Буллинг: әзіл ме, әлде зорлық па?

Мектеп дәлізіндегі мазақ, әлеуметтік желідегі қорлау, сыныптағы әжуалау көпшілік үшін жай ғана әзіл болып көрінуі мүмкін. Алайда сол «әзілдің» арғы жағында үнсіз жылап жүрген бала, қоғамнан оқшауланған жасөспірім, тіпті өмірден түңілген тағдыр тұруы ықтимал. Бүгінде буллинг жеке адамның емес, тұтас қоғамның дертіне айналды. Ең қауіптісі, зорлықтың бұл түрі көбіне көз алдымызда болып жатса да, оған көп жағдайда ешкім араласпайды. Сонда мұндай қатыгездікті қашанға дейін «балалықтың әдеті» деп ақтай береміз?
ЮНЕСКО-ның мектептердегі зорлық-зомбылық пен қудалауға, соның ішінде кибербуллингке қарсы халықаралық күн қарсаңында жариялаған есебіне үңілейік. Аталған ұйымның бұрынғы бас директоры Одрэ Азуленің айтуынша, ЮНЕСКО-ның соңғы жылдардағы бағалауы буллингтің жай ғана мектеп ішіндегі келеңсіздік емес, жаһандық білім жүйесінің терең дағдарысы екенін айқын көрсетеді: әрбір үш оқушының біреуі (шамамен 30-33%) мектеп қабырғасында кемсітудің, қорлаудың немесе қысымның құрбаны болады. Бұл – білім беру кеңістігінің қауіпсіз орта болудан қалып бара жатқанын білдіретін дабыл. Қазақстандағы жағдай да осыған ұқсас. Елде мектеп мектеп жасындағы балалардың 10-нан бірінен астамы (13%-дан жоғары) айына кемінде бір рет кибербуллинке ұшырайды екен (ақпарат Unesco Org сайтынан алынды). Ал шамамен әрбір бесінші оқушы мектепте кем дегенде бір рет буллингке тап болғанын айтыпты. Бұл сандар – жай статистика емес, үнсіз қалып бара жатқан балалық шақтың шынайы айғағы. Яғни көп бала жәбір көріп қана қоймай, зорлықтың «үнсіз көрерменіне» айналған. Буллингтің ең үлкен «күші» – үнсіздікте. Бір бала қорланған сәтте үндемеген сынып, араласпаған мұғалім, елемеген қоғам – барлығы сол зорлықтың жалғасуына жол ашып береді. Үндемеу – бейтараптық емес, қатыгездікті үнсіз қолдау. Біреудің көз жасы қалыпты нәрсеге айналған жерде әділет те, адамдық та біртіндеп жоғалады. Сондықтан буллингпен күрес «сөз» үшін емес, «позиция» үшін болуы керек: қорлау – қалыпты емес, ал үнсіз қалу – бейтараптық емес. Осы ойды біздің қоғамның пікірі де растайды.
Астана қаласының тұрғыны Әсемгүл Жазбаева буллингтің тамыры тереңде жатқанын айтады.
– Жасым 50-ден асты. Біз мектепте оқыған кезде Қазақстан КСРО құрамында болды. Сол уақытта өзге ұлттың үстемдігі басым еді, қазақ балаларын түріне, тіліне қарап кемсітетін жағдайлар жиі кездесетін. Бүгінде КСРО құрамынан шығып, тәуелсіз ел болдық. Алайда буллинг мәселесі әлі де жойылған жоқ. Ең өкініштісі, бүгінде қазақтың қазақты қорлап, бір-бірінің жүрегіне жара салатын жағдайы аз емес. Сондықтан бұл мәселеге қоғам болып назар аударуымыз керек, – дейді ол.
Ал психолог-мамандар мен медиа өкілдері буллингтің түпкі себебі тек ортада емес, тәрбиеде де жатқанына назар аударады. Қосшы қаласындағы мектеп-гимназияның әкелер кеңесінің төрағасы, ақын Қабиден Қуанышбайұлы бұл туралы былай дейді:
– Мен баланы тек ата-ана емес, қоғам да тәрбиелейді деп есептеймін. Адам ешқашан ата-анасын қасына ертіп жүрмейді. Ертең есейгенде ол қоғаммен бетпе-бет келеді, түрлі әділетсіздікке де, қиындыққа да тап болуы мүмкін. Сондықтан баланы өмірге төзімді, жауапкершілігі бар тұлға етіп тәрбиелеу маңызды.
Демек буллинг – тек мектептегі тәртіп бұзушылық емес, тарихи тәжірибе, қазіргі әлеуметтік мінез және қоғамның үнсіздігі тоғысқан күрделі құбылыс. Оның шешімі де біржақты емес: ол – отбасыдан басталып, мектепте жалғасып, қоғамда бекітілуі тиіс ортақ жауапкершілік. Ал психологиялық тұрғыдан алғанда, буллинг – әлсіздіктің емес, ішкі күйреудің көрінісі. Мұнда агрессия, қызғаныш, өзін дәлелдеудің бұрмаланған түрі және эмпатияның жетіспеуі негізгі рөл атқарады. Әлсізді таптау арқылы «күшті» болуға ұмтылу – шынайы күш емес, ішкі дағдарыстың сыртқа шыққан көрінісі. Ең ащы шындық – буллинг тек бір баланың тағдырына ғана емес, бүкіл ортаның психологиялық ахуалына әсер етеді. Психотерапевт Айнаш Ералықызы буллингтің артында екі бірдей зардап шегуші тұратынын айтады.
– Буллинг жасаған бала әрдайым күшті емес. Көп жағдайда ол – өз ішіндегі қорқыныш пен ауырсынуды басқаға бағыттап жүрген бала. Сондықтан буллингтің артында көбіне екі зардап шегуші тұрады: бірі – қорланған бала, екіншісі – агрессия арқылы көмек сұраған бала, – дейді маман.
Әскери журналист Мұхарбек Жәкейұлы буллинг тақырыбы күн сайын ашық талқыланып отырса, белгілі бір нәтиже болады деген пікірде.
– Онда ахуал сөзсіз өзгерер еді. Көп жағдайда көзге көрінбейтін мәселе қалыпты нәрсе сияқты қабылданады. Егер буллинг жағдайы ашық айтылып, күнделікті талқыланып отырса, қоғам оның қалыпты құбылыс емес екенін жақсырақ түсінер еді. Сол кезде бұл кеселмен күресудің әртүрлі жолы да табылады, – дейді ол.
Жоғарыдағы психотерапевт дәрігердің пікірі буллингке көзқарасты түбегейлі өзгертеді: бұл құбылыс – жай ғана «тәртіп бұзушылық» емес, ішкі психологиялық күйреудің сыртқа шыққан көрінісі. Яғни мәселені тек жазалаумен тоқтату мүмкін емес, себебі оның тамыры әлдеқайда тереңде жатыр. Агрессияны басумен емес, оның себебін түсінумен күреспесек, буллинг бір ортадан екінші ортаға көшіп жүре береді. Сондықтан ең ащы шындық – біз көбінесе салдармен күресіп, себепті елемей келеміз. Шынымен, салдарымен күресіп жүрміз. Біз болған оқиғадан кейін ғана әрекет етеміз. Ал түпкі себеп – эмоционалдық тәрбие, қауіпсіз орта, эмпатия мәдениеті жиі назардан тыс қалып жатады. Яғни өртті өшіргенімізбен, оның шығу себебін зерделемейміз.
Ойымызды түйіндесек, буллинг дегеніміз – жай ғана «балалықтың қылығы» емес, адамның тағдырына әсер ететін әлеуметтік дерт. Оны елемеу, ақтау немесе үнсіз қалу – сол дерттің таралуына тікелей жол беру деген сөз. Қоғамда біреудің қорлануы қалыпты көрінген сәтте, біз тек жеке адамды емес, тұтас құндылықтар жүйесін жоғалта бастаймыз. Сондықтан үнсіз қалатын уақыт әлдеқашан өтті. Әр ата-ана, әр мұғалім, әр оқушы және жалпы қоғам бұл мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Буллингке қарсы тұру – тек таңдау емес, адамгершілік міндет. Егер бүгін әрекет етпесек, ертең кеш болуы мүмкін.
Біз буллингке ұшыраған баламен тілдесіп, мән-жайға қанықтық. Журналистік этиканы ескере отырып, сұхбаттасқан баланың аты-жөнін жария етпеуді жөн көрдік.
Буллингті қалай жеңдім?
– Өзің бір кездері буллингке тап болыпсың. Осыны рет-ретімен ашық айтып берші.
– Буллинг – тамыры тереңде жатқан, бірақ көп жағдайда мойындалмайтын ауыр шындық. Бұл – мен үшін теория емес, жеке басымнан өткен тәжірибе. Бәрі бір мектептен екіншісіне ауысқан кезде басталды. Жаңа ортаға тез бейімделуге тырыссам да, мені ешкім бірден қабылдамады. Сынып ішінде топтарға бөлінген ортада мен сыртта қалдым. Жалғыздық күнделікті күйіме айналды. Қорғансыз болдым. Оқушылар түгілі, мұғалімдерден де қағажу көрдім. Себебі өзім поэзияны жақсы көремін. Ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқығанды жаным сүйеді, өлеңді тез оқимын. Бірақ мұғалімдер соған қарамай, менің қабілетімді көре тұра, сол сыныптағы балаларды алға шығарды. Пәннен алатын бағам күрт төмендеді. Бұл – жай баға емес, сенімімнің құлау сәті. Ал сынып ішіндегі қысым тіпті қатыгез болды. Партаға жазылған балағат сөздер, ашық келемеж күнделікті қорлыққа айналды. Бір сәтте бір адам емес, бүтін бір жүйе маған қарсы тұрғандай сезіндім.
– Сенің ойыңша, сол буллингтің негізгі себебі неде болды?
– Негізгі себеп – мені «әлсіз» деп қабылдау. Әлсіз көрінген адам көп ортада автоматты түрде нысанаға айналады. Бұл – ең қауіпті стереотип. Бірақ мәселе тек менде емес еді. Бұл – жабық, өзгерісті қабылдамайтын ортаның мәселесі. Жаңа адамды кіргізбейтін, әртүрлілікті көтермейтін ортада буллинг өздігінен пайда болады. Мұғалімдердің тең көзқарас танытпауы да әсер етті. Кішкентай оқушы болсам да, мені үлкендермен салыстыру, бәсекеге итермелеу ішкі қысымды күшейтті. Бұл – жай оқу процесі емес, психологиялық қысым жүйесі.
– Мұндай жағдайда қандай әрекет жасадың?
– Ол кезең мен үшін оңай болған жоқ. Жан дүнием құлазып, өзімді керексіз сезіндім. Бірақ ең қауіпті сәтте мен берілуді емес, күресті таңдадым. Үнсіз қалмадым. Керісінше, өзімнің мықтылығымды дәлелдеуге кірістім. Сабақта еш қысылмастан жауап бердім, жарыстарға қатыстым, әр мүмкіндікті сәтімен пайдаланып, өз мүддемді өзім қорғадым. Уақыт өте келе бір нәрсе анық болды: мені сындыруға тырысқан орта мені тоқтата алмады. Уақыт – емші. Күн артына күн жалғасып, ортам мені мойындай бастады. Осылайша буллингке бейімделген жоқпын, керісінше, оған қарсы тұрдым. Соның нәтижесінде буллинг мені емес, мен оны жеңдім.
Аружан ЕСЕНГЕЛДІ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің студенті



