-ақ министр вице-президенттің қызметін Президент әкімшілігі қамтамасыз ететінін айтты. «Заң бойынша Президент мемлекеттің ішкі және сырт­қы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын ең жоғары лауазымды тұлға мәртебесін сақтап қалады» деді Е.Сәрсембаев.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан заңнамадағы өзгеріс­тердің мазмұнына тоқталды. «Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конс­титуцияның, адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының мызғымас кепілі әрі символы болып қала береді» деді ол. Құжатқа сәйкес, Президент бірқатар жоғары лауазымды тұлғаны жеке өзі тағайындайды. Олардың қатарында Бас прокурор, Конституциялық сот төрағасы, ҰҚК төрағасы, Ұлттық банк төрағасы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Мемлекеттік күзет қызметінің басшысы бар. Ал Құрылтай келісімі арқылы: Вице-президент; Премьер-министр; Конституциялық соттың 10 судьясы; Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесі; Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесі; Жоғарғы сот судьялары тағайындалады немесе сайланады. Депутаттар мұндай жүйе билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік беретінін айтады.

Қандай өзгерістер бар?

Бірлескен отырыста «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституция­лық заңға өзгерістер енгізу мәселесі де қаралды. Заң жобасын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика минис­трі Серік Жұманғарин құжат бұрынғы сайлау науқандары кезінде анықталған мәселелерді шешуге бағытталғанын түсіндірді. Заңдық құжаттағы маңызды өзгерістің бірі – әкім сайлауындағы тең дауыс мәселесін шешу тетігі. Егер үміткерлер бірдей дауыс жинаса, аумақтық сайлау комиссиясы бір ай ішінде қайта дауыс беру өткізу туралы шешім қабылдайды. Сонымен қатар бір адамға бір мезгілде әрі мәслихат депутаттығына, әрі әкімдікке үміткер болуға тыйым салынады. Бірнеше округ бойынша қатар әкімдікке түсуге де рұқсат берілмейді.

Серік Жұманғарин онлайн үгіт-насихат мәселесіне де ерекше назар аударылғанын айтты. Енді барлық үміткерге интернет-платформаларда тең мүмкіндік берілуі тиіс. Егер үміткер саяси партия атынан ұсынылса, партияның ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларын қосымша келісімшарт­сыз пайдалана алады. Заңда сайлау қорларынан тыс қаржы тартуға тыйым салу нормасы да енгізілген. Бұл сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ сенімді тұлғаларға қойылатын талаптар күшейтіледі. Енді тек 18 жасқа толған Қазақстан азаматы ғана сенімді тұлға бола алады. Әкімдікке үміткерлерді қолдау тәртібі де өзгереді. Үміткерді қолдау үшін округтегі елді мекендердің жартысынан және сайлаушылардың кемінде 1 пайызынан қол жиналуы қажет.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button