Астаналық пара спортшылар Азия чемпионатында 15 медаль жеңіп алды

Қырғызстанның Ыстықкөл қаласында пара қол күрестен Азия чемпионаты мәресіне жетті. Құрлықтық додаға Азияның 21 мемлекетінен 400-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Аталған жарыста Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсеткен Астана қаласының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына 10 алтын және 5 күміс медаль салды.
Чемпионаттың басты қаһармандарының қатарында елордалық пара спортшылар Ербол Ескенов, Бекзат Бүркітов және Асхат Кабулов болды. Астаналық саңлақтар құрлықтық додада жоғары шеберлік танытып, әрқайсысы қос алтын медальдан жеңіп алып, ел мерейін асқақтатты.
Атап айтқанда, Ербол Ескенов 65 келі салмақ дәрежесінде сол қол және оң қол бойынша сынға түсіп, екі бірдей алтын медаль иеленді.
Сондай-ақ Бекзат Бүркітов (+65 кг) сол қол және оң қол бойынша қарсыластарынан басым түсіп, қос дүркін Азия чемпионы атанды. Осындай жетістікке Асхат Кабулов та (80 кг) қол жеткізіп, екі қол бойынша да алтын медаль жеңіп алды.
Ал Есенгелді Макенай 80 келі салмақ дәрежесінде оң қол бойынша үздік атанып, Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір алтын медаль салды.
Насыр Махамбетов (90 кг) сол қол бойынша Азия чемпионы атанып, оң қол бойынша күміс жүлдеге ие болды.
Нұрлан Балтабай (70 кг) сол қол бойынша алтын, оң қол бойынша күміс медаль жеңіп алса, Сергей Антропов (75 кг) та дәл осындай нәтижеге қол жеткізіп, бір алтын және бір күміс жүлдені еншіледі.
Жастар арасындағы жарыста елордалық Арыслан Абдеханов (55 кг) сәтті өнер көрсетіп, сол қол және оң қол бойынша екі күміс медаль иеленді. Осылайша, жас спортшы Қазақстан құрамасының жалпы нәтижесіне өз үлесін қосты.
Команданың жаттықтырушысы Заир Ахмедовтың айтуынша, бұл нәтиже спортшылардың табанды еңбегі мен жүйелі дайындықтың жемісі.
– Спортшыларымыз жарысқа үлкен жауапкершілікпен дайындалды. Азия чемпионатындағы жетістік олардың қажырлы еңбегі мен жеңіске деген жігерінің нәтижесі. Мұндай табыстар алдағы уақытта да жалғасады деп сенемін, – деді жаттықтырушы.
Айта кетейік, Азия чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленіп, құрлықтағы көшбасшы мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.



