Ізгілік мейрамы

Мұсылмандар үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі келіп жетті. Ал иісі мұсылман қауым бұл күнді айрықша қастерлеп келеді. Құрбан айттың мән-мағынасын түсіну, қағидаларын ескеру мақсатында сан-салалы айтылып жүрген ой-пайымдар көп. Осының бәрін бір арнаға тоғыстыру, мәнін ұғыну үшін Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Төрәлі ҚЫДЫРДЫ әңгімеге тартқан едік.
– Құрбан айт мерекесінің түпкі мән-мағынасы неде?
– Ислам дінінде үлкен екі мереке бар. Біріншісі – Рамазан айы біткеннен кейін келетін Ораза айт. Екіншісі – Ораза айт біткен соң, 70 күннен кейін келетін Құрбан айт. Негізі, араб тілінен аударғанда айт «мереке», «мейрам» дегенді білдіреді. Ал құрбандық «жақындау» деген мәнге ие. Өзінің жасаған амалдары арқылы Жаратқанға жақындау деген мағына береді. Түпкі мәні жомарттық, кедей-кепшіктерге көмектесу деген ізгі амалдарға негізделген. Ең әуелі ниет тазалығы, құрбандық шалу, мұқтаж жандарға тарату да игі амалдарды құрайды. Осы мерекеде ағайын-туыс, құда-жегжатты шақырып, ет асып, бір дастархан басында дидарласу ғанибет деп есептеледі.

Діни риуаяттарға қарағанда, Ибраһим пайғамбардың Исмаил пайғамбарға жасаған сынағы, яғни Ибраһим пайғамбарға ең жақсы көретін нәрсеңді құрбандыққа шал деп сынақ келген. Сөйтіп Құдай жолында құрбандық шалуға дайын екенін көрсеткенде, көктен қошқар түсіпті. Содан бастап құрбан шалу міндет амалдардың бірінен саналады.
Халық ауыз әдебиеті, жазба әдебиетімізде де көптеген қисса-дастан тараған. Соның ішінде Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті Сүлеймен Бақырғанидің «Исмаил» қиссасында осы құрбандық кеңінен қамтылған. Бұл еңбек Қарахандар дәуірінде жазылған. Халқымыз Алтын Орда, Қазақ хандығы, кешегі Патшалық Ресей, бүгінгі дербестік кезеңінде де құрбандық шалып келді.
– «Онлайн-құрбандық шалу» ұғымы қолданысқа еніп келеді. Бұл шариғат қағидаларына сәйкес келеді ме?
– Онлайн-құрбандық – 2019-2020 жылдары әлемді шарпыған коронавирус пандемиясы кезінде іске қосылды. Өзінің оң нәтижесін бергендіктен, бүгін де жалғасын тапты. Себебі кейбір адамдар сапарда, басқа қалада әртүрлі жағдайда болуы мүмкін. Сол кезде сіз қашықтан отырып «онлайн-құрбандық шала» бересіз. Шалынып жатқан кезде басында болу шарт емес, ең бастысы ниетіңіз арқылы атыңыздан құрбандық шалынғаны жеткілікті. Мәселен, сонау Еуропадағы қазақтар «онлайн-құрбандық шалуға» тапсырыс берсе болады. Өздері келуі шарт емес. 2020 жылдан бастап Наурызбай қажы Тағанұлының тікелей бастамасымен мүфтият сайтында «онлайн-құрбандық» деген жүйе ашылған. Онда ұсақ мал бір адамға, ірі қара мал жеті адамға дейін жарайды. Соған жүгініп, тапсырыс беріп, тиісті қаражатын төлесеңіз болғаны. Мамандар байланысқа шығып барлығын түсіндіріп, құрбандық шалынғанының есебін береді. Әлеуметтік желі, цифрлық платформа, жасанды интеллект дамыған біздің қоғамда барлық нәрсе қолжетімді. Бұл – ең оңтайлы тәсіл. Сондықтан ислам діні заманауи техникамен келетін дамуды мансұқтамайды. Оның жақсы жақтарын алып, өзіне пайдаланады. Онлайн-құрбандық шалу да соның нәтижесі іспетті.
– Жылда Құрбан айт қарсаңында қойдың, ірі қараның бағасы шарықтап кетеді. Ізгі амал, мол табыс тауып қалу көзі емес еді ғой…
– Әрине, жылда Құрбан айт жақындағанда құрбан шалатын қой, ешкі, түйе, сиыр сияқты мал бағасы өсіп кетіп жатады. Бұған мүфтият тоқтау сала алмайды. Осыған байланысты жылда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тарапынан кәсіпкерлерге үндеу тасталады. Кейбір кәсіп иелері құлақ асса, біршамасы қалтасының қамын ойлап кетеді. Осындай ізгі діни амал кезінде бас пайдадан гөрі сауапты ойласа екен дейміз. Кәсіпкерлеріміз бағаны халықтың жағдайына қарап белгілесе – өзіне де, шалушыға да сауап.
– Қоғам тарапынан «төрт түлікті көптеп сою, қан шығарудан басқа балама жолы қандай, ысырапқа жол беріп жатқан жоқпыз ба?» деген уәждер айтылып жатады. Бұл пікірге қалай қарайсыз?
– Қоғамда сауап-амал жасаудың түрі көп. Дін дегеніміз құрбандық, құлшылықтан ғана тұрмайды. Жұртқа жақсылық жасау, жылы жүзбен қараудың өзі сауапқа кіреді. Бірақ әр құлшылықтың өз орны бар. Сондықтан құрбандық шалуға шамасы келмейтіндер болса, басқа да құлшылық амалын жасай беруіне болады. Бұл құрбандық шалу шамасы келгендерге ғана бағытталады. Ал жағдайы жоқтарға міндетті емес. Әркім қалтасына, шамасына қарай құрбандық шалғаны дұрыс. Әр амалдың өз жолы бар. Құрбандық – бай мен кедейдің арасын жалғайтын алтын көпір. Сол құрбандықтың етін мұқтаж жандарға да таратып жатады. Құрбандық шалу арқылы басқа жандардың жағдайын ойлайсыз деген сөз.
– Қазіргі таңда қол-аяғы бүтін, зіңгіттей адамдар қайыр сұрайды. Жалпы қайыр сұрау біздің қоғамда көбейіп, масылдық деңгейіне дейін түсіп жатқан жоқ па?
– Кейінгі кездері қоғамда қайыр сұрау жағдайы жиі көрініс беріп жатыр. Әсіресе мешіттер, киелі жерлер, қасиетті мекендердің айналасында бой көрсетіп жатады. Кейбірлеулер жоқшылықпен амалсыз сұрап жатса, кейбірі соны кәсіпке айналдырып алған. Еліміз тарапынан әртүрлі қолдау көмектері көрсетіледі. Мысалы, үлкен кісілер зейнетақы, жәрдемақы алса да, қайыр сұрап тұратынын көзіміз көреді. Қолынан келген жәрдемін аямайтындар да табылады. Әлбетте, мешіттерде қайыршыларға, жоқ-жітіктерге көмек беріліп тұрады. Бұл жыл бойына бір адамға ғана беріліп тұрсын деген сөз емес. Әрине, дінімізде де көмек беру жағы қарастырылған. Ол бізде зекет, садақа, пітір түрінде беріліп тұрады. Әйтсе де оның бәрін белгілі бір кәсіпке айналдырып алуға болмайды. Қол-аяғы сау, жұмыс істей алатын адамдардың өздері еңбектенгені абзал. Дінде де «Алаған қолдан береген қол жақсы» дейді. Сол себепті өз еңбегімен тапқан дүниеге ештеңе жетпейді. Қайыршылық кәсіп емес.
Әңгімелескен
Олжас ЖОЛДЫБАЙ


