Астанада пара дзюдодан Grand Prix турнирі өтеді
Астанада 12-13 мамыр күндері Ж. Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында IBSA JUDO GRAND PRIX ASTANA халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Аталған жарыс Халықаралық зағиптар спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен өтеді. Бұл дода 2028 жылы Лос-Анджелес қаласында өтетін Паралимпиада ойындарына маңызды рейтингтік ұпайлар үлестіретін беделді бәсекелердің бірі саналады.
Биылғы турнирге әлемнің 25 елінен 150-ден астам үздік спортшы қатысады деп күтілуде.
Жарыс барысында 8 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынады. Ерлер арасында 70, 81, 95 және +95 келі салмақ дәрежелерінде белдесулер өтсе, әйелдер 52, 60, 70 және +70 келіде өзара мықтыны анықтайды.
Қазақстан ұлттық құрамасы бұл додаға барлық салмақ дәрежесі бойынша 26 спортшымен қатысады. Олардың қатарында елордалық спортшылар да бар. Атап айтқанда, Бауыржан Арыстанбеков (81 кг, J1) және Асылан Нұрдәулетов (70 кг, J1) өз бақтарын сынамақ.
Соңғы жылдары Астанада пара дзюдодан әлем чемпионаты, Grand Prix кезеңдері және 2023 жылғы Азия чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Бұл елімізде параспортқа ерекше назар аударылып отырғанының айқын дәлелі.
Турнирдің ашылу салтанаты 12 мамыр күні сағат 15:00-де өтеді. Ал жарыс күндері 12-13 мамыр аралығында 10:00-13:00 аралығында алдын ала белдесулер, 15:30-17:00 аралығында финалдық кездесулер жоспарланған. Көрермендер үшін кіру тегін.



