«Кітап оқитын ұлт» әдебиетке серпін береді

Елордамызда ұйымдастырылған «Astana Eurasian Book Fair-2026» IX халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі түйінделді. Оның аясында жаңа кітаптардың тұсаукесері, авторлармен кездесу және балаларға арналған шеберлік сағаты өтті. Бұл – кітап мәдениетін насихаттап, оқырман мен авторды жақындататын маңызды алаң. Осы орайда көрмеге арнайы келген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке ҚҰЛКЕНОВПЕН кітап индустриясы мен жазушылардың қазіргі жағдайы туралы әңгімелестік.
– Мереке Әбдешұлы, Ұлттық кітап күні мен «Кітап оқитын ұлт» бастамасы елімізде кітап мәдениетінің дамуына қалай әсер етіп жатыр деп ойлайсыз?
– Президенттің арнайы Жарлығымен белгіленген Ұлттық кітап күні ел руханиятының айрықша мәні бар мерекесіне айналды. Бұл күнмен қатар аталып өтетін Кітапханашылар күні де – бір-бірімен тығыз сабақтас, мәні мен мағынасы ортақ ұғымдар. Кітап пен кітапханашының артында үлкен еңбек жатыр: баспагерлер, редакторлар, корректорлар – барлығы да рухани құндылықтың қалыптасуына өз үлесін қосып келеді. Президентіміз «Кітап оқитын ұлт» қалыптастыру бастамасын көтергелі кітапқа деген қоғамдық көзқарас өзгеріп, рухани құндылықтарға деген қызығушылық айтарлықтай артты. Қазір бұл бастама нақты істермен жалғасып, жастардың кітапқа деген ықыласы мен сүйіспеншілігін күшейтуге жол ашып отыр. Сондықтан сапалы әрі мазмұнды кітаптардың көптеп жарық көруі – уақыттың басты талабы. Аталған бағытта баспалар да белсенді еңбек етіп келеді. Сонымен қатар мемлекет те, соның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл салаға айрықша көңіл бөліп отыр. Қазір түрлі әдеби сыйлықтар тағайындалып, әсіресе ең үздік әрі көркем безендірілген кітаптарды марапаттау игі дәстүрге айналды. Оларға қаржылай қолдау да көрсетілуде. Мұның бәрі еліміздің рухани тұрғыдан кемелденіп, мәдени кеңістігінің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын аңғартады. «Кітап оқитын ұлт» қалыптастыру әдебиетке жаңа серпін береді. Ал сапалы әдебиет ұлттың өресін өсіріп, сапасын көтереді.
– «Ең үздік» немесе «ең көркем» кітаптар қалай таңдалады? Оның негізгі мақсаты қандай?
– Кітаптарды іріктеу – әр баспаның өз құзырындағы жұмыс. Қазір олардың бәрі жазушылармен тікелей жұмыс істеп, сапалы шығармаларды таңдап, өтімді кітаптарды жарыққа шығаруға күш салуда. Өйткені кез келген кітап өз оқырманын табуы керек. Оқырман сол кітаптан өзіне қажетті рухани дүниені алуы тиіс. Қазіргі таңда кітап көп, бірақ олардың бәрі бірдей сапалы емес. Сондықтан көркемдік деңгейі жоғары, мазмұны терең шығармалар қажет. Баспалар дәл осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Яғни кітап шығару ісінде нарық талабы мен оқырман талғамы – басты назарда.
– Жазушылар арасында қаламақы мәселесі жиі көтеріледі. Бұл туралы не айтасыз?
– Қаламақы – өте күрделі мәселе. Кеңес кезеңінде бұл жүйе нақты жолға қойылған еді: жазушылар өз еңбегіне қарай лайықты қаламақы алатын. Ал бүгінде жағдай мүлдем өзгерді. Бұл тек бізге ғана тән емес, жалпы әлемдік үрдіске айналып барады. Сондықтан жазушылар еңбегін бағалаудың жаңа, тиімді жолдарын қарастыру – уақыттың өзекті мәселесі. Бұл тұрғыдан алғанда, мемлекет тарапынан белгілі бір қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, кітаптар мемлекеттік тапсырыспен шығады немесе қолжазбалар сатып алынады. Бұл – жазушыларды қолдаудың маңызды тетігінің бірі. Дегенмен мұны жеткілікті деп айту қиын. Кітап жарық көргеннен кейін оның таралуы, оқырманға жетуі және автор еңбегінің лайықты бағалануы аса маңызды. Осы орайда баспалар да белсенділік танытып, сапалы шығармаларға жоғары қаламақы тағайындап, талантты жазушыларға алдын ала сыйақы ұсынып, сұранысқа ие кітаптарды тапсырыспен шығарса, бұл екі тарап үшін де тиімді болар еді.
– Қазақстан Жазушылар одағында қанша мүше бар?
– Мен кейде «қазір оқырман азайып, жазушы көбейіп барады» деп әзілдеймін. Шынында, біздің қоғамда жазуға деген қызығушылық жоғары – өз еңбегін жариялап, оқырманға ұсынғысы келетін адамдар көбейіп келеді. Бірақ олардың бәрін бірдей керемет жазушы деп айту қиын. Саннан сапа туатынын ескерсек, солардың арасынан талантты қаламгерлер де шығуы мүмкін. Қазіргі таңда Жазушылар одағында 1200-ден астам мүше бар. Бұл – аз да, көп те емес көрсеткіш. Сонымен қатар 800-ге жуық адам мүшелікке өтініш берген. Одақ жағынан арнайы комиссия құрылған, сол комиссия олардың арасынан лайықтыларын іріктеп қабылдайды. Биыл 60 адам одақ қатарына қабылданды. Қабылдау жылына бір рет жүргізіледі.
– Алдағы уақытта жазушыларды ынталандыру бағытында қандай жоспарларыңыз бар?
– Жазушыларды ынталандыру бағытында бірқатар маңызды жұмыс атқарылып жатыр. Бізде қаламгерлер асыға күтетін, үлкен беделге ие «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығы бар. Бұл сыйлық – 20 жылдан бері беріліп келеді және жазушылар үшін үлкен мотивация. Оны иеленген қаламгерлердің кейін мемлекеттік сыйлықтарға да үміткер болуына жол ашылады. Сонымен қатар биылдан бастап балалар әдебиетін дамыту мақсатында «Ертөстік» халықаралық әдеби сыйлығы тағайындалды. Алғашқы жылы-ақ бұл сыйлыққа 13 қаламгер ие болды. Бұл – әсіресе балалар әдебиетіне қалам тартатын жазушыларды қолдауға бағытталған маңызды қадам. Бұдан бөлек, «Қалам рухы» әдеби сыйлығы аясында 70, 80, 90 жасқа толған дарын иелеріне «Алтын қалам», «Күміс қалам», «Қола қалам» сияқты арнайы марапаттар табысталмақ. Бұл сыйлықтар белгілі бір жас межесіне жеткен, қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосқан үздіктерді құрметтеуге бағытталады.
– Қазақ әдебиетін әлемге насихаттау және шығармаларды шетел тілдеріне аудару жұмысы жайында да айта кетсеңіз.
– Қазақ әдебиетін әлемге насихаттау бағытында жүйелі жұмыс істеліп жатыр. Алайда бұл – нәтижесі бірден көрінетін шаруа емес, ұзақ мерзімді, табанды еңбекті талап ететін үдеріс. Қазіргі таңда шығармаларды ағылшын, қытай және басқа да тілдерге аудару ісі қолға алынған. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі беделді әдеби сыйлықтарға қатысу үшін нақты қадамдар жасалуда. Аударма саласы да біртіндеп дамып келеді. Ағылшын, неміс, француз тілдерін жетік меңгерген кәсіби аудармашылар қосыны қалыптасу үстінде. Бұған қоса, жаңа технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект те бұл үдеріске өз үлесін қосуда. «Қазақ жазушылары қашан Нобель сыйлығын алады?» деген сұрақ та жиі қойылады. Бұл – ұлттық әдебиеттің деңгейін көтеруге деген заңды қызығушылықтан туған орынды сауал. Әрине, Нобель сыйлығына жету үшін алдымен Букер сияқты беделді халықаралық сыйлықтарға қол жеткізу қажет. Яғни бұл – үлкен мақсатқа апарар маңызды баспалдақ. Біз Букер сыйлығына ұсынуға бірнеше жазушыны дайындап жатырмыз. Сол тізімнің басында классик жазушымыз Төлен Әбдік тұр. Оның «Парасат майданы» шығармасын ағылшын тіліне аударып, Букер сыйлығына қатыстыру бағытында нақты жұмыс істеп жатырмыз. Қазақ әдебиетінде әлемдік деңгейдегі сыйлықтарға лайық туындылар бар. Алайда мұндай байқауға ұсынылатын шығармаларды алдымен ағылшын тіліне сапалы түрде аударып, шетелде басып шығару – күрделі әрі ауқымды іс. Жеке қаламгердің оны жалғыз атқаруы қиын. Сол себепті осы жұмысты одақтың өз қолына алуы заман талабы мен уақыт қажетінен туған дұрыс шешім деп есептеймін. Одақ жанынан халықаралық әдеби байланыс бөлімін аштық. Бұл бөлім Қазақстандағы шетел елшіліктерімен тығыз байланыс орнатып, сол елдердің таңдаулы әдеби шығармаларын қазақ тіліне аудару ісін жүйелі түрде қолға алды.
– Әдеби кітаптарды цифрландыру жұмысына назар аударылып жатыр ма?
– Көптеген оқырман кітапты смартфон немесе басқа құрылғылар арқылы оқуды, аудиокітап тыңдауды жөн көреді. Сондықтан цифрландыру – уақыт талабы. Дегенмен қағаз кітаптың орны бөлек екенін де ұмытпауымыз керек. Әрине, бұл жұмысты жүзеге асыру үшін қаржылай қолдау мәселесі маңызды. Қазір осы бағытта нақты қаржыландырудан гөрі мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық әріптестік негізінде жұмыс жүргізіліп келеді.
– Одаққа басшы болып келгенде алға қойған мақсаттарыңыз болды ма? Оның қаншасы орындалды?
– Бұл қызметке үлкен жауапкершілік арқалап келдім. Негізгі ойым – қазақ әдебиетін дамытуға және оны әлемдік деңгейде насихаттауға аянбай атсалысу. Жоғарыда айтып өткенімдей, қазір осы бағытта нақты жұмыс атқарылып жатыр. Сонымен қатар жазушылар мен оқырмандар арасындағы байланысты нығайту үшін өңірлерде көшпелі кездесулер ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта Алматы қаласындағы Жазушылар үйі күрделі жөндеуден өтеді. Жөндеу жұмысы біткен соң, Қазақстан Жазушылар одағының ішінен Абайтану орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл орталық қазақ әдебиетін, соның ішінде ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының мұрасын әлемге танытуға үлкен мүмкіндік береді.
Сұхбаттасқан
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



