Әлеумет

Биыл елордада 7 593 жаңа жұмыс орны құрылды

Халықты жұмыспен қамту – елорданы дамытудың басым бағыттарының бірі. Бүгінде еңбек нарығындағы ахуал тұрақты, жергілікті атқарушы органдардың бақылауында. Қаладағы жұмыссыздық деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Бұл оң динамиканы және жүзеге асырылып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Спикердің айтуынша, осы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша елордада 7 593 жаңа жұмыс орны құрылған. Сонымен қатар жұмыспен қамту шараларымен 6 122 адам қамтылды, оның ішінде 3 194-і – 35 жасқа дейінгі жастар.

«Жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуде мансап орталықтарының рөлі зор. Олар халыққа жұмыс іздеуде кешенді қолдау көрсетеді.

Мұнда лайықты бос жұмыс орындары іріктеледі, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіледі, сұранысқа ие дағдылар бойынша оқыту ұйымдастырылады, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға жәрдем көрсетіледі. Жыл басынан бері 302 жұмыс берушінің қатысуымен 17 бос орындар жәрмеңкесі өткен, мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынған. Сонымен қатар «Электрондық еңбек биржасы» порталында 1 980 жұмыс берушіден шамамен 5 600 бос жұмыс орны орналастырылған», – дейді Олжас Омар.

Қалада жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту үшін бірқатар белсенді шаралар іске асырылуда.

«Жастар практикасы» бағдарламасы жоғары және техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектерін, мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ азаматтарды қолдауға бағытталған.

Бағдарламаға оқуын аяқтағаннан кейін 5 жыл ішінде қатысуға болады. Практика мерзімі — 12 айға дейін және еңбек өтіліне есептеледі.
Жалақы мөлшері — 30 АЕК (2026 жылы — 129 750 теңге).

Зейнеталды жастағы азаматтар үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылуда.

Бағдарлама 50 жастан асқан азаматтарды 36 айға дейін жұмыспен қамтуды көздейді және тұрақты табыс табуға мүмкіндік береді.

Уақытша жұмыспен қамту мақсатында қоғамдық жұмыстар мен әлеуметтік жұмыс орындары ұсынылады. Қатысушыларға 24 АЕК (103 800 теңге) мөлшерінде жалақы төленеді, қатысу мерзімі — 12 айға дейін.

Маңызды бағыттардың бірі — азаматтарға сұранысқа ие дағдыларды қысқа мерзімде меңгеруге мүмкіндік беретін қысқа мерзімді кәсіптік оқыту. Оқу мерзімі 1 айдан 6 айға дейін. Оқыту оқу орталықтарында да, жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша тікелей жұмыс орындарында да ұйымдастырылады.
Оқу орталықтарында оқыған кезде мемлекет оқу шығындарын толық өтеп, 43 574 теңге көлемінде шәкіртақы төлейді. Ал жұмыс орнында оқыған қатысушылар 86 500 теңге жалақы алады. Сондай-ақ, VR-технологияларды қолдану арқылы заманауи оқыту форматтары енгізілуде. Бұл өндірістік процестерді модельдеуге және мамандарды даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Дайындық келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылады: дәнекерлеу ісі, кондитерлік іс, токарлық іс, слесарлық іс, сондай-ақ еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы.

Мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – кәсіпкерлікті дамыту. 2026 жылы әлеуметтік осал топтар үшін жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 260 мемлекеттік грант беру жоспарланған. Грант мөлшері – 400 АЕК, қайтарымсыз негізде ұсынылады.

Цифрлық шешімдер мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады.

Enbek.kz порталы — бос жұмыс орындарына, онлайн оқытуға (Skills Enbek) және мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізетін бірыңғай платформа.

Портал арқылы азаматтар қашықтан жұмыссыз ретінде тіркеліп, әлеуметтік төлемдерге өтініш беріп, оқудан өтіп, жұмыс таба алады.

Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында ағымдағы жылдың ақпан айында қалалық Мансап орталығы қайта ұйымдастырылып, үш аумақтық филиал ашылды.

Атап айтқанда: Сарыарқа ауданы бойынша филиал Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайында орналасқан. Ол Сарыарқа және Байқоңыр аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді.

Есіл ауданы бойынша филиал Достық көшесі, 13 мекенжайында жұмыс істейді. Мұнда Есіл және Нұра аудандары қамтылған.

Ал Сарайшық ауданының филиалы А. Байтұрсынұлы көшесі, 29/2 мекенжайында орналасып, Сарайшық және Алматы аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button