
«Менің Қазақстаным» әні осыдан 70 жыл бұрын, яғни, 1956 жылы жазылған. Бұл уақытта ән жанрының майталманы, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқов та, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жұмекен Нәжімеденов те Құрманғазы атындағы консерваторияның студенттері болатын.
Әйгілі ән сол уақыттан бастап ел арасына кеңінен тарап, тыңдарманның жоғары бағасын алды. Елдің рухын оятты, көпшілікті отансүйгіштікке, ел мен жер қадірін білуге шақырды. Жастар жарыса орындап, жүректеріне ұлтжандылықты берік орнатты. Қажет тұсында осы әнмен кеуделеріндегі толқынысты, күрсіністі сыртқа шығарды. Солайша мемлекеттің келешегіне бей-жай қарамайтындарын байқатты. Желтоқсанның ызғарлы желінде де жастарға рухани демеу болған – осы ән!
Бұл музыкалық туындыда байтақ Қазақстанның көркем табиғаты, ерекшеліктері көрініс тапқан. Ән мәтінінде қазақтың үміті мен сенімі бар. Барлығы шынайы. Бұл ән – қазақтың қорғанышы, жол нұсқаушысы секілді.
Әннің түпкі мән-мағынасында елдің азаттығы, еркіндігі, арман-мұраты жатыр. Демек, Шәмші мен Жұмекенді қазақ халқынан бөліп қарай алмаймыз. Олардың көркем туындылары қазақпен бірге ғұмыр кешіп келеді.
Осылайша «Менің Қазақстаным» 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде Мемлекеттік гимн болып бекітілді. Осы патриоттық әннің Әнұран ретінде қабылданғанына биыл 20 жыл толып отыр.
Рәмізтанушы Ербол Шаймерденұлының сөзімен айтсақ, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны – елдің ресми музыкалық-поэтикалық эмблемасы, әдеби-сазды төлқұжаты. Ол халық жүрегінің лүпілін тұмар ғып түйген музыкалық сәлемхат іспеттес». Расында «Менің Қазақстаным» халық жүрегінен орын алып, әлдеқашан Әнұранға айналған еді…
Жұмекен ақынның зайыбы Нәсіп Мұстахова өз естеліктерінде ақынның осы әннің мәтінін екі-ақ сағатта жазғанын айтады. Өлеңнің тез жазылуы және сапалы болуы оның қанша уақытта жазылғанына байланысты емес. Өлеңнің сапасына ақынның оны жазғанға дейінгі дайындығы әсер етеді. Қаламгер өлеңді жазарда ой үстінде жүреді. Қоғамдық-саяси оқиғалар оған әсер етпей қоймайды.
Жұмекен мен Шәмші екпінді әнмен ел-жұрттың санасын сілкіндірді. «Ән мәтінінде «партияға» қатысты ештеңе жоқ» деп кезінде сынағандар да болған. Сөзі өзгертілген. Сөйлемдер құбылса да, тұтас туындының бойындағы қайсарлық, терең дүниетаным, елжандылық өшкен жоқ. Себебі Шәмші де, Жұмекен де – қазақ халқының бірегей ұлдары. Екеуі де – ұлттық таным-түсінікті бойына сіңірген өнердің өз адамы. Бірі – ән өнерінің, бірі – сөз өнерінің алыбы.
Анығында оларды тың игеру жылдарындағы ел ішіндегі жағдай, сол кездегі ахуал алаңдатты. Сол бір алаң кеудеден ән боп ұшты, қағазға өлең боп түсті. Бұл әнді алғаш болып Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарова орындады. Қазақ радиосы арқылы тараған ән күллі қазақ даласын тербеп, халықтың жүрегіне ұялады.
«Кейін ән дайын болғанда Жамал (Омарова) апамызға барып көрсеттік. Жамал апайымыз бірден ұнатып, қағып алды да, радиоға барып орындады. Радиодағы жігіттерге күніне осы әнді бір-екі рет беріп қойыңдар деп айтып қойдық. Сонымен күніне радиодан бір-екі рет «Менің Қазақстаным» әнін беріп отырды. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын Әнұран қажеттігін сездім. «Менің Қазақстаным» солай туды» дейді әйгілі композитор.
Иә, Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің жастық шағы өткен заман расында қиын-тұғын. Сол заманда адамдар ішкі ойларын емін-еркін ақтара алмайтын. Жан-жақты бақылау да, шектеу де көп болатын. Расында қазақтың жері талан-таражға түскелі тұрды. Құнарлы жерге көз алартқандар ағыла бастады. Ел басына төнген қауіпті өнер иелері бірден аңғарды, бірден сезді.
«Маған жақын нәрсе – халқымның жүрегі, менің әндерімнің болашағы – халқымның тағдырына байланысты. Халқым барда менің әндерім бар» дейді ұлттық композитор Шәмші Қалдаяқов. Бұл рас сөз. Қазақстан Халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевше сөз сабақтар болсақ, «оның әндері мәңгі айтылады…».
Ал Жұмекен – тектілердің ұрпағы, ұлттық ақын. «Бұл кісі қазақ деген халықтың моральдық портретін жасады» дейді көрнекті қаламгер Есенғали Раушанов.
Ербол Шаймерденұлы «Елтаным» атты кітабында Мемлекеттік Әнұран хақында тереңнен ой толғаған. Ол қазақ халқының бағзыдан саз бен сөзді айрықша бағалап, өнер адамдарын әуелден құрмет тұтатынын айтқан. Оған қоса ата-бабамыздың өнер иелерін қасиетті тұлға санап, көркем туындыларға ерекше құбылыс ретінде қарағанын жеткізген.
«Әнұран қашанда дәуір рухынан туады. Халықтың тағдырымен байланысты ойларды кәделеп, халықтың жүрегін билеген ортақ сезімдерге негізделеді» дейді Ербол Шаймерденұлы.
Қаламгер Марат Азбанбаевтың «Менің Қазақстаным – Жұмекен» атты кітабында ақынның шығармашылығына, өмір жолына қатысты біраз дерек жазылған. Әнұран туралы да ойлар айтылған. Оған қоса Жұмекеннің Мәди Бәпиұлының «Қаракесек» әнін жақсы көргенін айта келе, Ахмет Жұбановтың Мәдидің осы бір әнін музыкалық тұрғыдан қазақ халқының гимні деп бағалағанын жеткізген. Поэтикалық тұрғыда Мәдидің әнін жеке тұлғаның жан әлемі ретінде қарастыруға болады. Ал Әнұранда тұтас мемлекеттің арман-мұраты, ұлттық ерекшеліктері суреттелуі керек.
«Тереңдіктің не екенін түсінетін
Жұмекен өлеңнің алғашқы жолдарының өзін бірден тереңнен, тарих қойнауынан тартты. Өлең нұрын сонау ғұн, сақ, түркі биігінен таратты. Өлең тұнып тұрған тарихи сана, таным, тағылым» дейді Марат Азбанбаев.
Шәмшінің әр әнінде, Жұмекеннің әр өлеңінде ұлттың жүрегі, ұлттың жаны бар. Г.Потанин: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» депті. Сол бүкіл қазақ даласы «Менің Қазақстанымды» шырқап тұрған сыңайлы.
Мәрлен ҒИЛЫМХАН



