Мемлекеттік қызмет – жауапты міндет
Ербол ЖОЛДАНҒАР, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

– Құрметті Ербол Қабдығалиұлы, мемлекеттік қызметтер көрсету саласында қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бағытында Департамент қандай шаралар қабылдайды?
– Департамент қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша жұмыстарын «Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы аясында жүзеге асырады. Бұл жұмыстар қызмет алушылардан келіп түсетін шағымдарды қарау, жоспарлы тексерулер жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қашықтықтан мониторинг жүргізу арқылы іске асырылады.
– Құқықтардың қалпына келтірілген нақты бір мысалын келтіре аласыз ба?
– Әрине. Жақында Департаментке астананың тұрғынынан жүктілік және босануға байланысты табысынан айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемді рәсімдеу кезінде қиындықтарға тап болған шағым түсті. Барлық талаптарды сақтағанына қарамастан, оған мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартылған.
– Түсінікті. Осы өтініш бойынша Департамент қандай әрекеттер қабылдады?
– Өз құзыретіміз аясында біз өтінішті жан-жақты қарастырып, ұсынылған құжаттар толық зерделеніп, жағдайға құқықтық тұрғыдан талдау жүргізілді.
– Өтініш берушінің уәждері расталды ма?
– Иә, қарау барысында қызмет көрсетуші тарапынан Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының бұзылғаны анықталды. Яғни, азаматшаға мемлекеттік қызмет көрсету барысында бел гіленген рәсімдер толық сақталмаған.
– Анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін қандай шаралар қабылданды және нәтижесінде азаматшаның құқығы қалпына келтірілді ме?
– Иә, ең алдымен жол берілген бұзушылықтарды және оларды жою жөніндегі ұсыныстарды көрсете отырып азаматшаның бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істі жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Астана қаласы бойынша филиалына жолданды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Қор филиалы істі қайта қарап, нәтижесінде мемлекеттік қызмет толық көлемде көрсетіліп, азаматшаға тиісті әлеуметтік төлем тағайындалды.
– Болашақта осындай жағдайлардың алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Департамент тарапынан Қор филиалына мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша нақты ұсынымдар берілді. Сонымен қатар, осындай бұзушылықтарға жол берген жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарау мәселесі көтерілді. Жалпы, біз тек жекелеген жағдайларды шешумен шектелмей, жүйелі түрде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға, ашықтық пен тиімділікті арттыруға бағытталған жұмыстарды тұрақты негізде жүргіземіз.



